Басты ақпаратРуханият

Өнер көрерменімен өркендейді



Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Ел мәдениетінің ордасына айналған Астанада өнер ошақтарының ішінен театрдың орны ерек. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов айтқандай, «театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Бас қаладағы теат­рлардың ішінде тамыры тереңге жайыл­ған, тәуелсіздіктің төл құрдасы Қ.­Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма теат­рының бәсі бәрінен биік. Айтулы күнге орай аталған театр актрисасы және Қазақстанның мәдениет қайраткері Бақыт ­ЖҰМАҒҰЛОВА­МЕН сұхбаттасқан едік.

– Бақыт Ботпайқызы, сіздің сахнада жүргеніңізге 30 жылдан аса уақыт болған екен. Театр – көпті ойландыратын орын. Сан ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтпай келе жатқан өнер түрі. Ал, сіз үшін театр несімен құнды?

– Бірінші кезекте, халқымыздың мәдени және рухани әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып, саланың мерейін көтеріп жүрген барша өнер қызметкелерін мерекемен құттықтаймын! Қандай да бір өнердің киесі бар. Театр – өз алдына киелі шаңырақ. Басқа өнер ошақтарына қарағанда адамдардың көптеп баратыны да – театр. Алдымен 33 жылдық тарихы бар киелі өнер сахнасына маңдай тері тамған, «өнерім менің – өмірім» деп, бар ғұмырын өнерге арнаған театр қайраткерлерін атап өткенді жөн санаймын. Әрине, осы салаға байланысты атаулы күндер, мейрам-мерекелерде есімі еленіп жатса да, осындай мүмкіндікті пайдаланып, тағы да айтуым «айтылу керек, айтыла да беру керек» деген ұғымымнан туып отыр. Заман барысымен, уақыт ағысымен зымырап, орта буын үлкен буынға айналып, жас буын да ізімізді басып келе жатқанда білмегендері біліп, білгендері тағы біліп жатса артық болмас деймін.

1991 жылы Целиноградта алғаш рет қазақ театрын ашып, қазақтың абыз актері Қалибек Қуанышбаев атамыздың атын берген, көрнекті режиссер, қоғам қайраткері Жақып Омаров ағамыз жайында қазақ театры тарихында жақсы жазылды. Сондағы «қайта құру» кезеңімен тұспа-тұс келген бұл жоспар Жақып ағадан бастап, театр негізін қалауға атсалысып келген актер, актрисаларға оңай болмаса да, бар қажырлы еңбектерінің арқасында елде аты айшықты аталатын Қаллеки театрына айналды. Атап айтсақ, Шәміл Жүнісов, Сәкен Омаров, Болат ­Ыбыраев, Махфуза Ыбыраева, Түймехан Атымтаева, Қалыбек Жұмашов, Бақыт ­Исабекова, Гүлбаршын Қылышбай, Амантай Жұмашев, Айман Аймағанбет пен театр қызметкерлері Ләззәт Жүнісова, Әлия Дәуітова, Гүлнәр Жұмабекова, Ләззәт Қыстықбаева және  т.б. Кейін театр өсіп өркендеуіне байланысты, Алматыдан Қазақстанға белгілі танымал сахна шеберлері, өнер академиясын бітірген жас түлектермен қоса жан-жақтан талантты актер, актрисалармен орта толып, бүгінгі күнге дейін қасиетті сахна өнеріне қызмет етіп келе жатқан жайымыз бар. Олар: Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Жұмагүл Мейрамова, Майра Омар, Асылболат Смағұлов, Ақыш Омар, Лейло Бекназар, Күлия Қожахметова, Жанат Чайкина, Кеңес Нұрланов, Зибагүл Карина, режиссерлер Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов сынды сахна майталмандарымен толықты. Өнер мен үшін осындай тұлғаларымен құнды. «Жақсысын асырып, жаманын жасырып» демекші, қызығы мен шыжығы мол, соқпақты да соқпақсыз өнер жолында жүрген өнегелі аға буын өкілдеріне құрметіміз еселене бермек.

– Сіз өнер жолына қалай келдіңіз?

