Мәдениет

Күміс көмей Күләш

Елордалық белсенді ардагерлер қатарында абыроймен өзінің берері бар, ортада орны бар, ақ жаулықты қазақтың журналистика майданында әлі күнге дейін кәсіби мамандығын адал орындап жүрген Қазақ радиосының дикторы, қоғам қайраткері Молдахметова Күләш Кәйланқызы мерейлі 75 жасқа толып отыр.

Күләш Молдахметова 1948 жылы 10 желтоқсан Қостанай облысы Аманкелді ауданында дүниеге келіп, 1967 жылы Қызылорда қыздар педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін Байғабыл орта мектебінің бастауыш сыныптарына мұғалімдік еңбек жолын бастап, 1974 жылдан жаңадан ашылған Торғай облыстық радиосына диктор болып қызмет атқарып «Күміс көмей Күләш» атанды. Елу жыл радио дикторы болды.

Торғай облысы жабылғаннан кейін 1997 жылдан Астанада Қазақ радиосына дикторлық қызметін жалғастырды. Астананың өсіп-өркендеуін көз алдынан өткізді.

Мұнда да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бүгінде Қазақстан Республикасының «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің және Астана қаласының ардагерлер ұйымының жанындағы медиатобының мүшесі, қоғамдағы белсенді ардагерлерінің бірі Күләш Кәйланқызы мерейтойын елордада бала-шағасы мен немерелерінің құттықтауын қабылдап, әріптестерімен жаңа белесін қызықтауда.

Қазіргі таңда Қазақ радиосында жұмысын жалғас­тырып, «Шалқар» радиосынан хабар оқып, радио тыңдаушылардың ризашылығына бөленуде.

Қоғамдық атқаратын жұмыстары Астана қалалық Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханада балаларға ертегі оқушы, композитор Болат Хамзин атындағы шығармашылық үйінің көркемсөз оқу шебері, қалалық тіл басқармасының мүшесі, айта берсек, белсенділігі бір басына жететіндей қоғам қайраткері, бірқатар құрметті атақтардың иегері – Молдахметова Күләш Кәйланқызы.

Бүкіл радио тыңдармандарының ішіндегі сәбилердің сүйікті ертегі әжесі де өзіңізсіз. Сіздің күміс дауысыңызды танымайтын пенде жоқ шығар. Олар малын өріске айдап, жәймен эфирден концерт бағдарламасын күткен қойшы, егін алқабында қара терге түсіп, бір сәттегі демалысын сіздің шеберлігіңізбен  оқыған өлеңдеріңізді сүйсіне тыңдайтын диханшылар, жай жолаушының өзі сәл радиодан әсем әуенмен үндескен даусыңыздан атақты ақын-жазушылардың, атап айтсақ, ҚР Еңбек Ерлері Мұхтар Шахановтың пен Бақтықожа Ізмұхамбетовтың, Мұқағали Мақатаевтың, қазақ қыздарының ішінен шыққан Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың шығармаларын Сіздің оқуыңызбен естігенде керемет әлемге тұнатыны да бекер болмас. Дауысыңыздың сәнін келтіріп, адамның ішкі дүниесіндегі сезімді әдемі жеткізіп, тыңдаушыны еріксіз радионың алдына байлап қоя­тын қасиетіңіз дарыған ерекше жансыз. Тыңдата да білу, ол да диктордың көркемсөз оқудағы орны ерекше шеберлігі емес пе?! Сіздің бар байлығыңыз қасиетіңізбен біткен дауысыңыздың өзі осы ғой!

Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Осы жасқа келгенше тағдыр жолында кездескен қаншама тосқауылға төтеп беріп, қашанда жеңіске жете білген мұндай жетістігіңіздің де терең себебі бар деп ойлаймыз.

Күләш Кәйланқызы темірқазықтай қалпыңыздан таймай, өмірдің қызығына кенеліп жүре беріңіз!

«Қарапайым өмір сүрген жан жүз жасайды» деген даналардың сөзі бар. Осынау қарапайым ойдың астарында мейірімді, жүрегі таза, қиналған сәтте қол ұшын беруге дайын тұратын, Құдайдан қорқатын қанағатшыл да иманды адам туралы қаншама түсінік жатыр десеңізші?! Сол мейірімді жүректің иесі аса құрметті Күләш Кәйланқызы сіздің де сондай мадаққа лайық қарапайым өмір сүретін жанның бірісіз!

Астана қаласының Ардагерлер ұйымының белді Пленум мүшесі ретінде қоғамдық саяси ахуалдың дамуына да үлес қосудасыз. Елордалық тыл және еңбек ардагерлерінің мерейтойларын ескеріп, үнемі құттықтау тілек пен музыкалық ән-шашу арнап эфирден жариялап отырасыз, ол да – үлкен адами қасиетіңіздің ерекшелігі. Елге деген ерен еңбегіңіз еселене берсін!

Құрметті Күләш Кәйланқызы, өзіңізге мерейлі үш жиырма бесіңізге сәті келгенде аялап өсірген ұрпағыңызбен қуанышыңыз кеңінен жайылсын, ғұмырлы болыңыз деген тілек арнаймыз!

Ізгі ниетпен, Астана қаласының

Ардагерлер кеңесі

 Райхан РАХМЕТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button