Басты ақпаратҚоғам

«Нағыз желтоқсандықтар» жайы қалай?



Биыл Желтоқсан көтерілісіне – 36, Тәуелсіздігімізге 31 жыл толады. «Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағаланып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өтті. Осыған орай елордалық Желтоқсан қайраткерлерінің басын қосқан «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының президенті Құрманғазы ­Рахметовпен тарихи күн қарсаңында хабарласып, хәл сұрасқан едік.

2006 жылы Астана қаласында құрылған қоғамдық қор мүшелерінің саны бүгінде 60-тан асқан. Олар қоғамның әр саласында өз мамандықтары бойынша қызметтерін істеп, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беру жұмыстарына атсалысып келеді. Қор құрылтайшылары –Желтоқсан көтерілісі кезінде ұсталып, түрмеге тоғытылған Құрманғазы Рахметов, Гүлден Мұстафина, Тоқтар Ермеков және Асқар Сағынаев, олардың бәрі де – қазір елорда тұрғындары. Сұхбат беруге газет редакциясына өзі келген ұйым басшысы қор құрамындағы желтоқсандықтардың әлі де шешілмей жатқан мәселелерін алға тартты.

– Тәуелсіздігіміздің қарлығаштары атанған – Желтоқсан қайраткерлерінің елордадағы ұйымы «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорындағы желтоқсандықтардың қандай мәселелері әлі күнге шешімін таппай келеді?

– Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт-азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп-дамиды, жеміс береді. Осы ұлт-азаттық көтеріліс­терінен нәр алған өрімдей ұл-қыздарымыз 1986 жылы Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Сол кезде көбі үстем елдің табанында тапталған қаракөз қарындастарын қорғаймын деп нақақ жала арқалап, жазықсыз жазаланды. Сондай ерлікті, ұлтымыздың биік ар-намысын көрсетіп, өздері зардап шеккен бүгінгі Желтоқсан қайраткерлерінің көзі тірі кезінде аты аталып, түрі түстеліп, мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалану құқығына ие болғаны ұлттығымызды ұлықтаудағы игі іс болар еді. Алайда Желтоқсан-86 көтерілісіне қатысты сотталып ақталған 99 азаматтың 34-інің әлі күнге дейін ҚР Өкімінде (№591-р, 23.12. 1993ж.) көрсетілген пәтер мәселесі шешімін тапқан жоқ. Жеке емханаларда жыл сайынғы дәрігерлік немесе арнайы көмек көрсетілмейді. Мамандығы бойынша жұмыспен қамту мәселесі де ескерілмей келеді.

Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт-азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп-дамиды, жеміс береді. Осы ұлт-азаттық көтерілістерінен нәр алған өрімдей ұл-қыздарымыз 1986 жылы Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Сол кезде көбі үстем елдің табанында тапталған қаракөз қарындастарын қорғаймын деп нақақ жала арқалап, жазықсыз жазаланды

Бір қуанарлығы, бұған дейін «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңда көрсетілген жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалану құқына қатысты Астана қаласы мәслихатының шешімі шыққан еді. Алайда бұрынғы әкім А.Көлгінов құптаған кешенді құрылыс пен кезінде Целиноград қаласында сотталған, жындыханаға тоғытылып, кейіннен толықтай ақталған азаматтар – Амангелді Нүкенов пен Асқар Сағынаевқа қатысты пәтер мәселесі шешімін таппай, тағы да аяқсыз қалып отыр. Осы көзі тірі азаматтарымыздың жағдайын әлі де жасай алмай келеміз.

– Желтоқсандықтар басқа қандай әлеуметтік жеңілдіктерден қағылып отыр?

– «Саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына, мүгедек болып қалған және зейнеткерлік жастағыларға, саяси қуғын-сүргіндер салдарынан зардап шеккен адамдарға тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызмет көрсету, яғни орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, қоқыс шығару, лифті мен телефон пайдалану, қалалық жолаушылар көлігінің барлық түрімен жүруге және теміржолда, су, әуе, қалааралық көлікте жылына бір рет жүруге жұмсалатын шығындарды төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді» деп көрсетілген жеңілдіктер ұмыт қалып отыр. Осы орайда, желтоқсаншылар ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен басқа да құзырлы органдарға жазған хаттары жетпей, Президент әкімшілігінен аспай қалып отыр деп санайды. Сонымен қатар ҚР Президентінің тапсырмасымен құрылған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңға қатысты құрылған комиссия құрамына біздің қандай себептермен кірмей қалғанымыз да түсініксіз.

