ДенсаулықЖаңалықтар

ОТБАСЫЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ



ERA_4406

Бұрнағы күні Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаеваның қатысуымен ауысымына жүз елу адамды қабылдайтын, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған «Достық» отбасылық денсаулық орталығының ашылу салтанаты болды.

Басқарма басшысы өз сөзінде бұл орталық Қазақстан Республикасында денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру шеңберінде салынғанын атап өтті. Оның айтуынша, орталықта жалпы практика дәрігерлері қабылдау жасайды. Түрлі зертханалық зерттеулер жүргізіліп, процедуралық және екпе жасау кабинеттері, күндізгі стационар жұмыс істейді. Басқаша айтсақ, басы ауырып, балтыры сыздаған жұртқа бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін бар жағдай жасалған.

Орталық жабдықтарынан хабар берсек, онда флюорографиялық құ­рылғы, науқастарды ультрадыбыстық тек­серуге арналған стационарлық түрлі-түсті аппарат, зертханалық және физиотерапевттік қондырғылар орна­тыл­ған. Сонымен қатар, үш бригададан жасақталған жедел медициналық жәр­демнің қосымша станциясы іске қосылды.

Орталықтың бас дәрігері Сержан Досановтың сөзіне сенсек, осы стансаның арқасында шойын құю зауытының аумағында тұратын халыққа жедел жәрдем көлігі бұрын­ғыдай 20-30 минутта емес, 5-10 минутта жететін болады.

Жаңа орталықтың тағы бір артық­шылығы – оның ашылуына байланысты №3 және №7 қалалық емханалардың жүктемесі азайып, шойын құю за­уыты­ның аумағында және «Өндіріс» тұрғын алабында тұратын халыққа қолжетімді медициналық жәрдем көрсетіледі.

Бас дәрігердің айтуынша, орталық он бес мыңға жуық адамға, соның ішінде 5375 бала мен бала туу жасын­дағы 3617 әйелге қызмет көрсетеді.

Жаңадан ашылған «Достық» отбасылық денсаулық орталығы Жаһанша Досмұхамедұлы 24 мекен-жайында орналасқан.

Аманғали ШМИТҰЛЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button