Басты ақпаратРуханият

От шалмайтын шоқ гүл немесе Иманжүсіптің неше әні бар?



Биыл дүниеге келгеніне 160 жыл толатын Иманжүсіп Құтпанұлы туралы жазу өте қызық, өйткені ол туралы әрбір жаңа жазбада ерлік өмірінің тарихи беттері, қосымша толықтырулар кездеседі. Ол жөнінде ізденістерге жаңа адамдар қосылуда, осының өзі бұл еңбектің мазмұнын аша түскендей. Осылай бірте-бірте Иманжүсіптің айқын, есте қалатын тұлғасы танылуда, оның бейнесін бүр жармаған гүлге ұқсатуға болады.

Ыстық күндері гүл эфир майын бөліп шығарады, оған жанған шырпыны тигізсең лаулап жанады да, барлық өсімдікті алып кетеді. Көгілдір жалын лаулай барып сөнеді, ал шоқ гүл ештеңе тимегендей өз қалпында қалады. Шын мәнінде, бұл ғажап гүлдің ауаға бөлген эфир майы жанды, сол сияқты Иманжүсіп те ғажап адам болған.

Зерттеу барысында халық батырының шығармашылық мұраларын жинақтағанда, Иманжүсіптің біздің уақытқа тек екі әні – «Ерейментау» және «Сармойын» жетуі көңілге мұң ұялатты. Бұл екі ән арқылы Иманжүсіпті композитор деп атауға мүмкін емес еді. Бірақ «Бес ғасыр жырлайды» шығармасының ІІ томындағы Иманжүсіптің «Ерейментау» деп жалпы атпен жазылған өлеңдерінің 31 шумағы бұл пікірді тереңдете түсті.

Зейтін Ақышевтың «Шынардың бұтағы» романы көркемсурет антологиясының кеңесінде талдау барысында қызу пікірталас болды. Бір жазушы: «Жалғыз өлең жазған адамның өміріне тұтас роман арнап шығаруға болмайды» дейді. Бірақ шығарманың жарық көруін қорғауға М.Әлімбаев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиев, О.Сәрсенбаев өз үнін қосып, роман жазылып шықты. Ондаған роман, жүздеген кітап жазуға болады, өнердегі із санмен өлшенбейді. Бір ғана шығарманың авторын көрнекті жазушылардың қатарына қою, мысалдары тарихта аз емес. Өткен жылы батырды еске алу кешінде жазушы Төлен Әбдіков Иманжүсіптің шығармашылығын былай сипаттады: «Тіпті ол «Ерейментау» мен «Сарыарқадан» басқа өлең жазбаса да, оны қазақ музыкасының классигі деп атауға болады».

Әкемнің және оның ағаларының, көптеген өнер қайраткерінің айтуы бойынша ұзақ жыл бойы үнсіздікпен жасырын сақталып келген Иманжүсіптің баға жетпес шығармашылық мұраларын білдім.

Белгілі ғалым, халық музыкасын жақсы білетін және бағалайтын Ақселеу Сейдімбеков маған «Сарыарқа» әнін орындайтын Әмина Нұғманова туралы айтып берді. Әмина апай кездесу сәтінде тамаша тарихты баяндады. Қытайдан көшіп келгеннен кейін ол осы өлеңді орындағанда, Әлкей Марғұлан мен Сәбит Мұқанов бірдей үн қатып: «Бұл – Иманжүсіптің әні» деп, әнді жазып беруін өтініпті. Сөйтіп, жетпісінші жылдары бұл ән екі рет жазылады: бірі – симфониялық оркестрмен, екіншісі – фортепиано сүйемелдеуімен жарыққа шықты. Қазір олар – Ұлттық кітапханадағы музыка қорында және Қазақ радио­сының «алтын қорында».

