Білім

Нобель лауреаттарымен жүздесті



26-28 қазан күні Астана қаласында «Nobel Fest» фестивалі өтті. Қалада бесінше мәрте өткізіліп жатқан фестивальде Нобель сыйлығының лауреаттары жастармен кездесті.

Кездесуге арнайы конкурстық іріктеуден өткен Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжанның 14 өкілі жиналды.

Оған 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, SAP Future Hub бас футурологы және басшысы Мартин Везовски, 2021 жылғы жаһандық мұғалім сыйлығының иегері Кейша Торп, U.S. Elite International негізін қалаушы және бас директоры Трейша Торп, сондай-ақ Comtech Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бас үйлестірушісі доктор Икбал Чоудхари және басқалары қатысты.

Конкурстық іріктеу жеңімпаздарының бірі – Еуразия ұлттық университетінің үшінші курс студенті Жұлдыз Досболаева. Ол – болашақ мұғалім және аудармашы. Мақсаты – ұстаз болу.

«Мен Nobel Fest фестивалі аясында байқау жеңімпаздарының бірі болғаныма өте қуаныштымын. Мұндай іс-шара келешекте адамның алға қарай дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өз басым бейнематериал түсірдім.  Мотивациялық жұмысым «мүмкіндік» сөзінен басталады. Өмірде мүмкіндік бәріне бірдей беріле бермеуі мүмкін. Бейнематериалда «Мен неге Нобель сыйлығының лауреаттарымен таңғы асқа барғым келеді?» деген бас­ты сұраққа жүз пайыз жауап бердім. Осы байқауды пайдаланып, мен әйгілі тұлғалармен кездескім келді. Мысалы, осындай тұлғалардың арасында 2021 жылғы Жаһандық мұғалім сыйлығының иегері болған Кейша Торп та бар. Бәлкім, мен де болашақта сол сыйлықтың иегері болармын. Мен фестивальге үлкен тілекпен келдім, алдыма мақсат қойдым. Ұйымдастырушыларға рақмет айтқым келеді» деді жеңімпаз.

«Nobel Fest» фестивалінің миссия­сы – ғаламдық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышында қолжетімді ету. Фестивальге жыл сайын 14-тен астам Нобель сыйлығының лауреаттары, 14 «серпіліс» сыйлығының (ғылыми Оскар) иегерлері, әлемдік новаторлар, 155 елден 500 университет қатысады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button