Басты ақпаратЕлорда тынысы

Пригородный – әуежай іргесінде



Астананың шет аймақтары жүйелі дамып келеді. Елорда маңындағы елді мекен тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысу үшін біз әуежайға барар жолда орналасқан Пригородный тұрғын алабына ат басын бұрдық. Алдымен Есіл ауданы әкімдігінің бас инспекторы Нариман Орманбаевпен хабарласып, осы ауданның инфрақұрылымымен жақынырақ таныстық.

– Пригородный тұрғын алабында шамамен 15000 адам тұрады. Мұнда 18 көпқабатты ғимарат, оның ішінде екі жатақхана бар. Сондай-ақ алапта №24 бір орта мектеп және «Шипагер» емханасы бар. Азаматтардың қауіпсіздігін полиция пунктінде қызмет атқаратын мамандар қамтамасыз етеді, ал елді мекендегі «Аспан» спорт кешені тұрғындардың дене шынықтырып, спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Онда балаларға арналған үйірмелер жұмыс істейді. 2024 жылға дейін қала маңындағы сквердің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, – деді бас инспектор.

Біз жолға шыққан күні ауа райы қарайласты. Күн жарқырап, күздің самал желі есіп тұр. Теміржол вокзалынан әуежайға дейін жүретін ең танымал елордалық №10 автобусқа отырып, діттеген жеріме жол тарттым.

Елордадағы ескі елді мекен

Жылы аялдаманы көріп ­қуанып кеттім. Қала сыртындағы елді мекенде суық және желді күндері тұрғындарға қорған болатын мұндай аялдама бар десе сенбес едім. Аялдамада егде жастағы кісі отыр екен. Әңгімеге тарттым. Жергілікті тұрғын Татьяна Поддубная өзінің тікелей атсалысуымен әкімдікке бірнеше рет барып, жылы аялдаманың керек екенін қайта-қайта талап етудің нәтижесінде осындай павильонға қол жеткізгенін айтты. Осыдан 52 жыл бұрын Ресейден Целиноград қаласына көшіп келген ол басқа да естеліктерімен бөлісті.

Арнасай көшесімен жүріп келеміз. Татьяна Александровна ауыл тарихының бір бөлігіне айналған №125 және №113 үйлер туралы әңгімеледі. Сол кезде қонақ үйлер және жатақханалар болмағандықтан, бұл ғимараттарда ұшқыштар училищесінің, авиациялық-техникалық мектептер мен диспетчерлік қызметтердің студенттері пәтер жалдап тұрды. 1960 жылдары тұрғын алаптың орталығынан монша салынғанын, жақын жерде клуб болғанын, онда жастар демалыс күндері көңілді кештер өткізетінін және сол кезде елді мекенде Балтық, Украина және Ресейден келген адамдардың көп болғанын атап өтті.

– Қазіргі Пригородный тұрғын алабының ескі атауы – Авиақалашық. Ол кездері мұнда әкімшілік ғимараттар болған жоқ, бірақ қазандық қондырғысы мен сорғы станциясы жұмыс істеді. Сорғы станциясы суды резервуарларға айдап, үйлерге су сол арқылы келетін. Ескі мұнара әбден тозды, ол кезінде ауылды ғана емес, күллі әуежайды қамтамасыз ететін, – деді Татьяна Поддубная.

Одақ ыдырағаннан кейін жергілікті тұрғындар бұл жерден ақырындап басқа жаққа қоныс аудара бастады. Алайда Татьяна Александровнаның айтуынша, олар өздерін астананың бір бөлшегіміз деп сезінеді. Елордаға апаратын жол осы шағын ауылдан басталатынын әркез мақтан тұтады.

– Сіз шеткі аймақ туралы мақала дайындап жатырмыз дедіңіз, білесіз бе, біз өзімізді шетте тұрамыз деп есептемейміз. Өйткені бұл жер бір кездері қаланың әуе қақпасы болды, – деді жергілікті тұрғын.

Татьяна Александровнаның ауласына жақындағанда, ескі үстел мен орындыққа, айналасындағы қайың, емен, сирень секілді бұталарға көзім түсті. Бұлардың бәрін ол сонау жылдары, жастау кезінде өз қолымен отырғызғанын, содан бері оларды жас балаша күтіп-баптап келе жатқанын жеткізді. Қаншама еңбек десеңізші!

Қазандықтар туралы естеліктер

– Міне, бұрынғы қазандық. Бұған дейін ол бүкіл ауылға жылу беретін, ол кезде күйе де, шаң да болмайтын. Сенесіз бе, ол кезде қыста қар аппақ болушы еді. Ал қазір ше? Гараждардың артында орналасқан жаңа қазандықта сүзу жүйесі жоқ па, білмеймін, әйтеуір желді күндері шаң мен күйеден көз ашпаймыз. Бар үміт – газдандыруда. Үйімізге газ қосылса, бұл қиындықтан құтыламыз деп үміттеніп отыр­мыз. Бұл ретте аудан әкімінің қамқорлығын атап өткім келеді. Соңғы кезде тұрғын алап көшелері мен саяжай жолдарына тас төселді. Әкіміміз жергілікті жұртшылықпен жиі кездеседі, түйткілді мәселелерді шешу жолында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді Татьяна Поддубная.

