Басты ақпарат

ОНЛАЙН КАССА – БАҚЫЛАУДЫҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ



Өткен жылдың басында Қаржы министрлігі қонақүй, мейрамхана, шаштараз бизнесі мен құрылыс заттарын сататын дүкендерге жаңа кассалық аппарат орнатуды талап еткен болатын. Осылайша, «онлайн» режим арқылы көлеңкелі экономикаға тосқауыл қойып, айналымы жоғары салаларды өз бақылауына алды.

Бұл талап ең алдымен жанармай бекеттері мен спирттік ішімдік сататын дүкендерге қо­йылды. Нәтижесі жаман емес. Күн сайын қанша тонна бензин мен алкоголь өнімдері сатылатыны қадағаланып, мемлекет бюджетіне түсетін табыс көлемі де артты. Одан кейін бақылау кассасын қоюды бірнеше кәсіп түрлеріне де міндеттеді.
«Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты ағаш, құрылыс, жылыту және сантехникалық жабдықтарды, металл бұйымдарды, су құбыр­ларын, сонымен қатар, ақша айналымы жоғары салалардың бәріне деректерді тіркеу функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдануды міндеттеді. Олардың табысы туралы мәлімет интернеттің көмегімен Мемлекеттік кірістер комитетіне тікелей түседі. Астанадағы сұлулық салондары, мейрамханалар, дәмхана, тойханалар да бұл талапты орындады» дейді Астана қаласы Мемлекеттік кіріс департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Фархад Омаров. Оның айтуынша, бақылау кассасы – табысын жасырып, салық төлеуден қашатын кәсіпкерлерді бұлтартпайтын құрал. Талапты орындамағандарға айыппұл салынады. Ең бастысы, екі жаққа да тиімді. Мәселен, онлайн касса есеп айырысуды тіркейді әрі ақпаратты ұзақ уақыт сақтай алады. Ондағы сомалар түзетілмейді.
Мамандар жаңа аппараттың үш негізгі бағытын айқындап берді. Біріншіден, бақылау кассасы қолданушыны барынша қорғайды. Кәсіпкер қарамағындағы сатушының жұмысын бақылай алады, мекемедегі бухгалтерлік және қойма есебін қадағалау мүмкіндігі жоғары. Құрылғы алдын ала енгізілген тауардың штрих-кодтарын жылдам оқиды. Екіншіден, тұтынушының мүддесін көздейді. Егер алынған тауардың сапасыз себептері анықталса, чек арқылы қайтарып алуға ­немесе алмастыруға болады. Үшінші – фискалдық қызмет. Салық органы қызметкерлері бақылау-касса машинасының көмегімен сауда мекемелерін тексеру барысында уақыт жоғалтпай, дұрыс мәлімет алатын болды.

Салыққа салғырт қарамаймын…
Астаналық жеке кәсіпкер Әзберген Имановтың қаланың бірнеше жерінде дүкендері бар. Жаңа кассалық аппарат орнатқанына тура 1,5 жыл болған.
«Қарамағымда бірнеше адам жұмыс істейді. Жаңа талап шыққанда қарсы болғандардың бірі өзім едім. Қазір пайдалы тұстарын көріп жүрмін. Мәселен, есеп айырысулар автоматты түрде салық органдарына түсіп отырады. Тексеру бола қалған жағдайда электронды мәліметтердің өзі жеткілікті. Бір емес, бірнеше сауда нүктелерін басқаратын кәсіпкерлерге өте ыңғайлы жүйе дер едім. Екінші жағынан, тұтынушылардың қатары артты. Оларға чек бергендіктен, тауарға деген сенім артып келеді» дейді ол.
Бүгінде Астана қаласы бойынша 39280 кассалық аппарат тіркелген, оның ішінде 23529 бақылау кассасы онлайн жұмыс істейді.
Жыл басынан бері бақылау кассасын орнатпаған 1519 салық төлеушіге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Бәріне міндет емес
Деректерді тіркеу функциясы бар бақылау-касса машиналарының орташа бағасы – 50-60 мың теңге көлемінде. Кәсіпкерлер өз қаржысына сатып алады екен. Оны салық органдарында тіркеу, ҚР Салық кодексінің 646-бабының 3-тармағына сәйкес, өтініш берген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Айта кетейік, бақылау кассаларын орнату бәріне бірдей міндетті емес. Мәселен, жолаушылар тасымалдаушы қоғамдық көліктер мен Ұлттық банктің ақшалай есеп айырысу пункттері, қарамағында жұмысшылары жоқ кәсіпорын ретінде тіркелген тұлғаларға бұл талап жүрмейді. Бір анығы, аталған бақылау кассаларының көмегімен елімізде салық төлемінің түсімі бірнеше есеге артып келеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button