Қоғам

Отан қорғау – ер жігіттің ісі



Мемлекет басшысының «Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, тәуелсіздігіміздің кепілі. Мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән береді. Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу» деп айтқаны елімізде әскер саласына айрықша мән беріліп отырғанын айғақтайды.

Кеше Астанада «Отан қорғау – нағыз ерлердің ісі» әскери-
патриоттық акциясы ұйым­дастырылып, күзгі әскерге шақыру науқаны аясында елордалық 40 азамат  салтанатты жағдайда Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына аттанды.

Астана қаласының әкімдігі мен Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бірлесіп, әскери-патриоттық тәрбие беру және Қарулы күштердің мәртебесін арттыру мақсатында өткізген іс-шараға қаланың білім беру мекемелерінің 1200-ден аса оқушысы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылар мен олардың ата-анасы, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштер мен Ауғанстан соғысына қатысушы ардагерлер қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Қарулы күштердің ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Нағұманов әскерге аттанып бара жатқан жастарға абыройлы қызмет атқаруына тілектестік білдірді.

Әскери-патриоттық іс-шараның барысында бүгінгі таңда әскер қатарында жүрген сарбаздар жас шақырылушыларға арнаған аманаты айтылса, болашақ жауынгерлер өз кезегінде Отан алдындағы әскери қызметін адал атқаруға серт берді.

– Мен үшін әскерге бару – абырой. Отан алдындағы борышымды адал атқаруға, әскери өмірдің қандай да болса қиындығына төзуге дайынмын. Ата-анамның сенімін ақтаймын деп ойлаймын, – дейді әскерге шақырылушы Санжар Мақсұтов.

Отан алдындағы әскери борышты өтеу абыройлы міндет екенін бүгінгі таңда мерзімді әскери міндетін өтеп жүрген Еркін Исақов та айтады. Ол әскерде жүріп-ақ жоғары әскери оқуға түсіп отыр. Осы іс-шара барысында 25 сарбазға әскери қызметін аяқтағаннан кейін әскери институтта оқуға сертификат табыс етілді.

«Мен қазір мерзімді әскери міндетімді өтеп жүрмін, жақын арада қызметімді аяқтаймын. Бірақ мен осында жүріп келешегімді Қарулы күштерге арнауды ойластырдым. Ол үшін әскерде жүріп-ақ алдын ала емтихандарды тапсырдым, нәтижесінде жоғары әскери оқу орнында оқуға мүмкіндік алдым. Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында оқуға сертификат алдым. Осындай мүмкіндік мемлекеттің көмегімен жүзеге асып отыр. Өте қуаныштымын» дейді Е.Исақов көңілі көтеріліп.

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button