Мәдениет

«ОРАЛМАННЫҢ» ОЛЖАСЫ



Астанада бір апта бойы дүрілдеген «Еуразия» ХІІІ халықаралық кино­фестивалі аяқталды. Айтулы әлемдік шара аясында 2016-2017 жылдары түсірілген барлығы 296 кинотуынды көрсетіліп, 200-ден астам қонақ шақырылды. Николас Кейдж, Эдриан Броуди, Джон Малкович сынды Голливуд жұлдыздары елорда топыра­ғына табан тигізді. Ал негізгі конкурсқа қатысқан 13 толықметр­ажды және 30 қысқаметражды фильм­нің ішінен қазақ режиссері Сәбит Құрманбековтің «Оралман» көркем фильмі топ жарып, бас жүлдені иеленді.

Кинофестивальдің негізгі бағдарламасына енген бұл жалғыз отандық кинотуынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы­мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында, «Қадам» ЖШС студиясының қатысуымен түсірілді. Туған жерінен жырақ кетуге мәжбүр болып, ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан елге қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайтын фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажынәбиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.

Кинофестиваль тарихында қазақ режиссерлері – Данияр Саламаттың «Әкем екеуміз» кинокартинасы, Серік Апрымовтың «Бауыры» және Нариман Төребаевтың «Шуақты күндері» үздік режиссура ретінде бағаланса, Жаңабек Жетіруовтың «Дүние жарық» және Абай Құлбайдың «Стриж» фильмдері «Азиядағы үздік фильм» аталымында топ жарған. Ал Сәбит Құрманбековтен бұрын Ардақ Әмірқұлов өзінің «Қош бол, Гүлсары» картинасымен бас жүлде иеленген.

Ал биыл гран-при алған «Оралман» көктемде Иранның астанасы – Тегеран қаласында өткен Фаджр 35-ші халықаралық кинофестивалінде Азияның үздік фильмі атанған. Сәбит Құрманбековтің айтуынша, қалың көрерменге толықтай жетпей жатқан бұл фильм осы жылдың аяғына дейін жал­пыұлттық прокатқа шы­ғарылады. Сондай-ақ, ше­телдерде, әсіресе қазақ диаспоралары шоғырланған мемлекеттерде прокатқа жіберу жос­парланып отыр.
«Еуразия» кинофес­тивалі – еліміздегі ғана емес, жалпы Орталық Азия кеңістігіндегі ең үлкен киноалаң. Сондықтан да бұл кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алу – мен үшін үлкен абырой. Десек те, мен үшін ең бастысы – бұл фильмді қарапайым көрермендерге көрсету. Осы Астанадағы көрсетілімде көрермендер фильмді жылы қабылдап, ирандық аудитория, оның ішінде этникалық қазақтар қызыға көрген болатын» деген кинорежиссер фильмнің түсірілім тобын құттықтап, алғысын жеткізді.

Биылғы кинофестивальде алғаш рет ТМД елдері және Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропа елдерінен келген дистрибьютерлердің қатысуымен «Eurasia Film Market» кинонарығы өтті. Яғни, фестивальге әкелінген фильмдер әлемдік кеңістікке шығуға мүмкіндік алды. Ал «Eurasia Spotlight» бизнес алаңы әдеттегідей киножобалардың қызықты питчингтерін, кино саласындағы түрлі тақырыптарға негізделген дөңгелек үстел мәжілістерін, баспасөз мәслихаттарын, шеберлік сабақтарын және киноиндустрияның мамандары қатысқан арнайы шараларды ұсынды.

Аманғали
Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button