Басты ақпаратРуханият

Оның орны төрде еді…



Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басында әлемдік саясат аренасында бұрын қарапайым жұрттың ойына кіріп те шықпаған небір дүрбелең, саяси оқиғалар орын алды емес пе?.. Соның бірі және ең нақты көрінісі – мызғымас берік деп келген Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, ыдырай бастауы болатын. Кешегі бодан елдер тәуелсіздікке қолдары жеткен соң бірден саяси-экономикалық бағыт-бағдарын анықтап ала алмай, абдырап қалғаны да рас. Елдің осындай дағдарыс пен күйзеліске ұшыраған талай сәттерінде билік басындағы лауазымды тұлғалардың парасатты көрегендігі мен іскер біліктілігі алып шыққандығына тарих куә. Сондай жеке тұлғалар қатарында Ресейдің ең үлкен аймақтарының бірі – Кемеров өлкесінің губернаторы, қандас бауырымыз Аманкелді Молдағазыұлы Төлеевтің есім-сойын айрықша атап өткеніміз орынды.

Көпке белгілі, XXI ғасыр өзімен бірге ала құйын дауыл болып та келді. Ғасырлар бойы жиналған әлеуметтік, экономикалық, демография­лық, таптық, саяси, ұлттық, мемлекетаралық қайшылықтар шиеленісе түсті. Ол бір қол қусырып қарап отыруға болмайтын аса күрделі кезең еді… Ел ішін жайлаған үргедек көңіл-күйді шұғыл, қарқынды әрі батыл түрде қолға алған іс-әрекеттер ғана баса алатын еді. Сол заматта заманның төл перзенті Аман Төлеевтің талантының мәні, оны күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге қабілеттігі, сонымен қатар саяси жағынан жүзеге асыруға болатын шешімдерді қабылдауға деген айрықша сезімталдығы көрініс берді.

Ол өзгерістің күшті катализаторы болды. Төлеевтің бойындағы ерекше адамгершілік қасиеттері – күшті темперамент, қуат-жігер, стратегтік көрегендік, қалыптасқан жағдайды дәл түсінушілік, дер кезінде ескі мұрадан бас тартып, өзгеріс жасау керектігін мойындау тәрізді қабілеттер басым еді.

Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Атырауда өткен құрылтайда айтқан мына сөзі еске оралады:

«Адал адам дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар» деп көрсетсе, сол талапты жастайынан бойына сіңірген, жат жерде жалындай жарқырап көрінген Аманкелді Төлеев болды. Ол нағыз адал адам еді, олай болмағанда, ол ортада оған орын жоқ еді. Кемер халқы оның қолы таза, жүзі таза, жүрегі тазалығына бас иді, сол үшін ерекше қолдады. Біз, аға буын, оны халқымызға, жас ұрпаққа үлгі етеміз.

Аманкелді Төлеев өзі өмір сүрген ортада, халық қазынасын ел игілігіне жаратуға бар күш-жігерін жұмсап, адалдықтың алдыңғы сапындағы тұлға азамат ретінде танылды. Ол халықтың қалтасын қағып, байлыққа батқандарға қарсы шығып, халық мүддесін қорғай білді. Сондықтан, ол халық губернаторы деген атқа ие болып, ұзақ жылдар алып Ресейдің айтулы аймағын әлемге танытты. Кейбір билік өз жұртын тонап, абыройларын аяқ асты етіп жатқанда, туған елге келіп, еңбек етуіне кедергі келтірушілер оның тазалығына, іскерлігіне тамсанғанмен, табалдырықтан аттауына ықылас білдірмеді.

