Руханият

ПАРЫЗЫН АДАЛ ӨТЕГЕН…



Жетпісінші жылдардың бас кезінде «Жұлдыз» журналының сын бөліміне, арамызда жүрсе бұл күндері жасы жетпіске толатын асыл аға Сағат Әшімбаев­қа мақала апарғаным есімде. Соның қателерін түзетіп отыр­ғанмын. Мұқаң, Мұқағали Мақатаев кіріп келді. Қажыған. Жанары шаршаңқы. Мәскеудегі оқуын тастап келген кезі екен. Ұшып тұрып, сәлем бердім.

57657

Қолымды алып:
– Қайда оқисың? – деп сұрады.
– КазГУ-де, филфакта, – дедім.
– Ә-ә, оқи бер! – деді.

Бір қызығы, жасы кіші Сағат аға Мұқағали ағамен тең дәрежеде сөйлесіп, әдеби, адамшылық әңгіменің арнасын кеңейтіп жіберді.
Біраздан соң Әбділда Тәжібаевтың сол күндерде «Лениншіл жасқа» шыққан интервьюін көрсетті.

– Мында сіз туралы да айтыпты.
– Не депті? Ұлы ақын деп пе?! – деді Мұқаң.
Сағат аға газеттен Әбекеңнің Мұқаң туралы әрі қимай, әрі ренжіңкіреп айтқан қысқа сөзін оқып берді.
Таудай Мұқаң үнсіз тыңдап, сәл теңселіп тұрды да:
– Қарау шал… сыраға ақша бермей ме?.. – деп, бұрылып шығып кете барды…

Сағат ағамыз Мұқаң туралы, ақындар мен әдебиет туралы сырлы әңгімелер айтты. Әдетінше, шабыттанып, сөзді түйдек-түйдегімен төгіп-төгіп жіберіп, арасында кілт тоқтай қалып, шекесін саусағымен тіреп отырып, екінші бір ойды қозғай жөнеледі. Қызық еді, терең, жүйрік еді.
Мен ол кісімен ең алғаш осы «Жұлдыз» журналының редакциясында танысып едім. Онда шешендік сөздер туралы зерттеу мақаламды алып келгенмін. Бізге үлкен кісі болып көрінетін, аты белгілі сыншы ағамыз сол кезде жиырма алты жаста ғана екен-ау.

Мақаламды аударып-төңкеріп, шолып шығып:
– Шешендік сөздерді зерттеп жүргенің жақсы екен. Алайда, бізге қазір бүгінгі әдебиет жайлы сын мақалалар керек. Әуелі, бірер рецензиялар жазып көрсең қайтеді? – деді. Мен мақұл көрдім. Ол кісі маған бір жаңа кітапты атап, осыны тауып ал да, талдап жазып әкел деді. Сөйтіп, мен рецензия, әдеби сын мақалалар жаза бастадым.
Кейіннен, үшінші курста ол кісі бізге сабақ берді. Ағылып сөйлегенде қиядағыны шолып, қиырды шарлап кететін. Қазақтан бастап, орыс әдебиетіне ойысып, одан әрі әлем әдебие­тінің арғы-бергі таңғажайып үлгілерін саралап шығатын. Сол кездегі жаңа ағымдармен, әсіресе, кеңестік идеология теріс бағалап, жат санаған күрделі, қайшылықты дүниелермен таныстыратын бізді.

– Әй, оларда склад мышления басқа ғой! Оларды оқып, білу керек қой! – дейтін қызбаланып, әлденеге кіжініп.  Өзінің де ойлау жүйесі өзгеше, эрудициясы ерекше болатын. Біз үшін бір жаңа ағым, жаңа құбылыс еді. Студенттер қарапайым, бауырмал ұстаздың маңына үйіріліп, жақсы көретін. Жарықтық, жанып тұрған от еді, жанының жарық сәулесі жазған еңбектері арқылы алдағы ұрпақ санасына түсіп тұрады деп ойлаймын.

