Қоғам

Тұғыры биік тұлға



Астанадағы Достық үйінде Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы, Ақсақалдар кеңесі, «Жастар ассамблеясы» РҚБ өкілдері, ғалымдар, Қорғаныс министрлігі С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж курсанттары қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – аты аңызға айналған тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, ата-бабаларымыздың ерлігін дәріптеп, насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен ұлттық сананы қалыптастыру.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов Халық қаһарманының ғасырлық мерейтойына орай биыл еліміздің барлық өңірінде іс-шаралар өтіп жатқанын жеткізді.

– Қазақ даласы ежелден даңқты батырларымен белгілі, олардың есімі тарихта да, халық жадында да мәңгі сақталған. Туған халқы үшін өмірін беруге дайын ұлдардың бірі, нағыз Отан қорғаушы – Сағадат Қожахметұлы. Оның ерлік істері мен елі үшін жасаған қызметі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие беруде зор маңызға ие. Біз оның қалдырған мұрасын мұқият сақтап, ұрпаққа өнеге ретінде көбейтіп, жеткізуіміз керек, – деді басқарма басшысы.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Әміржан Әлпейісов батырдың Кеңес Одағындағы ерлігін, қазақ халқынан шыққан тұңғыш армия генералы екенін атап өтті. Сағадат Нұрмағамбетов – өз өмірінде елінің мәртебесін көкке көтерген адам. Бірінші рет 19 жасында майданға аттанып, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған.

– Біз БҰҰ архивінен 2005 жылғы ағамыздың сөйлеген сөзін тауып алдық, соны Нью-Йоркке шығып, хат арқылы алдырдық. Өзі Сағит ағасының қолында тәрбиеленген. Ағасы 1941 жылы соғысқа кетіп, із-түзсіз жоғалды, – деді «Атамның аманаты» ҚБ басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Әбубәкір Смайылов.

Бүгінде елордадағы Әскери-тарихи музейде С.Нұрмағамбетовтің жеке құжаттарының түпнұсқасы және әскери киім үлгілері, мадақтау қағаздары, өзінің жазған еңбектері, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, соғыстан кейінгі, тәуелсіз Қазақстандағы осы күнге дейін жарияланбаған жеке суреттері сақталып тұр. Іс-шара аяқталысымен қатысушылар әскери колледждің аумағында орналасқан С.Нұрмахамбетов­тің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Анель АМАНГЕЛДИЕВА,

Л.Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық ­университетінің студенті

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button