Басты ақпаратЕлорда тынысы

Пейман Пурафшари: «Астана заманауи мегаполиске айналды»



Астана туралы шетелден келгендердің, оның ішінде елордада ғылым-біліммен айналысып, шәкірт даярлап жатқан оқытушылардың пікірін тыңдау маңызды. Назарбаев университетінің Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры, Ираннан келген Пейман Пурафшаримен сұхбаттасқан едік.

– Пейман Пурафшари мырза, елордамыздың 25 жылдығына қатысты дамуы, сәулеті, мәдениеті, өркендеу жолдарын қалай бағамдар едіңіз?

– Менің ойымша, Астана жаңа қала ретінде тез арада әдемі және заманауи мегаполиске айналды. Осында тұрып жатқаныма бес жыл болды. Осы уақыт ішінде мен қаланың сәулеті, мәдениеті және жалпы әл-ауқатында айқын көрінетін елеулі және әсерлі жетістіктердің куәсі болдым. Қалаға заманауи және жарқын атмосфера беретін жаңа ғимараттар салынуда. Астана туралы мені әрқашан баурап алатын бір аспект бар ол – қаланы жарықтандыруды көркем қолдануы дер едім. Қаланың түнгі жарығы шынымен әдемі, бұл елорданы мен барған басқа қалалардан ерекшелендіреді. Сондықтан әрқашан қаланың өзіндік жаны бар екенін сезінемін!

Астана сияқты заманауи қала үшін тиімді мемлекеттік қызметтер мен қолжетімді көлік жүйелерінің болуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Мен жергілікті биліктің үздіксіз күш-жігерін мойындаймын, бірақ, әсіресе, қала тұрғындарының күн сайын көбеюіне байланысты, ұтқырлық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ету үшін жаңа жолдар мен қоғамдық көлік қызметтерін көбірек дамытуды ескеру қажет деп ойлаймын.

– Иран қазіргі уақытта ол – әлемде туристер ең көп келетін 10 қызықты елдің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы туризм арқылы қарым-қатынас мәселелері қаншалықты шешілген деп ойлайсыз?

– Мен – 80 миллионнан астам халқы бар елден келген ирандықпын. Ирандықтар, әсіресе отаннан онша алыс емес елдерге көп саяхаттайды. Жақында Қазақстан мен Иран арасындағы визадан бас тарту туралы келісімге қол жеткізілді, бұл жол жүруді айтарлықтай жеңілдетеді. Мысалы, сол кезден бастап менің туыстарым келіп, тұрып жатқан жерімді көріп, аралап кетуге мүмкіндік алды. Дегенмен, менің ойымша, Қазақстан, атап айтқанда, Астана басқа елдерден келгендер үшін әлі де бейтаныс. Мәдени қарым-қатынас арқылы елді көбірек таныстыру шетелдіктерді Астанаға саяхаттауға ынталандыруға көмектеседі. Менің отбасым сияқты келушілер де елордаға қызығып, жақсы әсер алып, тамашалайтынына сенімдімін!

– Сіздердегі үлкен шаhарлардан жас елорда нені үйренуге болар еді?

– Үлкен қалаларда өмір сүру ауыр трафик пен ластану сияқты заманауи мәселелерге тап болады. Бұл мәселелер Астанада ауа райының қолайсыздығына және қаладағы энергияны тұтыну үлгісіне байланысты күрделірек. Қала енді үлкейіп келеді, сондықтан тиісті шешімдерді бастау үшін дүние жүзіндегі басқа қалалардың тәжірибесін зерделеу керек деп есептеймін. Осындай жоспар болса, тұрақты көлік жүйелерін, энергияны үнемдейтін тәжірибелерді және қаланың жылдам өсуінің ықтимал қиындықтарын жеңілдетуге болады.

– Астанадан алған алғашқы және кейінгі әсеріңізбен бөліссеңіз? Елордалықтар Сіз үшін несімен ерекше?

– Қазан айында Астанаға алғаш рет келгенім әлі есімде, ауа райының суық болғаны соншалықты, көшелер мұзға айналғандай әсер ететін. Аздап қорықтым да. Алайда адамдардың бауырмалдығы мен жылы лебізін, қонақжайлылығын тез байқадым. Бұл мені үйдегідей сезіндіруге ықпал етті. Қала өте қауіпсіз, әсіресе мен тұратын сол жағалауда еркін қыдыруға болады. Күндіз-түні, кез келген уақытта көшеде қорықпай алаңсыз жүре аламын. Ол негізінен мәдениетті, заман талабына сай, сыпайы, жауапкершілігі мол халықтың мінез-құлқына байланысты деп ойлаймын.

– Қазақтың қандай салт-дәстүрімен таныстыңыз, тілін үйренуге талпындыңыз ба?

– Менің көптеген қазақ дос­тарым бар, осы достық арқылы мәдениеттің айрықша элементтерін ұғындым. Достарым үшін отбасы бірінші орында тұрады, салт-дәстүрді сақтау да маңызды. Наурыз мейрамын тойлайтын елден келгендіктен, мені көктемде өтетін барлық фестивальдер ерекше қызықтырады. Өкінішке қарай, Астанадағы қазақ дос­тарым ағылшын тілінде еркін сөйлейтіндіктен, қазақ тілін әлі үйрене алмадым, бірақ жақын арада қазақ тілінің қыр-сырын меңгеруді басты мақсат етіп қойдым.

– Астананың қай жерлерінде серуендегенді ұнатасыз? Елорданың қай жыл мезгілі ұнайды?

– Нұржол бульвары – жиі баратын сүйікті орным. Мен сол жерге барып қана қоймай, жақсы атмосферада серуендеп жүрген адамдар мен отбасыларды бақылауды ұнатамын. Астананың қысқа көктемінің жақсы ауа райында серуендеу әлдеқайда жағымды болса, мен үшін бульвар қыста да жұмбақ болып көрінеді, ұнайды.

– Елорданың ерекшелігі қайсы, кемшін тұсы қандай? Астананың 25 жылдығына қандай тілек айтар едіңіз?

– Мені таң қалдыратын нәрсе – құбылмалы ауа райының қала тұрғындарының өмір салтына қалай әсер ететіні. Көктем мен жазда қаланың кез келген жерінде балалардың ойнап жүргенін, қаланың әсем табиғатын тамашалаған отбасыларды байқайсыз, ал қыста қаланың келбеті мүлде басқаша. Осындай ерекше жағдайды ескере отырып, қаланың қақаған қысында да халыққа қызмет етіп, қуаныш сыйлап, жігерлендіретін нысандарды көптеп жобалап, дамыту керек. Елорданың маңызды кемшілігін айта алмасам да, мен осында тұрып жатқан бес жыл ішінде қаладағы көлік қозғалысының біртіндеп артып келе жатқанын байқадым, бұл мәселені шешуге ұмтылу керек деп ойлаймын.

Астана мен үшін нағыз жылы ұя болды, шын жүректен қазақ еліне бар жақсылықты тілеймін. Елорда алдағы уақытта заманауи және экологиясы жақсы, таза қалаға айналады деп сенемін.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button