Біз оқу бітіретін жылы Сағат Әшімбаев «Жұлдыз» журналынан «Лениншіл жас» газетіне редактордың орынбасары болып жұмысқа ауысты. Ол кезде «Лениншіл жастың» таралымы мол, беделі зор болатын. Нағыз халықтық газетке өлең, әңгімелері, мақалалары шыққан адам ерекше құрметке ие болып, көптің аузына ілініп, санатқа кіретін. Бесінші курсты бітіретін жылы менің де қазақ әдебиетіндегі детективтік шығармалар туралы бір әдеби сын мақалам – «Детектив дидары» деген атпен көл-көсір болып шыға келді. Оны жариялаған ұстазым, редактордың орынбасары Сағат Әшімбаев ағамыз. Алшайып атқа мінгендей болып қалдым. Сол жылы оқу бітіргесін ол кісі мені «Лениншіл жасқа» қызметке алды. Бала күнімнен аңыздай көрген аяулы газетімнің дыраудай тілшісі болу дегенің өмірімдегі керемет оқиғалардың бірі. Келген бетте Қасым Аманжоловтың «Өзім туралысы» мен Мұқағали Мақатаевтың «Реквиемін» сабақтастыра қараған көлемді мақаламды өз қолымен жариялағаны да айрықша есімде.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Сағат Әшімбаевтың қандай қысым көргенін жазыпты. Жарықтық, ұстазымыз өз кеңсесінің терезесінен алаңдағы оқиғаны телекамераға түсіртіп алып,  пленканың бәрін тықтырып таста­ған деген әңгіме сол кездерде-ақ ақын- жазушылардың, журналистердің арасында таралып кеткен болатын. Сол сақталып қалған бей­некөріністер ке­йін­нен тарихи ма­ңызды дерекке ай­налған

Газетте істеп жүрген кезде бірнеше рет Сағат ағаның үйінде де болып, Шәрбәну тәтеміздің қолынан дәм татып, ұстаз ағаның шалқар әңгімесін тыңдадым. Ол кісінің кітапханасы керемет бай еді, бірнеше мың кітаптар – әлем, орыс, қазақ әдебиетінің озық үлгілері сап түзеп, санаңа қозғау салып, самсап тұратын.

– Біздің әдебиет мықты ма, сіздің әдебиет мықты ма? – деп орыс пен қазақ жазушысы пікір таластырған көрінеді, – деген еді бірде. – Біз мықтымыз, – дейді орыс жазушысы. Сонда қазақ жазушысы: Сендер барлық жақсыларыңды жалғанға жариялап мықты болып жүрсіңдер, ал біз бар асылдарымызды жауып тас­тасақ та мықты болып отыр­мыз! – депті.
Жарықтық, Алаш ары­с­тары туралы әңгіме қозғап, ұза­ғы­нан толғайтын. Ақындармен, әдебиет­шілермен кездесіп қал­ғанда, маған «Батыр Баянды» оқытатын. Тіпті, студент күнімде, марқұм Жарасқан Әбдірашев бар, бір топ ақынды университеттің төртінші корпусының алдында, талтүсте, жапырағы жайқалған теректің түбінде тобымен тұрғызып қойып:

– Ал, ақындар, тыңдаңдар Мағжанды! – деп, маған «Батыр Баянды» жатқа айтқызып еді.  Ол кісі туралы сөз болғанда, осы күні «Парыз бен қарыз» телехабарлар циклы алдымен ауызға ілінеді.  Сол хабарларда қозғалған ойларды ағамыз оған дейін де ауызекі айтып жүретін. Ондағы асыл ойлары жазған кітаптарының беттерінде інжу-маржандай шашылып жатыр. Сүзіп ала білгенге қат-қабат қазына.

Сағат Әшімбаевтың бүкіл саналы ғұмыры, бар шығармашылығы туған халқының алдындағы парызын сезініп, қарызын өтеуге арналған. Таяуда «Егемен Қазақстаннан» Бағашар Тұрсынбайұлының «Әшімбаев формуласы» деген жақсы мақаласын оқыдым. Сонда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Сағат Әшімбаевтың қандай қысым көргенін жазыпты. Жарықтық, ұстазымыз өз кеңсесінің терезесінен алаңдағы оқиғаны телекамераға түсіртіп алып, пленканың бәрін тықтырып тастаған деген әңгіме сол кездерде-ақ ақын-жазушылардың, журналистердің арасында таралып кеткен болатын. Сол сақталып қалған бейнекөріністер кейіннен тарихи маңызды дерекке айналған.