Аманкелді Молдағазыұлы Ресей қоғамында «Жаңа экономикалық бағыт» деген бағдарламалық реформалардың үлкен пакетін дайындау жөнінде ұсыныс жасады. Ол Ресей Президенті Б.Ельциннің бұл ұсынысқа немқұрайды, атүсті қарағандықтан, өз талаптарын ашық аудиторияға алып шықты. Сол тұста әрбір губернатор өз аймағының бір-бір князі іспеттес еді. Олар өздеріне берілген биліктен айрылып қалмауды ойлады. Ал Аманкелді Молдағазыұлы халық игілігі үшін ештеңеден тайынбады. Ол халық алдында ашық шешендік тілімен де, салмақты пікірімен де, өз имиджін қалыптастырған саясаткер болды. Сондықтан, халық оны «Халық губернаторы» деп атап кетті.

Біз көбіне оппозиция мен билік арасында диалогтың жоқтығы, биліктің диалогқа келуге ұмтылысы жоқ екенін ашық сынаймыз. Билік үшін құрылған, жекелеген тұлғалардың мүддесі үшін қызмет ететін ұйымдар да жоқ емес еді. Міне, Ресейде осының бәріне қарсы бастамашы болған Аманкелді Молдағазыұлы семсер сөзді Махамбет бабасы секілді саясат майданында бой көтерді. Осылайша Ресей билігінің онымен санасуына тура келді.

Аманкелді Молдағазыұлы, кәнігі саясаткерлер тілімен айт­қанда, үш қанатты қайраткер еді. Өзінің арғы тегінен ажырамаған адам – «Аспан адамы», рухани бастауынан бөлінбеген адам – «Қасиетті адам», шындықтан бөлінбеген адам «Кемел адам» деген екен (Чжан Цзы). Ол осы үш талапқа да жауап бере алды.

1991 жылы сәуірде Кемерово теміржолының кеншілері мен жұмысшыларының еңбек ұжымдары Аман Төлеевті РСФСР Президенттігіне кандидат етіп ұсынады. Сол жылғы 12 маусымдағы дауыс беру қорытындысы бойынша алты кандидаттың арасынан Борис Ельцин, Николай Рыжков және Владимир Жириновскийден кейін төртінші орынға ие болуының өзі оған деген халықтың сенімін көрсетеді.

Мәскеуде Халық ассамблея­сы ұйымдастырған оппозиция­лық митингілерге қатысып, президент Борис Ельциннің бағыт-бағдарына қарсы шығып, Егор Гайдар бастаған Ресей үкіметінің экономикалық бағдарламасын сынады және 1993 жылы қазанда Президент пен Жоғарғы Кеңес арасындағы қақтығыс кезінде парламентті таратуға қарсы болды. Ол халық депутаттарының съезін Мәскеуден Кемероваға көшіруді ұсынды. Бұл оның көзсіз батырлығы еді.

1993 жылы 12 желтоқсанда А.Төлеев № 42 Кемерово қос мандатты сайлау округі бойынша Ресей Федерация Кеңесінің бірінші шақырылымының депутаты болып сайланды. Ол ақиқатты айтудан қаншама запа шексе де, одан бас тартпайды. Ельцин билігі тұсында рухани өмірдің және мемлекеттік модельдің дұрыс жүргізілмей отырғандығын сан мәрте сынап, өз ойын ашық білдіреді. Шешім қабылдауда Ресей өрес­кел зор қателіктерге бой алдырып отырғанын ескертеді.

1996 жылы тамызда Аманкелді Молдағазыұлы Виктор Черномырдиннің жаңа үкіметіне қосылу туралы ұсынысты қабылдайды. Ресей Федерациясының ТМД-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастық жөніндегі министрі қызметін атқарады. Сонымен бірге ол Жедел мәселелер жөніндегі үкіметтік комиссияның мүшесі болды. Аманкелді Төлеев Кемерово облысын 21 жылға жуық басқарды. Ол сайлауда халықтың ең көп қолдауына ие болған әкімдердің бірі болды.

