Қоғам

ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР



Халқымыздың басынан түрлі зобалаңдар өтті. Кешегі өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін талай арыстарымызды жалмады. Олардың жалынды жастық шақтары, білімді өнер қайраты тасқа шапқан қылыштай майырылды. Бұл ауыртпалық біздің әкелерімізді айналып өтпеді.

Менің ата-анам Ақмолада тұратын. Әкемнің домбыра шертіп, өлең айтатын, ептеген суырып салма ақындығы болатын. Бірде ауылдас замандасы Қасқабас деген досы кешке үйіне қонаққа шақырады. Дастархан басында үй иесі әкеме өлең айт деп қолқа салады. Әкем халық әндерін шырқап береді. Ол болса

«Кейкі батырдан айтыңызшы» деп өзеуреп қоймапты. Батырдың соңғы салауатының 2-3 ауызын айтып, ұмытыппын деп жалтарса да, ана бір жері бар еді ғой деп аузына сала береді. Содан:
Бейсенбінің шартында,
Сөйлеуге тілім тартылма.
Қырық жетіге алдырған,
Қарағым қалды-ау артымда, – деген шумағын айтып береді. Сол болған оқиғаны үйге келіп шешеме айтады да, жатып қалады. Сағат түнгі үштердің шамасында терезе қағып, үш кісі келіп, әкемді алып кетеді. Ол кісі киініп жатқанда анама «қайныңа бар» деген сөзді айтып үлгереді. Ол кезде Сәйет бабаның немересі – Мажренов Нәжен ағамыз НКВД-де істейтін. Таң ағарған кезде шешем бір жастағы қызын үйде қалдырып, Нәжен қайнысына хабар береді. Оны естіген ағамыз «Бұл қара тобырлар әлі қоймайды екен!» деп басын ұстап отыра қалыпты. Ол кезде Кейкі батыр туралы айтуға болмайды. Күн батқан соң әкем үйге келеді. Шешем: «бұл қалай болған» деп сұраса, әкем «мені Бәймен байдың туысы әрі халық жауының өлеңін уағыздап жүр екен деп» көрсетіпті деп күледі. Нәжен ағамыз туысының үстінен жазған арызды үлкен басшыға жібермей, кезекші болып отырған әріптесінен алып қалады. Ол жылдары Қараменді балалары Кәрім мен Жәлел әкелеріміз НКВД-де істеген. Бірақ олар қызметі мен лауазыымна сүйеніп, ешкімге зәбір жасамаған. Адал болған.

Біздің Тайтөбе орта мектебі – Ақмола ауданында жалғыз мектеп-интернат болатын. 1954 жылы Қаражар ауылына сайлау кезінде концерт қоюға бардық. Әкемнің туысы Ахметжанов Хакімнің баласы – Төлеубек ағамыз менен екі класс жоғары оқитын, домбырамен өлең айтатын, үйірмеге бірге қатысатынбыз.
– Хакім әкең Еңбекші ауылында тарих пәнінен сабақ берді. Ақмоладан Нәжен Мажренов «НКВД-ге келіп түскен тізімде Хакімнің аты жүр екен, байқайық, әңгіме басылғанша басқа жаққа бара тұрсын» деп астыртын хабар жібереді. Хакімге «байдың туысы, Сәкен Сейфуллиннің жиналысына барыпты» деген жала жабылады. Ол кезде қоғам қайраткері, ақын Сәкеннің айдалып кеткен шағы. Хабарды естіген Хакім күн батқанда атпен төтелей Қаражалға келеді. «Таңға жақын жаяулап шығып кетем, атты судан өткізіп, күн батысқа қарай айдап жіберіңдер, өзі барар» деп жастыққа қисая­ды. Бірақ көзі ілінбестен үш адам терезе қағып, осы үйден ұстап әкетеді, – деп Мәулен жездеміз болған оқиғаны жайып салды. Тайтөбеге келген соң Төлеубек ағай интернатына кетті, мен ата-анама естігенімді айтып едім, «солай болғаны рас, біз ешкімге айтпаушы едік» деп мұңайып қалды.

Сол кезде Ақмолада Хакім әкейдің әке-шешесі, інілері мен апа-қарындастары тұрды. Еңбекші ауылында Хакім әкей мен Әби анамыздың қыз­дары Орынтай, Рауза, ұлы Төлеубек өмірге келді. Пойызда айдалып бара жатқанда жазған Хакім әкеміздің хаты бір жарым жыл жүріп, 1940 жылы ғана қолға тиеді. Онда: «Мұз дариясына қарай беттеп барамыз. Орналасқан соң хабарласамын» деп айтыпты. Бірақ содан кейін еш хабар болмайды. 1953 жылы Сәкен Сейфуллин секілді белгілі қайраткерлер ақталған кезде де жақсы жаңалық естілмеді.

Кейін Төлеубек ағай әкесімен қатар ұсталғандардың ақталғанын естіп, жоғары жаққа сұрау салғанда оның атылғанын біледі. Хакім әкеміздің анасы Алтын әжеміз баласын өлдіге санамай, көзі тірі деп ойлайды. Кейін асыл азаматтың жары Әби анамыз қыздарын тұрмысқа ұзатты. Тек ұлының шаңырақ көтергенін көре алмады. Тектінің артында қалған тұяғы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматы ауылшаруашылық институына оқуға түседі. Әкесі ұстаз болған ауылда қызмет істеді. Экономика ғылымдарының кандидаты атанады. Ұзақ жылдар С.Сейфулиин атындағы Агротехникалық университетте студенттерге дәріс оқыды. Үбірлі-шүбірлі отбасының отағасы болды. Мекеге барып, мұсылмандық парызын өтеді.

Жазықсыз жапа шегіп, жау деген жалған жаламен атылып кеткен өршіл азаматтардың арманы мен үміті өздерімен кетсе де, сенімдері артында қалған екен. Соның бірі Хакім әкеміздің ұстаздық жолын жалғаған ұлы – Төлеу­бек ағамыз. «Орнында бар оңалар» деген осы.

Раушан ЖҮНІС




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button