ЖаңалықтарҚала мен Сала

ОТАН ҮШІН КҮРЕС – ЕРГЕ ТИГЕН ҮЛЕС



img_0473

ҚР Ұлттық ұланына қарасты 5573 əскери бөлімінде Тұңғыш Президент күніне жəне ел егемендігінің 25 жылдығына арналған ауқымды іс-шара өтті.

«Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген тақырыппен өткен қалалық слетке Астана қаласы əкімдігінің, сондай-ақ, əскери-патриоттық клубтардың өкілдері, Ұлы Отан жəне Ауған соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Аталмыш шараны өткізіп жатқандағы басты мақсат – жас ұрпақты патриоттық рухта тəрбиелеу жəне Ұлттық ұлан сапындағы Отан алдындағы борышын асқан абыроймен атқарып жатқан жауынгерлердің əскери өмірін насихаттау. Бәрі де бұл шараға белсене қатысып, өз ойларын ортаға салып, болашақтың иесі – жастар екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Көпшіліктің алдында айтылған ойлар, жалынды сөздер, патриоттық сарындағы ой-толғамдар көпшілікке ой тастап, бейбіт күннің жаршысы болған сарбаздардың айбынын асыра түсті. Сондай жалынды жігіттің бірі – жиырма жастағы астаналық Думан Қалыбайұлы. Болашақта ол өзін әскери саладан көргісі келетінін айта келе, қазірден бастап дайындалып жатқанын атап өтті. «Қазіргі кезде кешенді тестілеуге дайындалып жатырмын, бұйырса, Алматыдағы әскери оқуға түссем деген арманым бар. Ол жағын уақыт көрсете жатар, бірақ мақсатым айқын» дейді Думан есімді азамат.
Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті елорда мен Ақмола облысынан күзгі шақырылым бойынша Ұлттық ұлан қатарына қосыл­ғалы отырған 150 сарбазды салтанатты жағдайда шығарып салды.
– Игі шараның басты мақсаты ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында үш буынның: әскери қызметшілер, әскерге шақырылушылар және мектеп оқушыларының басын қосып, Мәңгілік ел болуды мұрат еткен Қазақ елі жастарының жоғары әскери-патриоттық деңгейде дайындалып келе жатқанын көрсетіп қана қоймай, отаншылдық рухта тәрбиелеу болып табылады. Ал бүгінгі әскер қатарына аттанғалы отырған жігіттеріміз Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы міндетін атқарғалы жатыр. Оларға тек қана сәттілік тілегім келеді. Осындай жастардың өсіп келе жатқандығына бек қуаныштымын, – деп түйіндеді өз сөзін Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, полковник Ғани Асылбекұлы.
Сондай-ақ, шара барысында қалалық бірқатар мектептердегі әскери сыныптың оқушыларына, олардың тәрбиешілеріне дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, мектеп жанынан құрылған мұндай кадет сыныптарында әскери салаға қатысты сабақтар мен тәрбие сағаттары жиі өткізіліп тұрады. Осылайша, мектептегі оқушыларды отаншылдық рухта тәрбиелеуге тағы бір мүмкіндік бар. Игі бастаманың жемісі мен атқарылған істің нәтижесін шараға келген оқушылардан бірден байқауға болады. Үстеріндегі арнайы әскери формалар, олардың жүріс-тұрысындағы байсалдылық, келешекке деген сенім шырағының жалыны бізді тәнті етпей қоймады.
Ал концерттік бағдарлама аясында сахнада Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының жауынгер-сарбаздары қару-жарақтармен көрерменге әскери дефиле көрсетіп, көпшілікті өнерлерімен тəнті етті. Қазақстанға деген ыстық ықыласын әнмен жеткізген сарбаздардың патриоттық әндері болса бойға ерекше күш-қуат беріп, рухымызды еселей түсті.

Әмір ДОСҚОЖА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button