Елорда тынысы

Өнерімен топ жарды



Елордада «Жас өрен» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Тәуелсіздік күні қарсаңында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 204 шығарма ұсынылды. Іріктеуден өткен жұмыстың 133-і поэзия болса, 71-і – балаларға арналған әндер.

«ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылған бұл жоба осында отырған әрқайсыңыз үшін өте маңызды, ерекше. Өйткені ол – балаларымызға жол ашатын, үлкен сахнаны қолжетімді ететін жоба. Мемлекет басшысы жариялған биылғы Балалар жылында бұл жобаның басты мақсаты – балаларға арналған отандық шығармаларды дәріптеу, балалар әндері мен өлеңдерінің репертуарын толықтыру. Балалар композиторлары мен ақындардың шығармаларын балабақшалар мен мектептерде, музыка мекемелеріне тарату арқылы біз рухани құндылықтарымызды насихаттай аламыз. Осы байқаудағы шығармаларды еліміздегі барлық кітапханаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Отансүйгіш сезімді қалыптастыратын өнер туындылары арқылы ұлттық руханиятқа үлес қосқысы келетін отандық авторларды қолдаудың маңызы бәріміз үшін өте зор» деді ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова өз құттықтау сөзінде.

Байқауға қатысушылар үшін жас ерекшелік пен біліктілікке шектеу қойылмады. Онлайн форматтағы платформада өткен байқауға мектеп оқушыларынан бастап, аға буын өкілдері де қатысты. Байқаудың қазылар алқасында еңбек сіңірген мәдениет пен өнер қайраткерлері, мемлекеттік ұйым өкілдері болды. Солардың бірі – ақын Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, алдағы уақытта номинацияларды қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, кәсіби деңгейіне қарай бөлген дұрыс дейді.

Тартысты байқаудың қорытындысы бойынша Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы хор дирижерлеу бөлімінің түлегі Эльмира Дехгани гран-при иеленді.

«Балаларға арналған ән номинациясында» жеңіс тұғырынан I орында Әліби Әбдінұров, II орында Самат Рыспанбетов пен Бекжан Қайратұлы, III орында Бауыржан Есебаев пен Нұрислам Доспай көрінді. «Балалар поэзиясы» номинациясында 1-орын Жадыра Байбұлановаға, 2-орын Серікбол Хасанов пен Достық Тілеубергеновке, 3-орын Баянғали Әлімжанов пен Нәзира Бердалыға берілді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық табысталып, мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button