Қала мен СалаҚала тіршілігі

ӨЗІМІЗДІҢ ӨНІМ ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ



Астанада отандық тауар өндірушілердің «Ұлы дала елі» атты ІІІ форумы өтіп, аталмыш шараның аясында «Қазақстанда жасалған» көрмесі өз жұмысын бастады.

Биылғы форум өткізу жаңалығы – «Jumore.com», «Zoodel» сынды шетелдік электронды сауда платформаларына отандық тауар өндірушілері тауарларының қойылуы, экспорт кеңістігінің кеңеюін айтуға болады. Осымен үшінші рет өткізіліп тұрған форумның басты идеясы – отандық тауар өндірушілеріне ірі сатып алушылармен өнім сапасын жақсарту, өнімді өткізу, сатып алулардағы ашықтық, экспортқа шығу мәселелерін талқылау үшін мүмкіндік беру болып табылады.

Форум қонақтары алдында сөз алған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының төрағасы Абай Сарқұлов қаржы институтының 20 жылдық қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, 1997-2007 жылдар аралығында «Даму» қоры Азия Даму банкі мен Еуропа Қайта құру және даму банкінің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының агенті қызметін атқарған. Осы уақыт аралығында 2,6 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетіліп, берілген несие сомасы 27,5 млрд теңгені құрапты. Қазақстандағы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 10,7 пайызды құрады. «Даму» қорының филиалдары құрыла бастаған.

Егер әріден бастасақ, 2008-2009 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктерге шарттасып қаржы салу бағдарламасы енгізіліп, соның арқасында 10 мыңнан астам жоба қолдау алып, берілген несие сомасы 521 млрд теңгені құраған. Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 17,7 пайызға жеткен.

Ал 2014 жылдың тамыз айынан бастап 2017 жыл аралығында «Атамекен» ҰКП мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арасындағы ынтымақтас­тық аясында 500 млрд теңгеден астам сомаға 1500 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған. Бүгінде жалпы сомасы 7,5 трлн теңге болатын 4006 ұзақ мерзімді келісімшарт аясында жұмыс атқарылып жатыр.

Бұл келісімшарттардың 35 пайызы тауарлар, 4 пайызы жұмыс, ал 25 пайызы қызмет көрсету салалары бойынша қамтылған. Оның ішінде 2,1 трлн теңге сомасындағы 1898 келісімшарт отандық тауар өндірушілерге тиесілі екен.

1997-2016 жылдар аралығында қор активтері 4,2 млрд теңгеден 349,4 млрд теңгеге дейін өсті. Осы уақыт ішінде жеке капитал 119 млн теңгеден 98,7 млрд теңгеге дейін көтерілді. Яғни, Қазақстан банктерінің үздік ондығының деңгейімен шамалас.

2016 жылдың өзінде ғана «Даму» қорының қолдауын алған кәсіпорындар 4 трлн теңгенің өнімін шығарған. Кәсіпорындардан түскен салық көлемі жылына 253 млрд теңгені құрайды.

«Даму» қоры ұйымдас­тырған «Қазақстанда жасалған» атты отандық тауар өндірушілердің ІІІ республикалық көрмесі қордан қолдау алған 350-ден астам кәсіпорынның басын қосқан екен. Олардың арасында тамақ өнеркәсібі, құрылыс саласы, жиһаз шығару, киім-кешек, арнайы техника мен құрал-жабдықтар, зергерлік бұйым, кәдесый мен полиграфиялық өнім шығарушы кәсіпорындар бар. Көрме 30 шілдеге дейін созылады.

Бұл күндері көрме қонақтары отандық өндірушілердің тауарларын алып, қызмет түрлерімен танысып, шеберлік сабақтарына қатысып, өзіміздің өнімдерді қолымен ұстап, дәмін де тата алады.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button