Мәселе

Өміріңді қима, өндір жас!



Қоғамдағы ең күйіп тұрған мәселенің бірі – суицид – адамның өзіне-өзі қол жұмсауының азаймай отырғандығы. Әсіресе, суицидтің балаларға қарай ауыз салуы ең қорқынышты көрініс, соның ішінде мектеп жасындағы балалардың бұған шарпылуы «жалғыздық» деген рухани дерттің бірден-бір емі «өлу» деп шешетін сана ауытқуы деп қорытындылаған. 

Суицид салған әлек

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстан – өз-өзіне қол жұмсау статистикасы бойынша әлемде үшінші орында, ал Орта Азия бойынша көш басында келе жатыр. Жасөспірімдерді көп жағдайда өлімге итермелейтін себептер достық қарым-қатынастың үзілуі, махаббат, сынақтардағы сәтсіздіктер, ата-анасымен ұрысып қалу, яғни отбасындағы дау-жанжал екен.

Астана қаласы Полиция департаментінен келген ресми деректерге қарағанда, жыл басынан бері Астана қаласында барлығы 186 суицид фактісі тіркелді, 387 адам суицид жасамақ болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға төмендеді.

Әрбір факт бойынша полиция қызметкерлері суицидке барудың себептерін, жалпы мән-жайды толық тексереді. Адамдарға психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі.

– Суицидтің алдын алуға болады, бірақ бұл өте күрделі іс және кешенді тәсілді қажет етеді. Ең алдымен, суицидтің көптеген себептері болуы мүмкін екенін түсіну керек және олардың комбинациясы әр адам үшін әртүрлі болуы мүмкін. Көбіне суицидке отбасындағы жанжал немесе қасындағы досымен жанжал себепші болады. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған жандар журналистерге сұхбат беруден тайсақтайды, бергісі келмейді, осындай әрекетке барған адамдардың туыстары ғана жауап беруге келісуі мүмкін, – дейді Астана қаласы бойынша  психолог-суицидолог маман Михаил Смецкой.

Ең ауыр күнә

Дәстүрлі дін қағидалары бойынша «адамның өзін-өзі өлтіруі – ауыр күнә» саналады. Сондықтан, жалпы мұсылман танымы бар заманда – бұдан бір-екі ғасыр бұрын суицид болмаған, болса да мүлде сирек кездескенін тарихи кітаптардан, әдеби шығармалардан-ақ байқауға болады.

«Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең.

Алла Тағала былай дейді: «…Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30). Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдай Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады» дейді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі.

Қайтсек алдын аламыз?

Қайтсек те, суицидтік көңіл-күйдің алдын алу іс-шараларына бейжай қарамауымыз қажет. Осы тақырып ғаламтор жайлаған жаhандану заманындағы ең өзекті мәселенің бірі ретінде қала береді. Қазақтың табиғатына жат болғанмен, қауіп-қатері елді шарпыған бұл індеттен қалай да құтылудың жолын іздестіруіміз қажет.

Сондай-ақ адамдардың 111, 112, 150 «Сенім» телефондарына психологиялық көмекке жүгіне алатынын еске саламыз.

Барлық мектеп пен колледжде сенім және шұғыл көмек телефоны бар. Сенім және психологиялық көмек телефондары: 111; 150; 8-800-2000-112; +7 (7172) 54-76-03 күн сайын, тәулік бойы жұмыс істейді. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сенім телефоны: (Астана қаласы бойынша) +7 (7172) 74-25-28.

Бүгінде қаланың білім беру ұйымдарында «BalaQorgau» веб-сайтының жобасы бойынша QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар бойынша педагогтар, оқушылар және ата-ана арасында түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Балалар мен олардың ата-анасы сайтқа тақтайшадан QR-кодты сканерлеп, қажетті көмек туралы хабарлап, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мамандардан консультация ала алады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасылардың өтініші тәулік бойы қабылданады және қаралады. Әрбір жағдай барлық мән-жай анықталғанға және жағдай толық шешілгенге дейін бақылауда болады.

P.S. Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін» деп, тек тамағын тауып, киім кешегін бүтіндеумен әлек болуда. Тіпті, шаңырағына бір мезгіл уақыт бөліп, перзентімен ашық-жарқын сөйлесу ұмыт қалған тәрізді. Баласының киімі көк болғанымен, көңілі күпті, жаны құлазып, ата-анасының мейіріне мұқтаж күй кешуде. Шынында, қазір перзентімен сырласуды әдетке айналдырған ата-ана некен-саяқ. Бәрі ақша табу мен бітпейтін қызықтың, той-томалақтың соңында. Балалар ішіндегі күйзелісін, қынжылысын кімге айтарын білмейді. Барлығы содан басталады. Балаға мейірленіп, қайда, кіммен уақыт өткізіп жүргенін қадағалау, жанына үңілу маңызды. Баланы қорғау – баршамыздың міндетіміз!


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button