Басты ақпаратМәдениет

ӨНЕРСІЗ ӨМІР ТҰЛ



Қазақ киносында ана бейнесімен танылған екі актриса бар. Бірі – «Тақиялы періште» фильміндегі барлығымызға таныс, аты аңызға айналған Әмина Өмірзақова болса, екіншісі «Анаға апарар жол» фильмінен кейін киносүйер қауымның ықыласына бөленген талантты актриса Алтынай Нөгербек. Өнер әлемінде аналар бейнесінің әдемі галереясын жасаған Алтынай ұзақ жылдар бойы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында еңбек етіп келеді. Өнерде ғана емес өмірде де шынайы болмысынан айнымаған, жаны сұлу актрисаның әр рөлі өзінше ерекше, көрермен жанын бірден баурап алады. Сондықтан да шығар, Алтынай өз замандастарынан оза шауып Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Алтынайдың әкесі Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаған Бауыр­жан Нөгербек болса, анасы да кәсіби театртанушы. Қос бірдей өнер өкілінің отбасында дүниеге келген оның балалық шағы көбінесе театрда және кино үйінде өткен. «Ата-­анам театр саласының адамдары болғандықтан, бала кезімізден театрдан шықпайтынбыз. Өнерсіз менің өмірімді елестету мүмкін емес еді. Актриса боламын деген шешімді 9-сыныпта қабылдадым. Басында балерина болсам дейтінмін, оған әкем қарсы болды. Осылайша оқуға түсіп тұрған жерімнен кетіп қалдым. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында жаңадан ашылған кино бөліміне оқуға түстім. Бітіргеннен кейін «Енді қайда барамыз?» деген ой туды. Бағымызға орай дипломдық спектаклімізді Алматыға арнайы Қадыр Жетпісбаев келіп көрді. Сөйтіп ол кісі бізді Ақмоладағы Қаллеки театрына шақырды. Біз қуана-қуана келісіп, Алатаудың бөктерінен Арқаның төріне кете бардық. Менің өнер жолым, өмірім бәрі осы жерде басталды» деп есіне алды актриса.

Әкемнің сынын қабылдап өстім

«Әке – балаға сыншы» дейді. Ал Алтынай үшін ата-анасының театр сыншысы болуы екі есе үлкен жауапкершілік жүктепті. «Әкем ойын, сынын үнемі айтып отыратын. Мен сол сынды қабылдап өстім. Ата-анамның өнер адамдары болғаны мен үшін артықшылық болды. Оның ішінде сыншы болғандары маған үлкен жауапкершілік артты. Анам мен әкем театрға келетін күні мен екі есе дайындалып, сахнаға екі есе жиналып шығатынмын. Бір кездері әріптес­терім «Саған қандай жақсы, ата-анаң үнемі бағыт беріп отырады ғой» деп айтатын. Мен «Иә, жақсысы жақсы. Бірақ спектакль сәтсіз болған күні ең бірінші ұрысты мен естимін» деймін. Қазір соның барлығын күліп еске аламын. Сол кезде ата-анамның мен үшін қатты уайымдап, жұмысымның сәтті шығуы үшін айтқан сындарын түсінемін. Сол үшін мен оларға еш уақытта ренжімейтінмін. Сосын ақырындап киноға қадам баса бастағанда әкеме көрсетіп кеңесін сұрайтынмын. Кино мен театрдың аражігін түсінуге марқұм әкем көп көмектесті» деді кейіп­керіміз.

Киноға кеш келдім

Халық арасында «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген пікір жиі айтылады. Сол мөлдір бұлақтан бастау алған актриса жаны театрмен егіз. Өйткені ол өмірді ең бірінші болып сахнада таныды, көрер­менінің қошеметімен өсті. «Менің бастауым – театр. Ол мен үшін қымбат. Ал кино – менің таңдауым. Мен институтқа оқуға түскенде киноға түсуді армандап сол саланы таңдадым. Бірақ біз бітірген жылдары сондай кезең болды ма, бері қарай көшіп кеткен соң ба кинодан алшақтап қалдық. Кино – Алматыда, біз – астанада. Сонда да үзбей жыл сайын кастингтерге барып жүрдім. Мүмкін сәті солай түскен шығар, мен киноға кеш келдім. Театр мен үшін махаббат. Өйткені махаббатта кешірім бар. Махаббатта шексіздік бар, жанкештілік бар. Махаббатың үшін бәріне дайынсың. Театр да сондай. Театрдағы жұмыс бір адамға ғана байланысты емес. Бір спектакльдің жарыққа шығуы үшін қаншама адам атсалысады. Кино мен үшін өмір. Спектакльді ойнаған кезде бірнеше адамға емес, көрерменге ойнаймыз. Сол көрерменді өзіңе баурап алу үшін бүкіл энергияң мен күшіңді жібересің. Ал кинода экран соншалықты жақын, кейде бір кадрдағы сәтті шыққан ойының да жетіп жатады. Музыка, монтаж бәрі қосылып киноға рең береді. Театрда ондай жоқ. Сахнадағы 2 сағат сүрген өмірің алақандағыдай көрінеді. Сол жағынан театрда қиынырақ шығар. Ал кино шынайылықты қажет етеді» деді Алтынай Нөгербек.