Мектеп автобусымен қатынайды

Байырғы тұрғындармен сөйлесіп болғаннан кейін мен ауыл орталығындағы №24 орта мектепке бардым. Аулалары абаттандырылып, айналасы көгалдандырылған ғимараттың қасында сабақтан шығып, үйі­не қайтқан бір топ оқушыны кездестірдім. Бір қуанарлығы, Пригородныйда футбол, бас­кетбол, волейбол ойнауға ла­йықталған спорт алаңдары көп екен. Тұрғын алаптағы «Абзал», «Сезім», «Елнұр», «ЕРДИ», «Арай», «Ақерке» саяжайларында тұратын оқушыларды мектеп автобусы тасымалдайды.

Сары түсті автобустың жүргізушісі еліміздің оңтүстігінен көшіп келгенін, бұл жерде төрт жылдан бері тұрып жатқанын айтып, өзін Назымбек Ысқақов деп таныстырды.

– Бұл жер қала сияқты. Бізге жетіспейтін жалғыз нәрсе бар, ол – қоғамдық монша. Үлкен сауда орталығы болса артық болмас еді. Бұрын біздегі жолдар кедір-бұдыр болатын, өткен жылы әкімдіктің араласуымен біраз көшенің жөнделгені тұрғындарды қуантты. Өзім балаларды тасымалдайтын автобустың жүргізушісі болғандықтан, жолдардың тегіс болғаны мен үшін аса маңызды. Төрт көшенің балаларын тасымалдауға арналған үш автобус болған. Биыл оқушылар саны артты, тиісінше, автобустың саны да өсіп, жетеу болды. Жақында тағы біреуі жұмысқа кіріседі. Сондықтан екі ауысымда жұмыс істейміз. Біз әр оқушыны үйіне дейін жеткіземіз. Өткен жылы біраз қиындықты бастан кешірдік. Мектептің жанында көліктің көп болуына байланысты автобус жүргізушілеріне біршама қолайсыздық туындады. Әкімдіктің күшімен биыл бұл мәселе шешіліп, шағын тұрақ орнатылды, осылайша жағдай біршама жақсарып келеді, – деді жүргізуші.

Үлкен базар керек-ақ

Жолда жергілікті жұртшылық жиі бас сұғатын шағын азық-түлік дүкеніне соқтым. Тауарлардың арасында күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың бәрі тұр. Сатушылар бізбен сөйлесуге ұялды ма, сұрақтарымызды жауапсыз қалдырған соң, сатып алушы Қалима Белодерованы сөзге тарттым. Тұрғын алапта 52 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан ол біраз жайтты баян­дады.

– Маған қашанда қала маңындағы үйлер ұнайтын, мұнда ыңғайлы әрі жайлы. Бұрын тек төрт үй және бір балабақша әуежайға қарайтын. Жас мамандар да осында жіберілетін. Қазір балабақшаларда орын тапшылығына байланысты біраз қиындық бар. Мектеп жасына дейінгі балаларды қала орталығына тасуға тура келеді. Мектепте балалар шамадан тыс көп, бір сыныпта 30 бала оқиды. Медициналық қызметтерге келетін болсақ, жақын жерде «Шипагер» емханасы бар, бірақ онда жалғыз терапевт жұмыс істейді, отыратын бөлмесі тым кішкентай. Зейнеткерлер арнайы мамандардан кеңес алу үшін Тұран даңғылындағы медицина мекемесіне жолдама алады. Ол жерге тікелей қатынайтын автобус бармағандықтан, екінші көлікке отыруға тура келеді. Негізі, бізге бір аурухана немесе амбулатория қажет. Қала орталығына сабылмас үшін үлкен сауда орталығы да артық етпейді. Өкінішке қарай, тұрғын алапта серуендеуге арналған орындар да жоқ, – деді Қалима апа.

Тұрғындар бір-бірін жазбай таниды

Көшеде кездескен кісілер бір-бірімен жылы амандасып, хал сұрасып жатты. Бір-бірін бұрыннан танитындары көңіліме қуаныш ұялатты.

Тұрғын алап жолдары тегістелгенмен, мұнда әлі күнге дейін велосипед жолдары жоқ екен. Astana IT University 1-курс студенті Айымгүл қала маңындағы аймақта тұратынына дән риза. Құрдастарымен бос уақытты қалай өткізетінін сұрадым.

– Жазда біз достарымызбен бірге мешітке барып, жаяу серуендеуді жақсы көреміз. Кейде жақын «Мега» сауда орталығына барамыз. Қыста қиындау, әрине. Мәселен, Министрліктер үйіне дейін бір сағат уақыт кетеді, – деді ол.

Есіл ауданы әкімдігінің бас инспекторы Нариман Орманбаев атап өткендей, биыл тұрғындардың өтініші бойынша №51 автобус бағытына өзгеріс енгізіліп, ол «Аспан» спорт кешеніне дейін ұзарды. Қоғамдық көлік қызметі жақсарып келеді.

Шеткі аймақ тұрғындарымен тілдесуден ұққаным: олар өзін толыққанды елордалықпыз деп есептейді. Басты артықшылығы – бұл жерде жайлы әрі қаладағыдай қызу қарбалас жоқ. Тек алдағы уақытта жасыл желек, сквер және заманауи абаттандырылған аула көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ,

Алина ИМАМБАЕВА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button