Мәдениет

Өмірі өнермен өрнектелген



Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ұлағатты ұстаз Оспан Сүлейменұлының 75 жас мерейтойы­на арналған «Ғажайып Қазақстан – 2050» журналының тұсаукесері өтті.

 Аталған басылымда мерей­той иесінің өмір мен өнер жолы жан-жақты жазылған. Ақмола өңірінің тумасы Оспан Сүлейменұлы 1959 жылы 11 жасында облыстық көркем­өнерпаздар байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Сол уақытта бала күйші атанады. Одан кейін де бірнеше мәрте республикалық, бүкілодақтық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері болды. Жалпы әлемнің 50 мемлекетінің сахнасында өнер көрсетті.

Ұстаздық жолын осыдан 57 жыл бұрын өзінің туған ауылындағы Қосқопа сегіз жылдық мектебінен бастаған Оспан Сүлейменұлы жетпісінші жылдары Қорғалжын аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болғанда жергілікті өнерпаздар бірнеше елде өнер көрсетті. Жалпы қырық жылдай Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Ақмола қаласы мәдениетінің өрлеуіне үлес қосты.

1990-1991 жылдары Целиноград қаласында тұңғыш қазақ ұлттық балалар музыка мектебінің ашылуына мұрындық болып, соның алғашқы директоры болды. 1996 жылдан Ақмола облыстық Білім басқармасы, облыстық білім жетілдіру институтында, қалалық білім басқармасында маман-әдіскер.  «Музыка – шексіз әлем» қауымдастығын құрды.

Астана туралы жазылған алғашқы ән авторларының бірі де – Оспан Сүлейменұлы. «Ақмолам – Астанам» аталатын бұл туынды 1997 жылы жазылды.

Мерейтой иесіне арналған тұсаукесерде замандастары, достары, тілектестері, шәкірттері естеліктері мен тілектерін айтты. Ән-күйден шашу шашты. Оспан Сүлейменұлы  «Ғажайып Қазақстан-2050» журналының басшылығына және ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button