Басты ақпаратЖаңалықтар

Наурыз көженің қасиеті мол



«Ұлыс күні қазан толса, сол жылы молшылық болады» деп ырымдаған халқымыз бұл мейрамда дастарқанын ақ дәмге толтырып, қазан толы наурыз көже пісірген. Осындай ақсақалды қария, ақ жаулықты аналарымыздың бірі – еңбек ардагерлері Бостан мен Күләш Шахмановтар. Мереке қарсаңында осы бір үлкен әулетке барып, дастарқанынан дәм татып, Наурыз мейрамының арғы-бергі тарихы туралы мағыналы әңгіме тыңдап қайтқан едік.

ERM_3789

Тұран даңғылында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатына көтерілдік. Бізге қажетті пәтердің есігі ашық тұр екен. Қонағына есігі әрдайым ашық тұратын кеңпейілді қазақ шаңырағының салты бұл. Табалдырықтан аттай бергеніміз сол, Бостан ата мен Күләш әже бізді құшақ жая қарсы алды. «Айналайындар, қош келдіңдер! Төрге озыңдар!» деп жік-жапар болып жатыр.

Қос қарияның отасқандарына биыл – 58 жыл. Елуге тарта ғылыми жұмыс пен 12 кітаптың авторы, ғылым кандидаты, доцент, тыл ардагері Бостан Сәбитұлы сексеннің сеңгірінен асты. Ал 27 жыл бойы балдырғандардың тәрбиесімен айналысқан Күләш Қылышқызы сексен жасқа иек артқан. Екеуі де – Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тумасы. Астанаға көшіп келгелі тура 50 жыл болыпты. Олардан өрбіген Гүлден, Нұрлан, Нұрзия, Нұргүл атты балаларының әрқайсысы бүгінде өз алдына үлкен шаңырақ болып отыр. Қазіргі күні Бос-тан мен Күләш Шахмановтар – 9 немере мен 9 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Қасиетті Қараөткелдің арғы-бергі тарихын терең білетін қариялар әңгімені Ақмола өңіріне Наурыз мерекесінің қашан келгендігінен бастады.
– Е, қарақтарым, біздің қазақ халқының басынан талай тар замандар өтті ғой, – деді Бостан ақсақал. – Тіпті, мен ес білгелі тойлап келе жатқан Наурызды да бізге көп көріп, 1926 жылы ұлық мерекемізді тойлауға тыйым салды. Бірақ ұлттық дәстүрді ұлықтаған қайсыбір отбасылар жасырын тойлап жүрді. Әсіресе, қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірде наурыз ұмытылған жоқ.

Бостан қария Ұлыстың ұлы күнін ресми тойлау жөніндегі шешім шыққан кездегі ел өшкені жанып, өлгені тірілгендей айрықша қуанғанын айтады.

– Наурызды мерекелеу туралы ресми шешім шыққаннан кейін келесі жылдың 21-22 наурызында сол кездегі Ақмола қаласында нағыз ұлы мереке болды. Қазіргі қалалық әкімдік отырған алаңға жиналдық бәріміз. Киіз үй тігілген. Жұртшылық шат-шадыман. Бәрінің жүзінде еліне деген мақтаныш сезімі бар. Араға алпыс жылдан астам уақыт салып, қайта оралған Наурыз халқымызға құт болып дарып, көп ұзамай қазақ елі көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізді, – деді ол.

Осы жерде отағасының сөзін бөлмей, үнсіз тыңдап отырған Күләш әже әңгімеге араласты:

– Атасы-ау, есіңізде ме, көрші-қолаңдарды жағалай наурыз көжеге шақырып, мәре-сәре болушы едік қой. Бұл дегеніңіз – татулығымыз жарасып, бірлігіміз мығым болсын, көже секiлдi мидай араласып, ырысымыз басымыздан кетпесін деген сөз. Еліміз үшін наурыз күллі халықты біріктіретін мейрам болуы керек. Бұл тек мұсылмандардың не болмаса, қазақтардың ғана мейрамы емес, барша қазақстандықтардың сағына күтетін, бәріміздің басымызды біріктіретін бірлік мейрамына айналуы қажет.

Әңгіме біртіндеп ұлыс күнінің басты нышаны наурыз көжеге қарай ойысты. Халқымыздың әдет-ғұрпын бойына сіңірген, бар көрген-түйгендерін кейінгі жастарға үйретуден жалықпайтын Күләш әже ұлттық тағамдарды шебер жасайды. Оның жасаған жұқа наны мен бауырсағының дәмі тіл үйіреді. Ол кісінің қолынан шыққан нау-рыз көжесі де ерекше. «Наурыз көженің қасиеті мол. Ол жеті түрлі дәннен жасалады. Жеті – қазақ халқы үшін киелі сан. Көжеге арпа, жүгері, бидай секілді жеті түрлі дән қосылады. Дән дегеніміз – астық, оның қасиетін айтпасақ та түсінікті. Бұл «үйден дән арылмасын, тоқшылық, молшылық болсын» деген ізгі ниеттен туған. Ал тұз бен су – қосымша заттар, олар жеті түрлі дәннің қатарына кірмейді. Бірақ «тек мына дәм салынуы керек» деген шектеу жоқ. Әркім қолында барын қолданып, көже жасайды. Ең бастысы, ниет-пиғылымыз түзу болу керек» дейді ақ жаулықты әже.

Күләш Қылышқызының айтуынша, нау-рыз көжені ыдысқа толтырып құяды. Бұл «несібеміз ортаймасын» деген мағынаны береді. Ал, көжені адам тауысып ішу керек. Сонда жыл бойы ырысқа, молшылыққа кенеледі деген ырым бар.

«Жаңа күндi әрбір адам жақсылықпен, жақсы ниетпен қарсы алу керек. Ұлыстың ұлы күнінде кешірімшіл болып, сауапты істерді молынан жасау керек. Жүрегі таза, мейірімі мол адамның жолы да әрдайым ашық болады. Сондықтан айналайындар, жүректерің таза болсын, әрдайым алдарыңнан ақ күн тусын! Еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз мығым, наурыздан наурызға аман-есен жете берейік!» дейді бекзат болмысты Болат пен Күләш Шахмановтар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button