Басты ақпарат

ПЛЕВАКОНЫҢ ҚАЗАҚТАРҒА ҚАЙЫРЫМЫ



Жақында қолыма «Аталар ізімен» аталған бір іргелі әулеттің тарихын термелеген кітап түсті. Жинақтағы деректі жинаған ғалым – Рәшит Омар деген азамат. Онда Торғай өңірін мекендеген мерген руының шежіресі мен белгілі адамдары айтылады. Бізді кітаптағы заң саласында әлемдік беделге ие болған атақты адвокат, қазақтың жиені Федор Плевако мен Торғай уезінің Шұбалаң болысында болыс қызметін атқарған Смағұл Төкеұлының 1910 жылдары (жобалай солай алып отырмыз) Санкт-Петербург қаласында қатар түскен тарихи суреті елең еткізді.

НАЙЗАҒАЙДАЙ ЖАРҚЫЛДАҒАН НАМЫС
Елдегі қариялардан Смағұл атамыз туралы ептеп естігенім бар. Ол – қара қылды қақ жарған шешен Төке бидің бел баласы. Торғай жұрты от ауызды, орақ тілді ерекше дәріптейді. Төке бабамыз – патшаның отарлау сая­сатына қарсы болған кісі. Өзі де ұзақ өмір сүріп, тоқсаннан асып дүниеден озған. Бидің кіндігінен тараған ұлдары да әкесіне тартқан ержүрек, тілді, ер тұлғалы болып өседі. Смағұл Шұбалаң болысында он үш жыл қатарынан болыс қызметін атқарған. Елге беделді, айналасына қайырымы мол, аузы уәлі кісі атанған. Міне, осындай ардақты азамат қиырда жатқан даладан Санкт-Петербургқа ат арытып неге барды деп ойлайсыз? Елдің намысы мен ердің қайғысы асыл тұлғаның жанын жай таптырмаған.
Халқымыз патша билігіне бағынғаннан бастап, олар өз саясатын мысықтабандап жүр­гізді. Столыпин реформасын қолға алды. Қазақтың ұлан-ғайыр, бос жатқан жеріне қарашек­пенділерді жіберді. Және олар тақыр жерге емес, нулы-сулы, құнарлы өлкелерге табан тіреді. Әр өңірден шағын бекіністер бой көтерді. Бүгінде бір бүйірде елеусіз жатқан Торғай қаласы сондай мақсатта салынып, уез орталығына айналды. Біздің ел оны «дуан» деп атайды. Кәдім­гідей онда қарулы әскер орналасқан.
Оқиға 1908 жылы болған. Жыл сайын көктем мен күз мез­гілін­де дуанда жәрмеңке ұйым­дастырылады. Оған сол маңайдағы жұрт ағылып, мал сау­­далап, тіршілікке қажетті та­уарларды сатып алатын кө­рі­неді. Мыңдаған адам бас қо­­сатын думанға базарлап келгендердің ат көлігі қаладан алшақтау жерде бағылады. Сондай бір күз айында өтіп жатқан жәрмеңкеге келген ауыл адамын кермеге атын байлап жатқан жерінен ащы суға масайып ал­ған солдаттар жазықсыз соқ­қыға жығады. Байғұс сол жерде есіргендерден қан-жоса таяқ жейді. Амалы құрыған ол сон­да жүрген қазақ жігіттерін қор­ғауға шақырады. Намыс қойсын ба, Аманкелді Иманов бастаған бір топ адам солдаттармен шартпа-шұрт төбелеседі. Соңы кісі өліміне әкеледі. Топ­тың құрамындағы бас кө­те­рерлерін түрмеге қамайды. Оның қатарында Аманкелді Има­нов, Хакімбек Төкеұлы, Әбен Нұрмағанбет, Сейдахмет Байсейітұлы және Бұзаубақтың Табайы деген адамдар бар.
Осы оқиғаны, өзі де соның арасында жүріп, түрмеге түс­кен, 1940 жылдары өмірден өткен Сейдахмет ақсақал 1975 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «А.Иманов» құжаттар жинағы атты еңбекте толығырақ баяндайды. Онда қария былай дейді: «Қолма-қол қызу айқас басталды. Төбелеске қолға түскеннің бәрі жұмсалды. Бір солдат пен бір қазақ құрбан болды. Төбелес болған жерден қырық қазақты тұтқынға алды. Олардың көбінің оған қатысы жоқ, жай қарап тұрған жандар. Тұтқынға алынғандардың арасында Аманкелді де болды. Мен де түрмеге түстім» деп жаз­ған. Бізге бұл деректі тірі куәгер, қарттың немересі, ескі тарихқа жүйрік белгілі журналист Қабылахат Сейдахметов айтты.