2018 жылдың 1 сәуірінде Ресей Президенті Владимир Путин Төлеевтің отставкасын қабылдайды. Экс-губернатордың айтуынша, оның облыс басшысы қызметінен кетуі туралы шешімі Кемероводағы «Зимняя вишня» сауда орталығында 60 адамның өмірін қиған өрттен кейінгі өз ары алдындағы «дұрыс шешім» болды. Одан кейін де халықтың ұсыныс-тілегіне сай облыстық деңгейдегі бірнеше лауазымды қызметтер атқарды.

Ол – президенттік сайлауға үш рет кандидат болып тіркелген тұңғыш губернатор. Саясаткердің Кемерово облысының өмірінде тұтас бір дәуірі қалды. Соншама қиын талмауыр кезеңде оған от пен суды біріктіруге тура келді. Аптаның жиырма төрт сағатында ауыр арпалыста жүрген кездер де болды. Соңында қатты сыр­қатқа ұшырады. Онымен қош­тасу рәсімінде сөз сөйлеген ресейлік саясаткерлер Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қойған нағыз халықтық губернатор ретінде еске алды. Оны «ішкі саясаттың патриархы», «өз атын Кузбастың және бүкіл Ресейдің тарихына жазған көшбасшы» деп атады. Оның жеке қасиеттері ішінде Төлеевтің адалдығын, даналығын ең күрделі мәселелерді шешуге болатын жоғарғы қабілетін, әдептілігі мен ізгілігін атап өтті.

Федерация алдында сіңірген еңбегі үшін А.М.Төлеев көптеген марапаттарға ие болды. 2000 жылы қыркүйекте Владимир Путиннің қолынан «Құрмет» орденін алды, IV, III және II дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған. Ол Моңғолия Ғылым академиясы Улан Батор университетінің құрметті профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Халықаралық инженерлік академияның толық мүшесі, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының шетелдік мүшесі еді.

Пенде өз заманының, уақыттың әміріне бағынбай тұра алмайды. Кеңестік жүйенің ролін ұстап қалған құрылым – өзгелердің өзіне құл болуын қалады. Ал нағыз ұлтжанды азамат құл болмақ емес. Ормандай орыстың арасында қанша жауапты қызмет атқарса да, туған еліне деген құрметі, перзенттік сезім оты өшкен емес. Ол әрдайым қазаққа жүрегінің майын шам етіп жағып, тілек етті.

Мынаны қараңыз… Бір кезде өгей әкесінің тегімен Власов болып жазылмай, өзінің ататегі Төлеев болып танылған оның сонау балдаурен-балалық шағының өзінде қанына тартқан тектілік жатыр емес пе?! Ол бұрын да, кейін де Қазақ елінің бір қиян шетіндегі Маңғыстау, Мырзашөл, Шардара өңірлеріндегі ағайын туыс-бауырларын іздеп келіп, әке рухы, ата-бабалар рухын ұлықтап, арагідік  ат ізін салып тұрғаны, сырттай тілектес қалың қазақ жұртымен қауышып, көңілі марқайып, мәре-сәре болып қайтқаны елдің әлі есінде!..

Осы өлкені өзінің туған жеріндей көрді. Ет жақын туыс­тарын да осы өлкеден тапты. Оның көп аралаған, көңілін сергіткен даласы да, жанына жалау іздегенде тыныштық табатын рухани ортасы да осы топырақ болды.

