Мәдениет

«Өмір – көш, өмір – керуен, өмір – сапар»



Біз Ерболмен 1971 жылдың жазында дидарластық. Ол кезде Отанымыздың барлық өңірінде мектеп бітірген жас талап білім нәрін аламыз, маман боламыз деп Алматыға ағылатын. Біз де сондай жолдан өтіп, жадыраған жазда бұрынғы астанаға жетіп, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түстік. Содан бері де жалт етіп жарты ғасырдан аса уақыт өте шықты.

Ербол Шаймерденұлы артына мол мұра қалдырған бі­регей азамат еді. Ол табиғатынан талантты, білім-білігі мықты, көз­қарасы кең, өзіндік бай­ламы берік, екі тілге жетік, жігерлі болатын.

Ербол жаратылысы­нан ақын еді. Соны ерте аңғарған қазақтың, қазіргіше айтсақ, жыр жұлдыз­дары Мұзафар Әлімбаев: «Поэзия төрінде толастамай, Жая бер тың шабытпен құлашты кең» десе, Тұманбай Молдағалиев сан салада қызмет етіп жүрген інісінің талантына тәнті екенін, бірақ «Ақындықтың әулие құсы Ерболдың отауының ішінде ұшып жүр… Тек сол құс­ты мәпелеуге, еркелетуге Ербол інімнің қолы тиер ме екен? Мәселе осында» депті. Дегенмен қоғамдық жұмыстың қатпарында, саяси істің төңірегінде жүрсе де: адалдықты, адамгершілікті, ұлтына деген махаббатты қара сөзбен де, сыршыл өлең жолдарымен де, поэмаларымен де өрнектеп өтті. Өлеңдерінде өмір ағысын толғады. Әкеден ерте көз жазып, анасын паналаған тұстағы бұралаң сәттерді:

«Талай рет шарасыздық жылатты,

Кейде сенім бәйтерегін құлатты.

Жетімдіктің шоғы қарып жүректі,

Темір арқан шідерледі құр атты» деп суреттейді. Бірақ жасымайды:

«Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Мұнарсыз күнге құмармын.

Бұқтыра берген биікке,

Жарқ етіп бір күн шығармын» деп еді, сөзіне берік, ісіне мығым асыл затты азамат қысқа ғұмырында қаршығадай қалықтап өз биігіне шықты.

Ербол Шаймерденұлының есімімен қатар аталатын екі тұңғыш сөзі және бар. Оның біріншісі – Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы, екіншісі – Қазақ елінің тұңғыш рәмізтану­шысы

Ерболдың артында қалған мұрасын жинақтау ісінде өлшеусіз еңбек еткен азамат – қазақ журналистерінің айтулысы, қайсар қазақ, «дос досқа жанашыр болу керек» деп адал айбынымен басымызды біріктіріп жүретін марқұм Ержұман Смайыл болғанын үлгі етіп айта аламыз. Жылына жеткізбей «Жүрегімен от тасыған» деген естелік кітап құрастырып шығарды. Одан кейін алты томнан тұратын дүниесін қаттап, жұртына ұсынды. Мұндай досқа деген шынайы жанкештілік ендігілердің қолынан келеді деу екіталай шығар.

Аталмыш томдарды парақтағанда төрткүл дүние көз алдыңнан өткендей болады. Әлемдік ақыл-ой иелерінің өмір оқулығындай даналық байламдарын құмнан алтын іздегендей таңдап алып, қазақ тіліне мінсіз аударып, жария­лауы ұлт руханиятына қосылған қазына болды десек, артық айтқандық емес.

Алдымен әлемдік ақыл-ой иелерінің інжу-маржанын қазақ тіліне әрін сақтап, мәнімен қотарған Шаймерденұлы мұндай алтын-жауһар өзіміздің дара даналарымызда да, би-шешендерімізде де, жақсы мен жайсаңдарымызда да бар емес пе деп, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрсе де, арасында көз майын ­тауысқан жанкешті еңбегін, яғни Анақарыстан (б.з.д.V ғ.-VІІ ғ.) Сағат Әшімбаевқа дейінгі 25 ғасыр сөзін алдымен бір жүйеге түсірді. Ұлт руханиятына қосыл­ған мол мұраны «Қазақ афоризмдері (ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін)» деген атпен тұңғыш рет «Ой мен сөз! Сөз бен ой! Адамды адам еткен қос құдірет!.. Қолыңыздағы кітап – сол сөзге айналған ойдың, оймен нұрланған сөздің салтанатын паш ететін ерекше туынды» деп, көлемді бір том етіп жариялады. Сөйтіп, әлем ойшылдарының қатарында нық тұрған қазақ даналарын да танып, біліп қана қоймай, бар екен-ау дегізіп, дә­йек сөз алуға қолымызды жеткізді. «Жүрек көзіміз» (Абай) ашылды. Алғашқы қадамы саналатын ақындығы мен журналистігін айтпағанда, профессор Серік Негимовтың сөзіне сүйенсек, Ербол Шаймерденұлы қазақтың кие­лі топырағында тұңғыш рет «…ол – философиялық афористика жанрының негіздемесін жасаушы санаткер». Осыны әр азамат есте ұстап, ұлылар сөзін қайдан алғанын көрсетіп отырса, қане.