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫН СІЛКІНДІРДІ
Сонымен, төбелеске қатысы бар деген 14 адам жауапқа тартылады. Олардың әрқайсысына түрлі жаза белгіленді. 1909 жылы үкім шыққаннан кейін бұларды айдауға жіберейін деп жатқанда губерниялық сотқа шағым арыз түсіреді. Арыз жазылғандықтан оларды Торғай түрмесінен ешқайда жібермейді. 1910 жылы ел ағасы Смағұл Төкеұлы Санкт-Петербургке әдейі барып, атақты адвокат Федор Плевакомен жолығады. Көрнекті заңгер қыр қазағын қабылдап, оған жөн-жобасын айтады. Қол ұшын береді. Адвокаттың ұсынысымен кассациялық арызды Смағұл Төкеұлы патша өкіметінің Сенатына тапсырады. Соның нәтижесінде іс қайта қаралады. Енді ол Торғайда да, Қостанайда да, Орынборда да емес, Троицк қаласында қаралатын болып белгіленді. Жауапқа тартылғандарды қорғауға Федор Плевако өзінің шәкірті Муравьевті жібереді. Ол Санкт-Петербургтан әдейі келіп сотқа қатысады. Бұл оқиға кезінде қазақ қоғамын дүр сілкіндірген. Сондықтан «Айқап» журналы сотты назардан қағыс қалдырмай, нөмір сайын жария­лап отырған. Бірде былай деп жазады. «Үшбу майдың 13-інде Троицкіде Саратовск судебный палатасы Торғай облысы Торғай уезі Шұбалаң болысының қазақтары Қараша Шамаров, Хакімбек Токин уә ғайрилардың ісін қарады. Бұлар 1908 жылы Торғай жәрмеңкесінде бақша күзеткен солдаттармен төбе­лескен. Бұл істі алғаш 1910 жылы Торғайда Орынбор окружной соты қарап еді. Х.Токин уә ғайрилары бұл соттың үкіміне разы болмай, қайта арызданып еді… Міне, осы арыз бойынша Саратовск судебный палата ол істерді тергеді. А.Земмирник пен Мәскеу окружный сотының адвокаты Муравьев істі жүргізді. Іс таңғы 11-де қарала бас­тап, түнгі сағат 2-де бітті. Палата 1910 жылғы 15 майда жасаған Орынборский окружный соттың хүкімін бұзып, 13 айыпкердің 2-3-еуін құтқарып, 10-ын жыл жарым арестантски ротаға, біреуін жыл жарым түрме қапасқа хүкім етті» деп журналға басылған. Мұны 1995 жылы Алматыдан жарық көрген «Қазақ энциклопедия­сында» берілген «Айқап» құжаттар жинағынан оқи аласыз. Ақыры үш жыл түрмеде отырған күндері есептеліп, азап шеккен азаматтардың бәрі жеңіл жазамен босайды. Тек Нұрмағанбеттің Әбені қараңғы қапаста көз жұмған.