Соңғы кездері театрға жастардың жаңа леппен келіп жатқаны актрисаға да үлкен үміт сыйлапты. «Театрымызға келіп жатқан жас буынның өнеріне көңілім толады. Мені қуантатыны – олардың бойындағы шынайылықтары. Барлығы да биге, әнге икемді. Жатпай тұрмай жұмыс істеп жүргендерін де байқап жүрмін. Жастарға қарап сүйсінемін. Үлкенді үлкен, кішіні кішідей сыйлайды, құрметтейді. Егер маған шәкірт тәрбиелеуге ұсыныс түссе, қуана-қуана қабылдаймын. Өйткені ол – мәңгілік мамандық. Шәкірттеріңмен ғұмырың жалғаса береді. Ешқашан қартаймайсың» дейді кейіпкеріміз.

Көбінесе актрисаның кино әлемінде сомдайтын бейнесі – ананың рөлі. Бір кейіпкер болғанымен де, мінездері бір-біріне ұқсамайтын бейнелер. Кейіпкерлерінің жігерінің мықтылығы өмірде кездескен түрлі жағдайларға да өз септігін тигізеді екен. «Ана рөлі табиғатыма жақын. Өйткені тіршіліктің көзі анадан басталады. Мен киноға ананың бейнесіндегі рөліммен келгеніме қуанамын. Ол – мен үшін мәртебе. Өмірде де сондай абзал ана болғым келеді. Анаға апарар жолдағы ана рөліне кастинг арқылы келдім. Бірінші видеолар түсіріп жібердім. Содан Алматыға барып тағы талқыға түстік. Соңында осы рөл маған бұйырыпты» деді актриса.

Тарихи шығармаларға жақынмын

Қазір Ақан Сатаевтың Қасым хан киносында Жахан Бегімнің рөлін сомдап жатқан актрисаның жанына тарихи шығармалар жақын. Ал жаңа театр маусымында сәтін салса сүйікті актрисаларыңыз жаңа рөлдерді де сомдап қалар. «Адалдықтың ақыры бір көрінеді» деген қазақтың сөзін өмірде де, өнерде де ұстанамын. Адалдық, адамгершілік деген нәрселерден ешқашан аттамаймын. Кәсібилікті бағалаймын. Нағыз кәсіби маман еш уақытта дайындықсыз келмейді. Ол еш уақытта кешікпейді. Ол әрдайым ішкі мәдениетті, сахналық мәдениетті, болмаса түсірілім алаңындағы мәдениетті сақтап тұрады. Көпшілік мені тек ана ретінде емес, басқа қырларымнан да көрсе екен деймін. Ол жағынан театрда комедиялық, басқа да жанрдағы рөлдерім бар. Кинода да сондай рөлдерде көрінгім келеді. Қандай рөл ойнасам да мен үшін ең бас­тысы – көрерменді өзіммен бірге басқа әлемге алып кету» деді кейіпкеріміз.

Өнер адамдарына қолдау керек

Театр актерлерінің «жырына» айналған баспана мәселесінің бірнеше жылдан бері жабулы күйінде қалып келе жатқаны белгілі. Театрдың қалалық бюджеттен республикалыққа ауысуы да тұрғын үй берудің ауылын алыстатты. Қаллеки театрының қызметкерлеріне соңғы 7 жылға жуық уақытта мүлдем баспана берілген жоқ. Баспанаға мұқтаж қызметкерлердің алды 15 жылдап пәтер кезегінде тұр. Таңнан кешке дейін уақытының басым бөлігін театрда өткізетін, өнер адамдарында екінші жұмыс істеуге артық уақыт та жоқ. Бұрын қала әкімдігіне қарасты жатақханада тұрып келсе, былтырдан бастап ол да бұйырмаған. Актрисаны алаңдататын да әріптестерінің басындағы осы жағдай. «Біз театрға келгеннен кейін араға 10 жыл салып баспаналы болдық. Бізге дейінгі әртістер де үйді тегін алып жатты. Бұл өнер адамдары үшін үлкен қолдау болатын. Өйткені біз үй жағын ойламадық, үкімет бізге беретінін, қаланың кезегінде тұрғанымызды білдік. Кейін өнер жылы болған кезде Елбасы қаншама пәтер берді. Сондай бір қолдау әрқашанда керек деп ойлаймын. Өйткені ол біреуден бірдеңе күту, қол жаю емес. Тарихқа жүгінсек те, жұртқа белгілі өнер адамдарын қолдайтындар әрқашан табылған. Мысалы, Естайдың оқуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін қамқоршысы болған. Өйткені өнер – халықтікі. Ертең ұрпаққа қалатын дүние. Өнер қашанда қолдауға зәру. Өнер адамдарының алаңсыз өнермен айналысуы үшін басында баспанасы болуы керек. Соңғы жылдары осы үрдіс саябырсып қалды. Алдағы уақытта қала әкімі бұл дәстүрді жандандырса екен деген ниетім бар. Жас әртістерді қолдап, баспана алуға арналған арнайы бағдарлама енгізсе деп барлығымыз күтіп жүрміз» деп ойымен бөлісті Алтынай Нөгербек.

Кейіпкеріміздің өзін ғана емес, театрдың жаңа өсіп келе жатқан жастарын ойлап, соларға алаңдаушылық танытып жүргені сұхбат ала барған бізді сүйсіндірмей қоймады. Бейне бір өнерде ғана емес, өмірде де «ана» рөліне жаралғандай. Көңілінен шуақ, пейілінен мейірім еседі.

Көктем Қарқын




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button