Имантаразы

Қадір түні қандай дұға жасаған абзал?



Рамазан айында көпшіліктің тарапынан оразаға қатысты алуан түрлі сұрақ туындайтыны белгілі. Сол себептен газетіміздің №37 (30 наурыз, 2023 жыл) санында «Ораза: сұрақтар мен жауаптар» деген айдармен өзекті сұрақтар мен олардың жауаптарын жариялауды бастаған едік. Бүгін осы айдардың аясында Қадір түнін қалай өткізу керек, пітір садақаның сыры неде, иғтикаф деген не, айт күні ораза ұстау қажет пе, шәуәл оразасы бәріне міндет пе; пітір мен зекетті туған-туыс, бауырға беруге бола ма деген сұрақ-жауаптар топтамасын ұсынып отырмыз.

Сұрақ: Қадір түнінде қандай дұға жасаған абзал?

Жауап: Қадір түні – мұсылман баласы не тілесе де Алла оның дұғасын қабыл ететін ерекше түн. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға: «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Ол: «Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр» деп дұға етуге кеңес берген.

Сұрақ: Қадір түні дұғасы қабыл болмайтын адамдар бола ма?

Жауап: Бір риуаятта Пайғамбарымыз: «Қадір түнінің жақсылығына құлшылық еткен барлық адам бөленеді. Бірақ мына төрт түрлі адам осы түннің жақсылығынан құр қалады» дейді. Олар: ата-анасына қарсы келіп, ренжіткен адам, туған-туыстарынан байланысын үзген адам, арақ ішіп, маскүнем болған адам және ызақор, кек сақтап, араз болған адам. Қадір түнінің жақсылығынан мақұрым қалмас үшін осы істерден аулақ болып, адамдармен қарым-қатынасымызды түзеткен дұрыс. Ренжіткен адамдардан кешірім сұрап, татуласуға тырысқан жөн.

Сұрақ: Пітір садақаның сыры неде?

Жауап: Пітір садақа – оразадағы қате-кемшіліктерді толықтырушы садақа. Сонымен қатар, кедейлерге ораза айтта мерекелеуге септігі тиетін садақаның түрі. Абдулла ибн Аббас: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пітір садақаны оразадағы артық сөз бен әрекеттен тазартуы үшін және кедейлерге дастарқан жаю үшін міндеттеді» деп риуаят етеді.

Сұрақ: Иғтикаф деген не?

Жауап: Иғтикаф – бір жерде отыру, ешқайда шықпау, бас тарту дегенді білдіреді. Фиқһ терминінде – мешітте немесе соған ұқсас орында иғтикафқа ниет етіп, белгілі бір мезгіл сол жерде қалу деген мағынаны қамтиды.

Сұрақ: Иғтикаф қанша уақытқа созылады?

Жауап: Уәжіп иғтикафтың ең аз уақытын имам Әбу Ханифа бір күн деп көрсеткен. Өйткені уәжіп иғткафта ораза ұстау шарт. Ал нәпіл иғтикафта бір күннен аз уақыт деп жазылған. Ханафи мәзһабында пәтуаға негіз болған көзқарас бойынша отырмай түрегеп жүріп те нәпіл иғтикаф жасауға болады.

Сұрақ: Ораза айт күні қандай амалдар жасалады?

Жауап: Ораза айт күні айт намазына дейін пітір садақасын беріп үлгеру керек. Намазға шығар алдында ғұсыл құйынып, әтірленіп, жаңа киім киіп, құрма жеп, қуаныш пен шаттық көңіл-күймен тәкбір айтып, мешітке барады. Айт намазын оқиды. Ораза айт кезінде мұсылмандар бір-бірін құттықтап, мерекелік дастарқан жайып, туыстар мен дос-жарандарды қонақ етеді.

Сұрақ: Ораза айт мерекесі күні сәресіге тұрып, ауыз бекіту қажет пе?

Жауап: Мұсылмандар арасында «Ораза айт намазына бару кезінде әдеттегідей сәресін ішіп, ауызды бекітіп бару керек» деген түсінік кең тараған. Алайда Айт күні рамазандағыдай сәресін ішудің қажеті жоқ. Керісінше, айт намазына шығарда тақ етіп бір, үш, бес, жеті құрма жеп шығу Пайғамбарымыздың сүннеті болып табылады.

Сұрақ: Айт күндері ораза ұстауға бола ма?

Жауап: Ораза айттың бірінші күні және Құрбан айттың төрт күнінде ораза ұстау – тахриман мәкрүһ, яғни тыйым салынады. Өйткені бұл – Алланың бізге сыйлаған мерекесі, тойлау және қуаныш күндері. Ал оразаның қазасын айттан кейін кез келген күні, келесі жылдың ораза айына дейін өтеуге болады.

Сұрақ: Айт күні туған немесе қайтыс болған адам үшін пітір беру міндет пе?

Жауап: Айт күні таң атқанға дейін қайтыс болса, пітір садақа беру уәжіп емес. Ал егер таң атқаннан кейін дүние салса, артында қалған туыстары қайтыс болған кісінің малынан өтейді. Сол секілді айт күні таң атпай дүниеге келген сәбиге пітір садақасы – уәжіп. Ал таң атып қойған соң туған балаға уәжіп емес.

Сұрақ: Шәуәл айының оразасының үкімі қандай?

Жауап: Шәуәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз ықтиярында. Дегенмен, мұны ұстамаған адам Пайғамбарымыздың хадисінде айтылған бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.

Сұрақ: Шәуәл оразасын арасын үзбей ұстау керек пе, әлде, бөліп ұстау­ға бола ма?

Жауап: Ораза айттан кейін алты күндік оразаны шәуәл айының ішінде бөліп ұстауға болады. Сондай-ақ арасын үзбей ұстауына да рұқсат.

Сұрақ: Зекет дегеніміз не?

Жауап: Зекет – араб тілінен енген сөз. Қазақшаға аударғанда «көбею, өсу, тазару» дегенді білдіреді. Құранның «Расында өз нәпсісін тазартқан кісі тозақ отынан құтылды» деген, «Шамс» сүресінің 9-аятында «өз нәпсісін тазартқан» деген сөздерде зекет сөзі тазару мәнінде қолданылып тұр. Зекет дегеніміз – дәулеті бар мұсылманның Алланың разылығы үшін байлығының бір бөлігін шариғатқа сәйкес жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруі.

Сұрақ: Зекет пен пітір садақаны өзінің мұқтаж бауырларына, туған-туыс­тарына берсе бола ма?

Жауап: Жалпы зекет пен пітір садақаны өзінің ата-анасына, ата-әжесіне, балаларына, немерелеріне және жұбайына бере алмайды. Мұқтаж болған бауырларына, туған-туыстарына беруіне болады. Тіпті, ең әуелі бауырларына, туыстарына берсе екі есе сауап алады. Хадисте: «Кедейлерге берілген садақа – бір садақа. Ал туысқандарға берілген садақа – екі садақа. Біріншісі садақа болса, екіншісі туысқанға жасаған жақсылық» делінген.

Сұрақ: Зекет қандай байлықтан беріледі?

Жауап: Зекет үш түрлі мал-мүліктен беріледі. Бірінші: алтын, күміс, ақша, сауда тауарлары және басқа да құнды заттар. Екінші: төрт түлік малдан: түйе, сиыр, қой, ешкі. Үшінші: егіндік және жеміс-жидектерден зекет беріледі.

«Рамазанға қатысты 200 сұрақ» атты кітапшадан дайындаған

Төлен ТІЛЕУБАЙ




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button