Басты ақпаратҚала мен Сала

Қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?



Қалаға келіп кәсіп ашатындар қатары күннен-күнге көбеюде. Олар кәсіпкерліктің түрлі саласында: бірі бұрынғы кәсібін жандандырса, бірі жаңа бизнес-жобамен нарыққа еніп отыр. «Әрекетке – берекет» демекші, әркім өз шама-шарқына қарай еңбек етсе, мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жаңа бизнес-жобасын ұсынғандарға қайтарымсыз грант тағайындап отырғаны – қуантарлық жайт.

1 млн 380 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қалай иелік етуге болады, қандай шарттарын орындау керек деген сауал қалада кәсіп ашқысы келгендерді қатты қызықтырады. Осыған байланысты маманның кеңесіне құлақ түрелік. – Жалпы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы грант берумен немесе басқа да қаржылай қолдау­мен айналыспайды. Бұл ұйым тек қаржылай емес қолдау түрлерін көрсетеді. Яғни бизнеске қатысты түрлі кеңес береді, оқытады, тоқытады. Палата биылдан бастап Ұлттық экономика министр­лігімен бірлесіп, «Мен кәсіпкермін» жобасын жүзеге асырғалы отыр. Бұл жобаның өзі екі бағыттан тұрады: кәсіпкерлерді салалық оқыту және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпке бағыт салалық оқыту жобасының жетекшісі Нұғман Жұлдызбаев.

КӘСІПТІ ҚАЛАЙ БАСТАЙДЫ?

Бірінші бағыт – кәсіпке бағыт. Кәсіпкерлерді әртүрлі сала бойынша, мысалы, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу, өндіріс мақсатында цехтар, әртүрлі қызмет көрсету бойынша салалық оқыту қызметі көрсетіледі. Екінші бағыт – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары. Тек кеңес беріп қана қоймай, тәлімгерлік, мысалы, менторлық, бизнеске шолу. Диагностикасымен бірге жасап береді. – Кәсіп ашқысы келетін кәсіпкерге қаражат керегі түсінікті. Оны біреулер грант көзінен тауып жатады, енді бірі жеңілдетілген кредит пен субсидия көзін таңдайды. Қысқасы, елде қаржылық қолдаудың түр-түрі бар, – дейді «Атамекен» өкілі. «Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы аясында екі түрлі гранттың түрі бар. Біріншісі – Еңбек министрлігі тарапынан берілетін 400 АЕК. Ол – 1 млн 380 мың теңге. Гранттың бұл түрі Жұмыспен қамту орталығы арқылы беріледі және мұнда онлайн тіркелуге де болады. Жалпы business.enbek.kz порталында тіркелу керек. Мұнда не жұмыссыз болуыңыз керек, не 3 жылға дейін кәсіпкер болуыңыз керек және әлеуметтік санатқа жатуыңыз керек.  Әлеуметтік осал топтарға қандастар, мүгедек жандар немесе мүгедектігі бар бала асыраушылар, аз қамтылған отбасыдан шыққан, я болмаса көпбалалы отбасының мүшелері жатады. Осы санаттағы азаматтар skills.enbek (stest.enbek.kz) порталында «Бастау бизнес» оқуын оқып, сертификатын алуы қажет. Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметіне сәйкес, грант беру тәртібі мына санаттағы адамдарға: әлеуметтік көмек, көпбалалы жәрдем­ақы және оның жұбайы (зайыбы), асыраушысынан айырылу жағдайы бо­йынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар, халықтың әлеуметтік осал тобына, оның жұбайына (зайыбына) беріледі. Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш берілгенге дейін тіркелген, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан кем болған жағдайда халықтың әлеуметтік осал тобына тиесілі. Азаматтардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін берілетін қайтарымсыз грант бойынша комиссия мүшелерінің өтінім берушілер алған теріс шешімінің себебін Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мекенжайына барып, кеңсе бөліміне арыз қалдыру арқылы 10 жұмыс күні ішінде біле алады. Екінші гранттың түрі – 5 млн теңгеге дейін. Бұл, негізінен, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік бөлімі арқылы беріледі. Мұнда негізгі шарттың бірі – кәсіпкер ретінде тіркеліп, грант мөлшерінің 20 па­йызын өз қаражаты есебінен қосу. Осы екі гранттың түріне де бизнес-жоспар жазылуы қажет. Аталған гранттардан да басқа түрлері бар. Мысалы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» немесе жастарға арналған «Zhas Project». Бұл – әлеуметтік жобалар мен бизнес-­идеяларды қаржыландыру арқылы, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын жастарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Грантқа ілікпеген жағдайда, жастарға арналған 2,5 пайыз несиені де қарап көруге болады. Биылдан бастап жастардың жасы 35-ке дейін көтерілгенін ескерсек, бұл жоба да талай жастың бағын ашып қалары анық. Telegram-канал желісінде «Қаржылық сауат» каналы жаңадан кәсіп ашқан іскер жандарға, жастарға, жалпы бизнеспен айналысқысы келген адамдарға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, заңдағы жаңалықтармен таныстырады, осы саладағы мамандардың пайдалы кеңесін тұрақты беріп жүр.