Енді мақаланың мына бір тұсына назар аударайық:
«Тура сол қысылтаяң шақта Сағат Әшімбаевтың басына төнген қауіптен біреу қорғаса, біреу қуанды. Сағат өзі сәт-сапар тілеп, қолдау көрсеткен екі інісі «Парыз бен қарыз» хабарынан кейін үстінен арыз жазып, жоғарыға шағымданыпты. Онсыз да қайта-қайта Орталық комитеттің жиналысына түсіп жүрген Әшімбаев үшін бұл оңай соққы болмағаны анық. Осы оқиғаны айтқан Болат Қазиев ол «інілерінің» атын атамауды жөн көріпті. Көлбай Адырбекұлы да қазбаламапты. Бізге де керегі шамалы. Әйтеуір, олардың есімін жақсы білетін жанның барын білемін. Ең алдымен, ұстаз алдында, ұлт алдында қарабет болу тіпті «оңай» екенін есте сақтауға жақсы. Сағат Әшімбаевты «Алашорданың көзқарасын насихаттау­шы», «ұлтын әсіре көтермелеу­ші» деп қудалап (жоғарыдағы арыз негізінде), біраз әурелеген. «Алтын қордағы» «Бес ғасыр жырлайды» хабарының біразын ұлтшылдықтың сарыны бар деп қырқып тастапты. Содан жиналыстан-жиналыс, тергеуден-тергеу болып, әбден қалжыратқан. Бірақ оған бола жеңіле салған Сағат болмапты».

Осы жайында таратып жазған Болат Қазиевтың да мақаласын ертеректе бір жинақтан оқығаным бар еді, қай жинақ екені қазір есте жоқ. Бұл жерде «ұлтын әсіре көтермелеуші» деп қудалау көрген ұстазым Сағат ағамен мені тағдырдың тағы бір түйістіріп өткені жүрек толқытады. Ұлтшылдықтың сарыны бар деп, біразы қыр­қылып тас­талған Алтын қордағы төрт бөлімнен тұратын үш сағаттық «Бес ғасыр жырлайды» – менің авторлық хабарым болатын. Оның сценарийшісі де, жүргізушісі де, тіпті, ішіндегі жыршыларының бірі де мен едім! Әйгілі үш томдық «Бес ғасыр жырлайды» кітабы жарыққа шыққанда, сондағы ескі жырларды қазіргі жыршы-жырауларға қайта жаңғыр­тып жырлатып, теледидар арқылы халыққа насихаттасақ, сөйтіп ұлтымыздың рухын көтеруге кішкентай болса да үлес қоссақ деген ниетпен түсіріп, шығарып едік. Оған қазақ даласының түкпір-түкпірінен қаншама жыршы-жыраулар қатысып, шалқыта жырлап еді. Үлкен ғалым, ақын, жазушылар тебірене сөйлеп, елдік пен ерлік жырларының сырына үңіліп, қалың көпшілікке таралып жатқанына қуанған болатын. Енді, міне, жоғарыдағы деректерді оқығанда, кешегі Желтоқсанда балаларымызбен бірге бабаларымыздың рухы да азаттық күресіне шыққан екен-ау, қазағым, халқым деп еңіреген ер Сағат ағамыздың жанында болған екен-ау деп, толқығанымды жасыра алмаймын.

Ел үшін жасалған жақсы істің бәріне риясыз қуанып, құлшына қолдайтын керемет рухани қасиеттің иесі, жарықтық ұстаз ағамыз жаны қысылып, тағдыры қыл үстінде тұрған кезде де, өзіне айып болып тағылған «Бес ғасыр жырлайдыны» бүкіл қазаққа қайта жырлатқаным үшін маған ренжімеген шығар-ау! Ішінен тіпті мендей тентек шәкіртіне риза болып, бір марқайып қалды ма екен?! Кім білсін…

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button