Қала мен Сала

Өзекті мәселелер ортаға салынды



Елордадағы Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиевпен кездесу өтті.

Жиында III Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген ел ағаларының ауызбіршілігі және ұрпаққа өнегелі болуы керектігі туралы бастамалары сөз болды.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушылары, еңбек ардагерлері қатысқан кездесуде Астана қаласы әкімдігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев, Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин сөз сөйледі.

«Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген жалпыұлттық құндылықтарды ұлықтау, ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, жастарға өнегелі жол көрсетуде зиялы қауым өкілдеріне, ел ағаларына артылар жауапкершілік айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Ел ағалары ауызбіршіл және ұрпаққа өнегелі болуы керек» деген еді. Қазақ халқы, жалпы, қай кезде де алдындағы ел ағаларына, ақсақалдарға қарап бой да, ой да түзеген. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз­дың: «Алдымен ел ағалары, сендер қателеспеңдер. Сендер қателессеңдер, соңдарыңнан ерген ел қателеседі» деген. Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарына берер тағылымға толы тәрбиеде тіл саясатын, сапалы кадр шығаруды негізге алу қажет. Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешуақытта көш бастамайды» деді өз сөзінде академик ­К.Құрманәлиев.

Кездесуге қатысушылар Ұлттық құрылтайда көтерілген көкейтесті мәселелерді іске асырудың тиімді жолдарын талқылаған жиынның маңызын баса айтып, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын да қойды. Солардың қатарында елордалық мұғалім Әлия Айтжанова ана тілі мәселесіне қатысты қоғамдық орындарда кездесетін қателіктерге тоқталды.

«Жаңарған Қазақстан нәтижелері бір күнде шығарылмайды, оған біршама уақыт қажет. Бұл тұста, сөзсіз, алдыңғы буын жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Бірақ кейде қазіргі жастарға қарның ашады. Көрші Өзбекстанда ақсақалдарды жапатармағай құрметтеп жатса, бізде қарапайым қоғамдық көлікте орын беретін жас буын аз екені шындық. Осы тұста бала тәрбиесіне көңіл бөлген маңызды. Ең басты мәселе, бүгінде Ардагерлер туралы заңды тиімді іске асыру қажеті туып отыр. Еңбек ардагерлерінің зейнетақысын мүмкіндігінше өсіріп, пайдасын тигізу керек» деді Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин.

Астана қаласы әкімдігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев жаңа заманға ел ағаларының өздері де сай болып, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұстанып, жаңа құндылықтар бастауына ең алдымен адал азаматтарды қойып, адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырды.

 


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button