Басты ақпарат

«НҰР ӘЛЕМ» ЕЛОРДАНЫҢ ЖАҢА СИМВОЛЫ



Төрткүл дүние Астана төрінде тоғысты.Әлем назары Астанаға ауды.Халықаралық айтулы шара Қазақстанның төрінде туын желбіретті.Күллі әлем қазақтың қоңыр домбырасының күмбіріне елітті.Абыройымыз Алатаудай асқақтады.Алаш Астанасының асығы алшысынан түсті.Күллі әлемді таң қылған ЭКСПО көрмесі жаһанның жанарын өзіне байлады. Осылайша, қазақты әмбеге танытудың бірегей жолы басталады.

Тарихтан там-тұмдасақ, алғаш рет Қазақстан делегациясы 1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО – 67» дүниежүзілік көрмесіне қатысты. Содан бері жарты ғасырды еңсеріп, экономикасы өскен, іргесі берік, тегеуріні мықты елдің өз төріне айтулы көрмені шығаруы – үлкен жетістік.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізіп, Астанамыз осындай мәртебеге ие болған әлемдегі 35 қаланың қатарынан табылды.

Сонымен жасыл энергетика «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жаңа заманның есігін қалай ашты? Жаңа дәуір жаршысына қалай айналды? Астана күні қарсаңында ЭКСПО қалашығына арнайы табан тіреп, осы сауалдарды алдымызға көлденең тартып көрген едік…

Көрмеге кіріп келгенде алдымен көзіңізді «Нұр әлем» сферасына саласыз. Бұл – Елорданың жаңа символы, бірегей ғимарат. Бұл – Қазақстанның ұлттық павильоны. Көрменің архитектуралық символына айналған орталық нысан алып шар тәрізді. Оның диаметрі 80 метр болса, биіктігі – 100 метр. Сфераның төменгі табанындағы 5 мың шаршы метр аумақта Ұлттық павильон бар. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды.

Жеті қабаттан тұратын нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Осылардың бәрін аралап, көзіңді де, көңіліңді де тойдырып, ең төбесіне шыққанда 8-қабаттағы болашақ Астанаға табан тірейсіз. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген.

Ғимараттың ең үстіндегі шолу алаңына көтерілгенде ЭКСПО ауданында болып жатқан әдемі көріністерді тамашалай аласыз. Барлық қабатында да тақырыпқа сай түрлі жобаларды, Елбасының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамаларын көріп, танысуға мүмкіндік бар.

Көрме көрігін қыздыру үшін Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен, алып қоңсымыз – Қытайдан, бауырлас түркі елдерінен келетін миллиондаған жұртшылық қазақ елінің бүгінгі жетістіктерін өз көздерімен көріп, естіп-біледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «ЭКСПО» көрмесі – жаһандық ауқымдағы оқиға. Оны маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызды.

Сондай-ақ, «ЭКСПО» көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл» экономиканы дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» деген еді.

Жуырда ғана әлемге танымал басылым «The New York Times» 2017 жылы баруға болатын елдер тізіміне Астана қаласын қосыпты. Басылым саяхаттанушыларға мешін жылы назар аударуға кеңес берген 52 бағытты анықтаған.

Соның ішінде елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі рейтингте 26 орында тұр. Онда көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы» екені айтылып, соңғы жылдары ашылған таңғажайып мейманханалардың көптігін материалға арқау етіпті.

Десе дегендей, келіп, көріп, Астананың әсемдігіне сүйсініп жатқан көрермендерінің қатары күн сайын артып отыр. Оны тамашалауға 20 күнде жарты миллионнан астам адам келді. Астанаға жұрт ағылып жатыр, ағылып жатыр… Көрме аяқталғанша келушілердің қатары 4-5 миллионға жетуі мүмкін деген жоспар бар.

Бұл – біздің әлем алдындағы мол табысымыз!

Гүлжан  РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button