Ербол Шаймерденұлының есімімен қатар аталатын екі тұңғыш сөзі және бар. Оның біріншісі – Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы, екіншісі – Қазақ елінің тұңғыш рәмізтанушысы. Еліміз егемендікке қол жеткізген елең-алаң шақта алғашқы баспасөз хатшысы деген қызмет белгіленді. Қыр-сыры әлі анықталмаған жұмыс Шаймерденұлына жүктелді. Ол оны білім, білігімен меңгеріп қана қоймай, елдік жұмысты ілгері жылжытып, мемлекеттің даму баспалдағын биіктетуге өзіндік үлесін қосты. Ол кездегі баспасөз хатшысының жауапкершілігі өте зор еді. Бұл күндері кез келген мекемеде баспасөз хатшысы деген қызмет жетіп артылады.

«Әлемді нышандар мен рәміздер билейді» деп Конфуций айтқандай, жас мемлекеттің туын, елтаңбасын, әнұранын бекітіп алу ісі оңай бола қойған жоқ. Соның басы-қасында алдыңғы толқынға арқа сүйеген, тарихи кезең куәгерлерінің бірі Ерболдың да болғаны анық. Заңғар қазақ Әбіш Кекілбайұлының Ерболмен: «Тағдыр бізді жақсы істің үстінде жолықтырды» деп ақиқатты бүкпесіз алға тартуы содан болар.

Ұлтымыздың бірегей белгілерін ой әлемінде қорытып, сөз әлемінде жүйелі тиянақтап, нақты жұмысқа кірісу үшін 1992 жылы Мемлекеттік рәміздерді жасау жөніндегі комиссия құрылғаны мәлім. Оның хатшылығына ­Е.Шаймерденұлы бекітілді. Қилы қайшыласулар, қызылкеңірдек талас-тартыстар оның көз алдынан өтіп жатты. Ақыры үш нышанымыз бой тіктеді. Төрткүл дүниеге киелі нышандарымыз жетіп жатты.

Еңбекқор Ерекең жан-жақты ізденіп, 1993 жылдың басында «Қазақ елінің рәміздері» деп аталатын туымыз түстес шағын кітапты 50 мың таралыммен жарыққа шығарды. Бұл елтанудағы тұңғыш зерделі еңбек еді. Оны тұңғыш рәмізтанушы деуіміз де сондықтан. Қазақ елінің ғасырдан-ғасырға жалғасқан тағылымы, өзіндік қолтаңбасы, көне жазулардағы белгілер, бабалар рәміздері, әлем елдерінің жақсылары сараланды. Зерделі зерттеулер жалғаса берді. Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» деген іргелі кітап жарық көрді. Бұл еңбек тың құндылықтармен толығып, әлденеше рет басылды. Әлемнің көптеген тіліне аударылды. «Елтану әліппесіне» айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рәміздеріміздің беделін арттыру жөнінде аталы сөз айтып келеді. Елдік нышандарымызды жас ұрпақтың санасына мектеп партасынан сіңіру үшін «Елтану әліппесін» оқу бағдарламасына енгізсе еш артықтығы жоқ деп білеміз.

Ұлтқа қызмет етудің әдемі үлгісін Ербол Шаймерденұлы «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, Тілдерді дамыту департаментінің директоры, Қазақ ақпарат агенттігі директорының орынбасары, Қазақ радиосының атқарушы директоры кезінде де жан-жақты көрсетті. Азат елдің күмілжуі көп, көкжиегі көмескі тіл сая­саты тезге түсіп тұрған тұста ол оның шаруасын қалай оңалтамыз, шарасын қайтсек кеңейтеміз, аяққа қадалған шөңгені жұлып тастап, жолды ашу жайын тереңнен ойластырып, мұндай ұлттық жұмысқа жұрт кісілерін жұмылдырып бақты. Алқалы жиындар өткізіп, екі жақтың ой байламдарын бүкпесіз айтқызып, соңында өзі сауаттылықпен тү­йін жасап отырды.

Ерболдың сан қырын, бір сырын бір мақаланың аясында қамту өте қиын. Оның көсемсөздері, аудармалары, зерттеулері, мақалалары, әнге жазған өлеңдері бір-бір әлем десе боларлық. Ұлтының ұлы қатарымызда жүрсе қанаттасып жетпіс жылдығын атайтын Ербол дос­тың мына жалған дүниеден аттанғанына да он екі жылға таяды. Енді оның мерейтойы өзінсіз өтеді десек те, өзіндей болған көзі – ұрпағы, асыл жары бар, екінші өмірінің алтын арқауы – оймен өрнектеп, сөзбен түйген ұшан-теңіз мұрасы бар.

«Өмір – көш, өмір – керуен, өмір – сапар» деп еді Ерекем. Бұрмасы жоқ ақиқат екен, ақиқаттан кім аттап кете алады?!

Сүлеймен МӘМЕТ,

жазушы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button