– Әдетте елде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі ретінде атап өтіледі, ал 17 желтоқсан – осы көтеріліске қатысқандар үшін ерекше күн…

– Иә, шын мәніндегі тәуелсіздігіміздің бесігі болған, алаңда жастарымыздың азаттық үшін алғаш қаны төгілген күн – 17 желтоқсан. 1991 жылы 12 желтоқсанда «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы ҚР Президентінің №540 Жарлығы шықты. Сол Жарлықта 17 желтоқсан – Қазақстанда Демократияның жаңару күні болып бекітілген. Сол күнді біз жыл сайын еске алып, атап өтіп тұратынбыз. Осы «қызыл» күнді кезінде алып тастағаны желтоқсандықтардың жанына батып отыр. Мұның сырын әлі ешкім ашып айтпады. Бұл мәселені біз қайта қарауын сұраймыз. Сол бағытта жұмыс жүргізіп, құзіретті органдарға үндеулер жазып жатырмыз.

– Айтылған мәселелердің шешімі табылмауы неден?

– Сол сұрақ бізді де толғандырады. 1986 жылдардағы өрімдей жастарымыздың алды бүгінгі күні зейнетке шықса, соңы елудің бел ортасына келді. Шыдам жаман қасиет емес. Бiрақ, шамадан тыс шыдамдылықтың пайдасынан зияны көп. Кейде тым ұзақ шыдам торығуға, енжарлыққа ұшыратуы мүмкiн. Ұзақ шыдай беруге өмiр өлшеулi. Бүгінгі күні, кезінде ҚР Жоғарғы Кеңесінен қалған қаулы қазіргі қос палаталы Парламентіміздің құлағына жетіп, арнайы құрылған комиссия құрамына желтоқсан азаматтары еніп, өздеріне байланысты түйіні шешілмей келген сұрақтарды Заң аясында түбегейлі шешіп тастаудың жөні келіп-ақ тұр.

– «Нағыз Желтоқсан» қоры тағы қандай бағыттарда жұмыстар жүргізуде?

– Әрине, ең алдымен, Желтоқсан көтерілісіне қатысты істі болған, қатысқан, алаң көрген азаматтардың қоғамдық, әлеуметтік, ақталуға байланысты мәселелерін шешуге атсалысамыз. Одан бөлек, еліміздегі тіл мәселесі, әлеуметтік әділеттілік деген сияқты қор жарғысында көрсетілген тағы да басқа жұмыстармен айналысамыз. Өзімнің мамандығым – заңгер. Қор құрамындағылар үшін бұл қоғамдық істен де жоғары, өмірлік маңызды дүние.

– Өзіңіз бұл көтері­ліске қалай қатыстыңыз?

– 1986 жылы Алматыда Қаз МУ-дің физика факультетіне оқуға түскенмін. Сол кезде 1 курс комсомол жетекшісі болдым. Алаңға өзіммен бірге 5 топтағы 75 адамды алып барғанмын. 16 желтоқсанда болған пленумды естідік, іштей қарсылық пайда болды. Ести салысымен келесі күні алаңға бардық. Екі күннен кейін 19 желтоқсанда алаңға жетпей, бізді тоқтатты. Артыма қарасам, бір автобус милиционерлер келіп, бәрін ұрып-соғып жатыр екен. Бәрін тиеп әкетті. Тергеу ісі басталып, басында куәгер ретінде басталған әңгіме, бір-екі күннен кейін өзгеріп, 22 желтоқсанда түрмеге жауып тынды. 1987 жылы 7-8 қаңтарда Қазақ КСР жоғарғы соты мені 7 жылға бас бостандығымнан айырды. Сөйтіп Қазақстанда осы оқиғамен байланысты ең алғаш сотталдым. Бірнеше түрмеге ауыстырды. 2 жыл 2 ай отырып, 1989 жылы Қарағандыдағы Карлаг түрмесінен бостандыққа шықтым. 1990 жылдары толық ақталдым.

– Босап шыққаннан кейінгі күрес қалай жалғасын тапты? 

– Желтоқсанға қатысты қаншама комиссиялар құрылды. Бұл көтеріліс туралы алғаш өзінің бүкпесіз ойларын айтып, халыққа танытқан – Жазушылар одағы. Комиссиясын басқарған Тұрсын Жұртбай ағаларымыз осы мәселені ең бірінші болып көтерді. Демократиялық мемлекеттердің үн қосып, араласуының арқасында елдің көзқарасы өзгере бастады. Өйткені алғашқы 2-3 жылда халыққа желтоқсандықтар «халық жауы», «ұлт сатқындары» ретінде көрсетілді. Біз де сол 1989 жылы босап шыққан бойда Алматыдағы 28-Панфиловшылар ескерткіші жанында 20 шақты желтоқсандық азамат алғаш бас қосып, ақылдаса келе ұйым құратын болып шештік. Сөйтіп, әлі де болса ақталмай, түрмеде жатқан азаматтарымызды шығаруға байланысты жұмыстарымызды бастап кеттік. Оқудан шығып қалғандары қайтадан оқу орындарына, қызметтен кеткендері жұмысына орналаса бастады. Тәуелсіздік таңы атпаған кез еді. Билікте отырған азаматтарға ұсыныстар айтып, бұл істе батыл қозғала бастадық. Міне, содан бері қанша жыл өтті. Сол күреспен әлі келе жатырмыз, күресті тоқтатқан жоқпыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button