Ақмолада жарық көрген «Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Оразбен кездесіп, ол Иманжүсіптің өлеңдерін орындаушы Қазыбек Нұралытегі туралы айтып берді. Ол ерте дүниеден озған, бірақ журналда оның мақалалары мен «Бұғылы-Тағылы», «Әкем Құтпан», «Ерейментау», «Сарыбел», «Сармойын», «Сейфіл-Мәлік» өлеңдерінің мәтіні берілген. Бұл – үлкен табыс, осы жетістікпен қанаттана отырып, ізденуімді әрі қарай жалғастырдым. Бірақ «Ерейментау» және «Бұғылы-Тағылы» өлеңдерінің жазылымын тыңдай отырып, екі өлеңнің әуені бірдей болып көрінді. Бұл өлеңдерді Жүсіпбек Елебеков, Рамазан Баймағанбетов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан осылай орындады, өлең сөздері бір-біріне көшіп отырды. Кейін жас орындаушылар Семейден – Еркін Шүкіманов, Ақмоладан – Сайлау Байбосынов, Қызылордадан Исабек Сәрсенбаев алдыңғыларды қайталады.

Белгілі өнертанушылар, ғалым-филологтар осы пікірге сүйен­ді. Менің негізгі сүйенерім сонау 20 жылдардағы шыққан Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» болды. Академик Б.Асафьев авторға жинақ шыққаннан кейін жазған хатында: «Сіздің еңбегіңіз, шындығында, баға жетпес, жұмсаған энергияңыз бен күшті ерік-жігеріңіз, шын мәнінде, эпос­тық» деген.

Қазақ халқының ұлы өнер туындылары мен жарқын тұлғалар Александр Затаевичтің еңбектері арқылы қайта оралуда. Бұл адами ерлік құрметке ие, оның аты көшелер мен алаңдарға, халық музыкасының фестивалі – оны еске алуға арналуы тиіс деп ойлаймын.

«Қазақ халқының 1000 әні» жинағының әрбір беті, әрбір жолы – сарқылмайтын бұлақ, шөліңді қандырып, халықтың мол мұрасынан рухани азық алу.

Міне, Иманжүсіп Құтпанұлының екінші рет дүниеге келуі де Затаевич­тің осындай шығармашылық жұмысының нәтижесі және жалғастырушылары – Жүсіпбек Елебеков, Илья Жақанов, Айжан Бердібай, Қайрат Байбосынов, Әмина Нұғыманова, Бекболат Тілеу­ханов, Әлия Мұқанова, Төлеу­тай Серіков, Сайлау Байбосынов, Гүлнәр Хамзина, Гауһар Сапарбаева, Берік Жүсіпов, Еркін Шүкіманов, Рамазан Баймағамбетов, т.б.

Жинақта Иманжүсіптің әртүрлі әуенде 6 әні берілген. Өкінішке қарай, кітапта нота бойынша жазылу жоқ, бірақ автордың келтірген мәліметтері бар, әнді орындаушыларды, әндерге сипаттама беріп, оларды жіктеген. Оқи және қайталап оқи отырып, Затаевичтің кітабынан өзіме жаңа әннен мәнді нәрселерді ұқтым. Жүздеп, мыңдап оқи отырып, кітапта тек 5 әні деп ойласам, кенет, кездейсоқ бір өлеңіне берілген мәлімет №449 нөмірмен «Үш келесі әдемі әндері №196, 217, 840». Осы нөмірлермен Иманжүсіптің әндері. Мен толқығаннан басым айналып кетті. Белгісіз тағы бір әні, әннің жолдарын қайта-қайта қайталаймын. Иә, күдіктену мүмкін емес, жаңа ән «Ел қайда?» – Қамқа Ирназарова мен Зәуре Байзақованың хабарлауымен бұл ән – Иманжүсіптікі, Затаевич өз шығармасында осы 15 жастағы қыздар туралы жазады.

Затаевичтің жинағында Иманжүсіптің 5 емес, 6 әні бар. Тек сөзі жазылмаған, әннің мазмұны мен атынан «Ел қайда?»-ны аңғаруға болады. Иманжүсіптің айдауда жүрген кезінен Ерейментаудың көлі мен жотасын сағынып, оралатынына өз сенімін білдірген.

117, 217-нөмірлердегі әндері ақмолалықтар Хұсайын Тәкежанов пен Құрбанәлі Тұяқовтар, №657 – зайсандық Иманхан Абдыханов, №870 – Торғайдан Кера Керашқанов, семейлік Фаиз Сәдуақасов Затаевичке Иманжүсіптің 758-нөмірдегі әнін айтып берген, бұларға Қостанайдан белгілі екі қызды қосамыз, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облысынан Иманжүсіптің ән мұрасы ата-баба аманатына сенімді, кім туған жерін, елін сүйсе, соның жүрегінде от шалмайтын гүлдей шешек ата береді.