– Театрдағы өнер жолымды қазіргі Бикен Римова атындағы Талдықорған қаласындағы драма театрынан бастадым. Онда жас түлек боп оқу бітірген мені сол кездегі театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Бәйтен Омаров алып келді. Мұндағы 9 жыл қызмет еткен уақытта Оразғали ­Әбділманов, Алмахан Кенжебекова, Әлихан Ыдырышева сияқты өнер саңлақтарымен бір сахнада жүріп тәжірибе жинап, рөл сомдаудың қыр-сырына қаныға бастадым. Режиссер Сәулебек Асылханов сахналаған «Ақын Сарасында» Сара мен режиссер Хұсейін Әмір-Темірдің «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Еңлік рөлдері мен үшін үлкен де салмақты образдарға бастама болды. 1997 жылы театр режиссері Қадір Жетпісбаев ағаның шақыруымен Қаллеки театрына ауыстым. Ол кісі мені актриса ретінде өз сценарийі бойынша түсірген «Қаракерей Қабанбай» көркем фильміндегі Қабанбай батырдың қарындасы Гауһар рөлін сомдағаннан білетін. 2002 жылы Халық қаһарманы, атақты театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің «Театр және кино актері» шеберханасына түсіп, үлкен сахнаға шыңдаған өнері мектебінен өттім. Емтиханға дейінгі алғашқы дайындық кездерінде үнемі кабинетінде жиналатынбыз. Сонда бізге: «осы мамандықты не үшін таңдадыңдар деп сұрамай-ақ қояйын, ал таңдадыңдар ма, ең алдымен мамандықтарыңа адал болыңдар. Қандай рөл сомдасаң да, мейлі ол жағымды кейіпкер бола ма, жағымсыз кейіпкер бола ма бәрібір, кейіпкеріңді жақсы көрмесең, оны қанша зерттесең де рөліңді толыққанды шығарамын деп ойлама» дегені менде жазылып қалыпты.

– Көрермен сізді ана келбетіндегі образдарыңызбен жақсы таниды. Оның ішінде моноспектальдердің орны айрықша. Осы тұрғыда театрда әйел бейнесі толық ашылды ма?

– Сахнадағы қандай да әйел адамының бейнесін сомдағанда, ананың не әженің бейнелері кез келген актрисаға күрделі де жауапкершілігі мол рөлдердің бірі болып келеді. Әрине пьесадағы барлық кейіпкер зерттеуді, ізденісті талап етеді, алайда аналар бейнесінің орны ерекше. Әсіресе тарихи тұлғаларды сомдап алып шығу өте қиын. Сол заманның тұрмысын, салт-дәстүрін, киім-киісін, жүріс-тұрысын, тіпті сөйлеу мәнерін де бойына қалыптастыруың керек. Ал енді қазіргі заман ана бейнесін сахналау, өзі сол уақытта өмір сүріп жатқандықтан актрисаларға оңайырақ көрінгенмен, онда да ол кейіпкер қандай жағдайда, қай жерде, қандай ортада жүріп-тұрғанына байланысты және сахнаға қандай көңіл-күйде шығатыны да актриса үшін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өткен кезбен салыстырып қарасақ, оншақты жыл бұрын актерлер рөлдеріне ойнақылықты қосатын. Ал қазірде мұндай емес. Табиғи түрде сөйлеу, қозғалу, шынайы болмыс – бүгінгі режиссерлердің іздейтіні сол. Көрермен театрдан шынайы энергетиканы алғысы келеді. Актер көрерменімен ғана жасайды, сондықтан мықты актер аудиторияға өзін сыйлата білуі керек деп санаймын. Мұндағы бір жайт, қай елдің, қай жердің драматургтерінің пьесаларын алсаң да, ондағы басты кейіпкерден бастап, қосалқы рөлдердің көбі ер адамдардыкі болып келеді. Ал әйелдер бейнесі бола қалған жағдайда, ол оның әйелі не қызы болады. Тек махаббат жайындағы пьеса болса, онда дені – жас қыздар, кейде бар болса, бір-екі рет жылт етіп көрініп қоятын аналар. Міне, осындайда орта жастан асқан актрисаларға рөл ойнап, сахнаға шығу мәселесі өзекті проб­лемаға айналып жатады.

