Қала мен Сала

Өз аулаңды өзің өзгерт!



Алматы ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында дауыс беруге рұқсат беру үшін жобалық ұсыныстарды іріктеу кезеңі аяқталды.

Аудан тұрғындарынан бұл жобаға биыл 74 өтінім келіп түсті, сараптамалық кеңес дауыс беру кезеңіне 72 жобаны дауыс беру кезеңіне жіберу туралы қаулы етті. Жалпы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы Астанада 2019 жылдан бері іске асырылып келеді. Табысты бастама аясында өткен жыл ішінде қаланың төрт ауданында жүзден астам аула абаттандырылды.

Жоба аясында тұрғындар қаланы абаттандыруда жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатыса алады. Осы орайда аумақты көгалдандыру, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, бордюрлерді, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы, ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру ерекше ескерілген.

Республикалық «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы алғаш рет Сарыарқа ауданында басталған болатын. Осыған орай, 2021 жылы 45 жоба, 2022 жылы 71 жоба бойынша тұрғындардан өтініш келіп түскен. Жалпы, Сарыарқа ауданының аумағында соңғы үш жылда 125 аула, 32 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Былтыр 23 аула «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылды. Бұдан бөлек, аудан аумағында 22 аула көріктендірілді және 8 қоғамдық кеңістік қайта жандандырылды.

Сондай-ақ, бұл бағдарлама тренажер, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарында, аула аумақтарында және жалпы пайдалану орындарында тазалықты қамтамасыз етуді қажет етеді. Жоба мақұлданғаннан кейін аулаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталып, гүлзарлар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер салу, аумақтарды көгалдандыру және т. б. игілікті іс-шаралар жүзеге асырылатын болады. Олардың барлығы тұрғындардың өтініштері негізінде жүргізіледі.

«Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысу үшін тұрғындар электронды-цифр­лық қолтаңбаны пайдалана алады. Дауыс беру 6-24 сәуір аралығында Алматы ауданы әкімі аппаратының ресми сайтында өтеді.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button