Ұлт рухына өмірін арнаған жандар – нағыз батырлар. Аманкелді ағамыз өзінің атына сай нағыз рухы мықты батыр болғанын байқаймыз. Егер оның рухы  болмаса қалың орыс ұлтының арасында жүріп, қол бастамас еді. Ол Тәуелсіздік заманында ғасырлар бойы кіріптар болған тарихымызға үңілді, халқымыздың рух күшіне бас иді, тарих қойнауына ой тастап, ұлыларымызға көңіл қойды. Буыр­қанып-бұрқанып жау аптығын баса білген, ұлтына деген сүйіс­пеншілігін ұрпағына мұра еткен асыл текті ата-бабаларымыздың ерлік істерінен жігер жаныған күш-қуат алды. Ақиқатында, әр жанның өз ғұмырында өлшеулі бағы мен мұңы болады. Тағдырдың өмір жолы да сирек тоғысып жатады. Бір назар аударарлығы, билік басында жүрген адамдар өз қасіретін жүрек түкпіріне жасырады. Ал оған үңіліп қарасаң, ол бірде жарқын, бірде сұрқай, кейде болымсыз шарасыздықтарға толы болып келеді. Иә, ол мұндай сәттерді басынан сан мәрте өткізгені анық. Пенде болғасын, ішің жанып тұратын кездер де болады. Кейде ішкі энергияң сөніп бара жатқанда, маңдай тірейтін жақыныңды іздейсің. Осындай сәтте Аманкелді ағамыздың өзіне рухани тіректі өзі аңсап кеткен туған халқы мен қазақ даласынан іздегені анық. Себебі ол өзімен сұхбат құрған журналистке «Маған жұмақтың төрі қайда десе – оған қазақтың жерінде деп жауап берер едім, қазір қанаты қайы­рылған құстай болып отырмын» деп айтпаған болар еді.

Кейде қитұрқы сұрақтар қойып, белгілі бір мақсатпен сынағысы келгендерге тіке жауап беруден де тайсалмады. «Қазақстанда Алаш арыстарының рухы бар, Абайдың рухы бар. Менің атымның өзі – қазақ батырының құрметіне қойылған» деп жауап беруден тартынбады.

Әділетті адам әрқашанда ешнәрседен қаймықпайды. Ол үнемі қорқынышсыз, әділет жағында болды. Оны тобырдың айқайы да, тиранның зорлығы да әділдік шеңберінен шығуға мәжбүр ете алмады. Оған бірнеше рет қастандық та жасалды. Бірақ, қаскүнемдер оны алған бағытынан тайдыра алмайды. Мұндай азаматтар еш уақытта тарихтың сахнасынан да, халықтың санасынан да өшпейтіні анық. Шығыстың ұлы шайыры Руми: «Ұлы адамның бейі­тін жер бетінен іздемеңдер, олар өз халқының жүрегіне жерленеді» деген екен. Аманкелді Молдағазыұлы кісілігіне кір шалдырмай, адам деген ұлы атқа дақ түсірмей өткен, рухы биік, парасатты алып тұлға болатын.

Тұлғаларымыздың есімін ұрпақ жадына салып отыру – біздің асыл міндеттеріміздің бірі. Ол біздің ата-баба және өткендер алдындағы қасиетті парызымыз болмақ. Соңында өшпестей із қалдырған жандарды аялау, қастерлеу – өсер елдің тірлігі деп білеміз. Төлеев­тің көрнекті қайраткер болып көрінуінде қазақ елінің де тілеуі бар.

Аманкелді Молдағазыұлы сияқты есіл ердің есімін ел есінде сақтау үшін өзі аянбай еңбек етіп, маңдайының тері сіңген Кемер өлкесінде бір айтулы шара қабылданса деген тілек бар. Ресей билігі Аман Төлеев сияқты нағыз меритократ-патриотты, шын мәніндегі мемлекет және қоғам қайраткерінің Ресей халқы алдындағы еңбегін жоғары бағалап, оны мәңгі есте қалдыру бағытында тиісті іс-шаралар қабылдайды деп сенеміз. Мұндай сәтте ердің әруағы да риза, елінің еңсесі де биік болар еді.

Бұл ретте біздің де жауапкершілігіміз бар заңдылықты сақтай отырып, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында көшелерге есімі беріліп, ескерткішін тұрғызуды да қолға алсақ, құба-құп болар еді. Бұл мәселелерді атқарушы билік ескерер деп ойлаймыз.

Иә, уақыт озады, заман алмасады! Аманкелді Молдағазыұлы өз кітабында жазғандай, «Жемістің тәттісін халқына беріп, ащы дәмін өзі татқан» оның жарқын бейнесі халық жадынан, сірә, өшпек емес!..

 Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button