ҚАЗАҚҚА ҚАНЫ ЖАҚЫН ПЛЕВАКО
Басына іс түскен қазақтарға жанашырлық көрсеткен Плевако кім еді? Ол туралы басылымдарда біршама жазылды. Дегенмен қысқаша айтып өтейік. Өз заманының асыл азаматы атанған заңгер 1842 жылы Троицк қаласында туған. Әкесінің ұлты – литван. 1832 жылғы Польшадағы поляк көтерілісіне қатысқаны үшін Ресейге, оның ішінде Троицк қаласына жер аударылады. Сонда жүргенде, қазақ қызымен танысып, шаңырақ көтерген. Қостанайлық ақын Ақылбек Шаяхмет адвокаттың анасы Қарабалық ауданының қызы деген дерек айтады. Әбден мүмкін, Троицкі мен Қарабалық – іргелес жатқан елді мекендер. Кейбір деректерде заңгердің анасының аты Өлмесек дейді. Бір ауқатты кісінің қызы бол­ған. Бірақ қарақшылардың қолынан әке-шешесі қаза та­уып, қыз жетім қалады. Оны орыс әйелі тауып, бауырына басады. Екатерина деген есім береді. Кейін қыз бойжетіп, Федордың әкесімен көңіл қосады. Плевако өмірбаяндық еңбектерінде анасының қазақ екенін мақта­ныш тұтқан. Бұл жайында орыс ғалымы В.Смолярчуктiң «Адвокат Плевако» деген кiта­бында тәптіштеп жазылады. Болашақ заңгердің әке-шешесі баласының оқуы үшін Мәскеуге қоныс аударған. Алғыр жас Мәскеу университетінің заң факультетіне қабылданады. Бірақ түрлі себеппен бұл оқуды аяқтай алмайды. Университеттен қуылады. Содан Германияға жол тартады. Гейдельберг университетіндегі ғалым-заңгерлердің дәрістерін тыңдап, білімін жетілдіріп, Ресейге қайтып оралып, Мәскеу университетін құқықтар кандидаты дәрежесінде тәмамдайды. Жиырма екі жасында сот лауазымына тағайындалып, жиырма төрт жасында адвокаттық қызметке ілігеді. Орақ тілді, кемел ақылдың иесі болған. Шешендігін пір тұтқан орыстар оны заң саласының Пушкиніне теңеген. Қызмет барысында Плевако қазақтарға көп қайырым жасаған. Олардың құқықтарын қорғауға белсене атсалысқан. Қыр адамдарының талай мәселелерін шешіп берген. Соның бір көрінісі – Смағұл атамыз Санкт-Петербургқа барғанда жылы қабылдап, екеуі қатар тұрып фотоға түскендігі. Біз сөз етіп отырған сурет – сол. Дәуірдің құнды жәдігері. Суреттен қазаққа қаны жақын тұлғаның парасаттылығын қапысыз аңғарасыз. Смағұл Төкеұлының салмақты болмысын көресіз.
Енді бізді бір дерек ойға қалдырды. Ф.Плеваконың өмір­баянын­да оны 1908 жылы 66 жасында қайтыс болған дейді. Бұл жаңсақ секілді. Өйткені Смағұл атамыз онымен 1910 жылы Санкт-Петербург қаласында кездесіп, фотоға түседі. Соған қарағанда, заңгер 1910 жылы немесе 1911 жылдың басында өмірден өткен болу керек.
***
Айтпақшы, Смағұл Төкеұлы­ның Санкт-Петербургке екі рет табаны тиген. Біріншісін тәп­тіштеп жаздық. Екіншісі 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. Әрине, көтеріліс бір күнде бұрқ ете қалған жоқ. Патшаның «июнь жарлығы» шыққаннан кейін елдің беделді бес азаматы Санкт-Петер­бургке барып, өкіметке Торғай уезі қазақтарының қарсылық өтінішін тапсырады. Амал не, қайтар жолда Орын­борға аялдаған Смағұл атамызды билік жандармдары ебін тауып қолға түсіріп, асыл ер солардың қолынан қапияда қаза табады. Сүйегі Орын­бордағы мұсылмандар зиратына қойылған. Енді ол – басқа әңгіме.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button