Бәлкім әйел тұлғаларға арналған драматургтердің жазылған пьесалары бар болар, бола тұра біз одан хабарсыз болармыз, әйтпегенде бір режиссерға қояр да қоймай қолқа салар ма едік деп те ойлап қоямыз.

– Өсер өнерге өсірер сын керек. Қазір театр туралы сын қандай?

– Қазақстанда қателеспесем 67 театр бар, соның 54-і мемлекеттік болып саналады екен. Бұл театрлардың барлығы дерлік өркендеу кезеңін де, құлдырау кезеңін де «басынан» өткергені ақиқат. Осы тұста шығармашылық жағдайын сүзгіден өткізіп жетістігі мен кемшілігін қатар саралап отырған Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. 2020 жылдың 13 ақпанында Қазақстан Театр сыншылар бірлестігі ресми түрде өз жұмысын бастады. Төрайымы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану доценті, сыншы, театр танушы Анар Еркебай. Бірлестікте осы уақыт аралығында театр өнері саласына қатысты бірнеше ірі жобалар қолға алынды. Соның бірі – Қазақстан театрларының жылдық қойылымдарына сараптама жасау мақсатында тағайындалған «Сыншылар жүлдесі». Онда ерен еңбектерімен көзге түскен театр актерлері, режиссерлері мен театр қызметкерлерін марапаттап, құрмет көрсетіп келе жатыр. Атап айтсам, осы жылдар ішінде Қаллеки театры 5 рет жүлдегерлер қатарына іліккен екен. «Сыншылар жүлдесімен» «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклі мен театр «Ең үздік сайт» номинациясының иегері болды. «Дон Кихот» трагикомедиясы «Жыл спектаклі» номинациясын иемденді. Ал былтыр ұйымдастырылған кезекті  «Сыншылар жүлдесінде» Қаллеки театры «Қыз Жібек» драмалық операсындағы Қамқа рөлі үшін мен «Екінші пландағы жыл актрисасы» номинациясымен марапатталып, құрметке бөлендім. Ал «Жошы хан» тарихи драмасы үшін «Жыл костюм суретшісі» номинациясында Ерлан Тұяқов жеңімпаз атанды. Мен үшін бұл марапаттың орны бөлек. Бұл жерде режиссер жұмысын атап өткен жөн. Себебі, өз қызметімде театрымыздың жас режиссері Әлібек Өмірбекұлының маман ретінде қайсыбір қойылымның теориялық тұрғысын түсіндіріп қана қоймай, көрерменге әр рөлді жеткізе алуы өзгеше бір өнер дер едім. Актердің мықты болып шыңдалуына режиссер ретінде көп күш салатыны ерекше ұнайды.

2023 жылы Қазақстандағы бар театр­ларда 220 премьера болған екен. Оған драма театрлар, музыкалық драма театрлар, опера және балет театрлары, ұлттық театрлар, қуыршақ театрлары кіреді. Соның 120 премьерасын  «Сыншылар бірлестігі» қызметкерлері көріп, тұжырым жасап, нәтижесін шығарған. Осындай үлкен сарапқа түскен актрисалар ішінде еңбегімді бағалаған  бірлестікке алғысымды білдіремін. Өкінішке қарай, еңбегі орасан «Сыншылар бірлестігіне» қандай да бір демеушілік, не болмаса қаржылай қолдау көрсетіп жатқан ешкім жоқ екені белгілі. Бірлестік мүшелерінің өз мамандықтары бойынша атқаратын ұстаздық, танымдық ағартушылық  қызметтерін қоса алғанда,  нағыз өнерге қызмет ететін ерен еңбек иелері деуге болады. Осындай еңбектеріне сай театрлар тарапынан қолдау болса керемет болар еді. Себебі актер, режиссер, көрермен болса да, еш­қандай сын болмаса, өнерде өсу болмайды.

– Әңгімеңізге рақмет! Мереке құтты болсын! Шығармашылық табыстар тілейміз!


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button