Ел тынысы

Олимп шыңын алғандар…



Қазақстан Рес­публикасы тәуелсіз ел ретінде алғаш рет 1994 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Қазақстан спортшылары одан кейін 7 қысқы және 7 жазғы ойындарда егемен еліміздің намысын қорғады. Ал «Олимпиада чем­пионы» деген құрметті атаққа қол жеткізген сайыпқыран қай елде де елінің, ұлтының мақтанышы болады.

Олимпиада ойындарының алғашқы алтын жүлдесін атақты шаңғышы Владимир Смирнов әкелді. Ол Финляндияның Лиллехаммер қаласында өткен байрақты бәсекеде 50 шақырымдық марафон жарысында жеңімпаз атанды. Бұл әзірге қысқы ойындардан түскен жалғыз алтын медаль болып тұр.

Ал жазғы ойындарда Қазақстан спортшыларының жарқын жеңістері аз болған жоқ. Атап айтсақ, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жазғы Олимпиада ойын­дарында боксшы Василий Жиров, Юрий Мельниченко грек-рим күресінен және бессайысшы Александр Парыгин жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жиров Олим­пиада чемпионы атағымен қоса ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын иеленді.

2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен ойын­дарда да Қазақстан әнұраны 3 рет шырқалды. Боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов алтын жүлдеге қол созса, жеңіл атлет Ольга Шишигина 100 метрге кедергілермен жүгіру жарысында алдына жан салмады.

2004 жылы Грекияның Афины қаласында туы желбіреген Олимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына бір-ақ алтын түсті. Ел абыройын сақтап қалған жалғыз алтын медальды боксшы Бақтияр Артаев жеңіп алды. 69 келі салмақта сынға түскен қазақ боксшысы ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын да қанжығасына байлады.

2008 жылғы Олимпиада ойындары Қытай астанасы – Бейжіңде өтті. Бұл жолы Қазақстан спортшылары 2 алтын жүлдеге қол жеткізді. Боксшы Бақыт Сәрсекбаев тағы да 69 келі салмақта чемпион атанды. Алла Важенина ауыр атлетикадан алтын алды. Ауыр атлет Илья Ильин де жеңімпаз атанған еді, өкінішке қарай, арада бірнеше жыл өткеннен кейін қазақстандық спортшының допинг пайдаланғаны анықталып, чемпиондық атағының күші жойылды.

2012 жылғы Ұлыбритания астанасы – Лондонда өткен Олимпиада ойындарда Қазақстан ұлттық командасы рекордтық көрсеткіш орнатты. Жеті спортшымыз Олимпиада чемпионы деген атаққа ие болды. Алғашқы алтынды велошабандоз Александр Винокуров әкелсе, боксшы Серік Сәпиев тағы да 69 келі салмақта топ жарып, онымен қоса, ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын иеленді. Жеңіл атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден чемпион атанды. Сондай-ақ ауыр атлеттер Илья Ильин екінші рет, Зульфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедова чемпион атанған еді, алайда бірнеше жылдан кейін тағы да допинг дауына байланысты бұл атлеттердің көрсеткіші жоққа шығарылды.

2016 жылғы жазғы Олим­пиада ойындарында Қазақстан ұлттық командасының қоржынына 3 алтын медаль түсті. Боксшы Данияр Елеусінов тағы да 69 келі салмақта чемпиондық тұғырға көтерілсе, брасс әдісімен жүзуші ­Дмитрий Баландин алтын медаль еншіледі. Ауыр атлет Ниджат Рагимов та алтын тұғырдан көрініп еді, өкінішке қарай, оның нәтижесі бес жылдан кейін допингке байланысты жоққа шығарылды.

2022 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындары пандемия жағдайына байланысты бір жыл кешігіп өтті. Өкінішке қарай, бұл ойындардан Қазақстан спортшылары алтын жүлдесіз қайтты. Чемпиондар қатарынан көріне алмады. Тек 8 қола медаль иелендік.

Жалпы Қазақстан спортшылары тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан 15 қысқы және жазғы Олимпиада ойындарынан 15 алтын медаль, 21 күміс медаль, 36 қола медаль жеңіп алды.

Алдымыздағы 2024 жылы кезекті жазғы Олимпиада ойын­дары өтеді. Париж төріндегі байрақты бәсекеде Қазақстан споршылары Токиода кеткен есені қайтарады, қазақтың көк туын ең биіктен желбіретіп, әнұранымызды әлем аспанында әуелетеді деп сеніммен қараймыз. Өйткені Олимпиада ойындары – 4 жылда 1 рет өтетін ең мәртебелі спорт сайысы. Олай болса егемен елдігімізді, ұлттық намысымызды абыроймен қорғайтын сайыпқырандарымызға сәттілік серік болғай демекпіз!


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button