Кітапта Затаевич баға жетпес мұраның кімнің көмегімен жинақталғанын толық баяндайды. Мысалы: Құрбанәлі Тұяқов туралы. Біз Құрбанәлі Тұяқов Орынбор жұмысшылар факультетінің студенті, қарапайым 25 жастағы жігіт екенін білдік. Әнші емес, бірақ көптің алдында өлең айтады, туғаннан терең музыкалы, дауысы сай, нәзік орындаушылығы бар, Ақмола өлеңдерінің нұсқаларын өз ерекшелігімен жеткізеді.

Иманжүсіп әндерінің келесі орындаушысы – Хұсайын Тәкежанов – белгілі ғалым-металлург, мемлекет қайраткері, өндірісті ірі ұйымдастырушы, академик Сауық Тәкежановтың әкесі. Сауық Тәкежановтың зайыбы – Клара Зейноллақызы мені өзі іздеп тауып, атам туралы мәліметті маған табыс етті. Темірбай Тәкежановты тұтқындаған, оның балалары мен анасы «Алжир» эшелонында болады, сол кезде Хұсайын Сауықты алып кетеді, сөйтіп Сауық әкесінің ағасының үйінде қалады, кейін Хұсайын Сауықты бала етіп асырап алып, өзі әкесі болады. Хұсайын Тәкежанов – белгілі ақын, «Терме», «Думы старца» өлеңдер жинағының авторы. Ол домбырада ойнаған, ән айтқан, аңшы.

Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин куә болғандай, оны ашық мінезі мен әділдігі үшін құрметтеген. Сауық Темірбаевтың айтуынша, Хұсайынды Молда аға деп атаған, көп уақытын құран, араб-парсы кітаптарын оқып, дастандар жазған.

А.Затаевич Иманжүсіп туралы мынадай қорытындыға келген: «Өз тегінен батыр, палуан, сапалық қасиеті музыкалық талантымен тұтасып жатыр». Бұл – музыка зерттеушісінің Иманжүсіптің шығармашылық мұрасына берген бағасы. Александр Затаевич өз жинағында өте мұқият шығармаларды асқан кәсіби шеберлікпен таңдаған, Иманжүсіптің 6 әнін кітабына енгізген. ­А.Затаевичтің кітабынан 6 ән мәтінсіз ноталық жазбалар, «Сармойын» әнінің сөзі және жеті мәтін, олардың ішінен екі әуен – «Сарыарқа» және «Ерейментау» белгілі.

Жас ғалым-өнертанушылар Айжан Бердібай, Әлия Мұқанова, Базаралы Мүптекеев өлеңдерді өңдеуде үлкен ерлік еңбек етті. Базаралы Мүптекеевтің «Сарыарқа» өлеңінің үш нұсқасын, «Болған жастан» белгісіз өлеңнің үш нұсқасын табуын ерекше атауға болады. Бұдан басқа, өлеңнің мәтінін салыс­тырып, талдай отырып, А.Затаевич жинағынан әртүрлі жылдардағы материалдарды тыңдап, Әлия Мұқанованың №840 – Сейфіл-Мәлік, №758 – «Әкем Құтпан», №217 «Сарыбел» екенін бекітті.

Қазақстан Республикасының халық әртісі Қайрат Байбосынов туған еліне барған сапарында Жаңаарқа ауданында Иманжүсіптің «Батыр-ау» әнін жазып алған мәтіні келтірілген. Иманжүсіп өмірінің соңғы кездерінде өлең жазғаны туралы деректер бар. Иманжүсіптің әйелі Зейнеп пен баласы Бекзатханның қайтыс болуына арнаған әндері қызы Күләнданың есінде қалған.

Мұндай жаңа деректер әлі аз емес. Біздің өнерге деген махаббатымыз, тарихымыз, туған жерге деген сағынышымыз, соңғы демі жеткенше өз Отанының еркіндігі мен тәуелсіздігін аңсаған, от шалмайтын гүлдей Иманжүсіп сияқты ұлдарын дүниеге келтірді.

Қазіргі жастарымыз Иманжүсіптей тұлғалардың мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізеді деген үміттеміз.

Раушан КӨШЕНОВА,

философия ғылымдарының докторы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button