Қала мен СалаМәдениет

ӨНЕРПАЗДАРДЫҢ ОСАЛЫ ЖОҚ



Кеше «Астана Опера» театрында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Опералия» халықаралық байқауының шымылдығы түрілді.

Байқау басталмас бұрын журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен әйгілі опера әншісі әрі дирижер Пласидо Доминго қатысты.

Опера – болмысы бекзат өнер. Осындай классикалық өнердің биік шыңы саналған айтулы ша­раны Пласидо Доминго өз қолы­мен қалаған. Биыл «Опералия­ның» жиыр­ма бесінші мау­сымы екен. Мерейлі датаның қазақ жерінде өтуі де қуаныш. Бай­қау­ға дүниежүзінің 17 елінен келген 40 дарынды жас қатысады. Олардың арасында «Астана Опера» театрының солисі, көптеген конкурстардың лауреаты Мария

Мудрякпен бірге отандық төрт әртіс бақ сынайды. Маңызды мәдени шараның құрметті қонағы ретінде бұлбұл дауысты әнші Бибігүл Төлегенова шақырылған.

– Маэстро Доминго басқарған конкурстың елордада байрағы желбіреді. Бұл – үлкен құрмет! Байқауда бақ сынайтын өнерпаз­дардың осалы жоқ. Бәрінің де деңгейі жоғары. Талай ортада топ жарып жүрген дүлдүлдер. Әрине, аты әлемге жайылған бәйгеден озып келу де оңай емес. Сондықтан конкурс бізге опера әлеміндегі жаңа есімдерді таныстырады деп елеңдеп отырмыз. Бұған дейін мұндай шара Вашингтон, Мадрид, Токио секілді шаһарларда болған. Алдымен, елімізге қонақ болып келген Пласидо Доминго мырзаға алғысымды айтамын, – деген Арыс­танбек Мұхамедиұлы аталған байқаудың бас демеу­шісі «Rolex» компаниясына ризашылығын білдірді.

Одан кейін алыстан ат арытып келген сыйлы қонақ Пласидо Доминго сөз алып, қазақ елінің қонақжайлылық қасиетіне алғысын айтып, байқаудың маңызына тоқ­талды. «Опералия» байқауына кез келген дауыстағы 18 бен 32 жас аралығындағы әншілер қатыса алады. Жалпы жүлде қоры 180 000 АҚШ долларын құрайды. Ерлер мен әйелдер дауысы арасындағы 1, 2 және 3 дәрежелі жүлдегерлерді марапаттаумен бірге Р.Вагнердің және Р.Штраус­тың операларын үздік орындағаны үшін Б.Нильсон атындағы сыйлық және Пепита Эмбил де Доминго және үлкен Пласидо Доминго сыйлығы табыс етіледі. Қазылар алқасына Пласидо Домингоның өзі төрағалық жасайды. Оның құрамына шартараптағы жетекші театрлардың өкілдері енген.

Кеше басталған байқау 29 шіл­деге дейін жалғасады. Осы ара­лықта қатысушылар әлем­дік опера классикасынан өздері таңдап алған арияларды жұрт­шылыққа ұсынады. Ақтық бәсекеде он үміткер маэстро До­минго жетекшілік ететін «Астана Опера» симфония­лық оркестрі­мен өнер көрсетеді. Қысқасы, Астана төрінде салта­нат құрған әлемдік опера өнері байқауынан құр қалмаңыз, ағайын!

Азамат
Есенжол




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button