Білім

Оқушылармен кездесті



«Elorda Aqparat» медиакомпаниясының «Мектеп және медиасауаттылық» жобасы аясындағы кезекті кездесуі Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейде өтті. 12 жылдық тарихы бар білім ордасында 2593 оқушы қазақ тілінде білім алуда. Оқытудың негізгі бағыттары физика-­математика, химия-биология болса да, осындай гуманитарлық іс-шараларды өткізуге де зор мән беріледі.

Қаланың қақ ортасында орналасқан білім ошағында шәкірттердің жан-жақты білім алуына жақсы жағдай жасалыпты. Атап айтқанда, мұнда компьютер, лингафон, мультимедиа-интер­активті кабинеттер, заманауи үлгідегі физика, химия, биология кабинеттері, 2 спорт зал, футбол, баскетбол алаңдары, хореография залы оқушылардың игілігі үшін ашылған.

Аталған медиакомпания қала әкімдігі және Астана қаласы Білім басқармасымен бірге ұйымдастырып жатқан жоба шеңберіндегі кездесуде жастарға медиасауаттылық тақырыбы жан-жақты түсіндірілді. Журналистер тобын бастап барған «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының директоры Олжас Сыдықбек бүгінгідей орасан зор қарқынға ие ақпараттық дәуірде жақсы мен жаманды айырып, ғаламтордағы сан мыңдаған ақпаратты ой елегінен, сүзгіден өткізу үшін медиасауатты болудың маңызды екенін түсіндірді. Мектептермен байланыс орнатуды көздейтін бұл кездесулер арқылы болашақ журналис­терді газет оқуға тарту, тіпті мерзімді баспасөзге мақала жазуға бейімдеу екенін де жеткізді.

Сонымен қатар кездесуге келген «Aстана ақшамы» газетінің тілшісі, тәжірибелі журналист Таңатар Төлеуғалиев сан жылдық журналистік қызметінен сыр шерте отырып, журналистиканың бұрыны мен бүгінгі ахуалын салыс­тыра баяндады. Басылымда көп жылдан бері еңбек ететін тілші Гүлбаршын Өкешқызы холдинг мектеп оқушылары үшін ұйымдастырып жатқан «Ел жүрегі – елорда» атты шығармашылық байқауына қатысуға шақырды. Оған 15 қазанға дейін елордадағы білім ордаларының 7-11-сынып оқушылары өз шығармасын ұсына алады. Газеттің жас тілшісі әрі журналистика саласындағы студент Индира Бержанова болашақ тілші боламын деген жастарға оқуға қалай түсуге, портфолио­ны қалау жинауға болатыны туралы өз білгенімен бөлісті. Сонымен қатар тілші Райхан Рахметова журналиске қажет білім мен біліктілік, өзге де машықтар жайлы ойын ортаға салды. Ал қазіргі заман талабына сай сапалы бейнетүсірілім жасап, оны әлеуметтік желіде әдемілеп берудің тәсілдерін медиакомпания SMM-маманы Гүлжан Уәлиева оқушыларға ұғынықты етіп түсіндіріп берді.

Еркін форматта өткен кездесу барысында болашағын журналистикамен байланыстырамын деген оқушылар болмаса да, олар осы тақырыпта өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойды. Альбина есімді 11-сынып оқушысы ақындыққа жақындығын айтып, әдебиетке бе­йімдігін байқатты. Бастапқыда қымсынып отырған жас өрендер біртіндеп ашылып, бірінен соң бірі сұрағын жаудырды. Олардың «Жазатын ойымды әдемі жеткізу үшін не істеуге болады?», «Қазақ тілінің мәртебесін қалай көтереміз?», «Газеттің оқырмандарын сақтап қалу үшін қандай жобалар жүзеге асырылады?», «Тележурналистиканы емес, баспасөзді таңдау үшін жастарды қалай қызықтырамыз?», «Қазір журналистикада әлеуметтік мәселелер көп талқыланбайды, көбіне БАҚ Үкіметке жұмыс істейді деп айтылады, осы оймен келісесіздер ме?» деген сияқты басқа да сұрақтарына кездесу қонақтары толық жауап берді.

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button