БИЗНЕС-ЖОСПАР ҚҰРҒАНДА НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

Болашақ кәсіпкерлер көбіне қандай қателік жібереді дегенге келсек, қолда белгілі бір мөлшерде капитал болмаса, бірден бизнес тұрғызу қиын. Алғашқы капиталды инвестордан немесе банк ұйымдарынан алатын ойыңыз болса, оған жұп-жұмыр бизнес-жоспар керек. «Атамекен» палатасының өкілі Нұғман Жұлдызбаев ондай жоспарды ақысын төлеп те жаздыруға болады немесе осы палатаның филиалдарына барып, менеджерлердің көмегіне де тегін жүгінуге болады дейді. Оның сөзіне сенсек, қаржылық сауаты бар кез келген адам бизнес-жоспарды өзі де жасай алады. Дегенмен бизнес-жоспар құратын адамның сәл де болса да қаржылық сауаты болғаны маңызды. Былтыр елімізде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9 пайызға артып, 34,7 пайызға жетті. Мұның ішінде астаналықтардың да қосқан үлесі бар.

«Орта бизнес ел эконо­микасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады» деді Мемлекет басшысы. Жаңадан кәсіп ашуға, бизнеспен айналысуға елордалықтардың ынтасы зор болып тұрғанын мына мәліметтерден анық байқауға болады.
Астана қаласы бойынша биыл 132 азаматқа (халықтың әлеуметтік осал топтарына) қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар алуға үміткерлердің өтінішін қарау жөніндегі комиссия­ның құрамына халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылым-білім беру мекемелері өкілдері, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, салалық сарапшылар кіреді.

Бизнес-жобаның биылғы 1-легіне 809 азамат өтініш білдіріп, 33 жоба мақұлданса (жоспар бойынша), 2-легіне 941 адам өтініш жазған, оның 33 жобасына грант берілді. 11-22 қыркүйек аралығында 3-лекке өтініш қабылданады. Онда 66 бизнес-жобаға грант беру көзделген.

P.S: Сонымен, қайтарымсыз грант алуды мақсат еткен елордалықтар жылдан-жылға көбейіп келеді. Жаңа идеялары бар бизнес-жобалар әлі де аз. Өкінішке қарай, азаматтар тың ізденісімен қуантса, елорда экономикасына сәл де болса өз үлесін қосса дейсің, ал бірыңғай бір-біріне ұқсас жобалар – шарықтай алмай жатып-ақ кәсіптің дөңгеленіп кетуіне кедергі жасары анық. Кәсіпкерлікті кластер бойынша, мысалы, аймақтық, салалық, технологиялық, өндірістік, тағы басқа кластерлер бағытында дамытпаса, атаулы гранттың мақсатты жұмсалатынына күмән бар. Грант иегерлерінің грант қаржысын игеру механизмін әлі де болса жетілдіру қажет. Мемлекеттен берілген қолдау дұрыс мақсатта жұмсалса дейсің.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button