Руханият

Қайраткер ғұмырбаяны



Мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы Ниязбековтың өмірі мен қоғамдық-саяси қыз­метіне арналған еңбек «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы аясында дайындалған.

Кеңестік дәуір қазақ халқының тарихи тағдырында күрделі әрі қайшылықты оқиғаларымен де, бірқатар жетістіктермен де терең із қалдырды. Дегенмен осы дәуір тудырып, шыңдаған дарынды тұлғалар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Сондай азаматтардың бірқатары тарихтан лайықты бағасын алып жатса, қайсыбірі назардан мүлде тыс қалып отыр. Оның өзіндік объективті һәм субъективті себептері бар.

Бүгінгі күнге дейін ғалым-зерттеушілердің де, журналистердің де назарынан тыс қалып келген тұлғалардың бірі Сабыр Ниязбеков еді. Зерттеуші авторлар осы олқылықтың орнын толтыруға үлкен ғылыми қадам жасағанын атап көрсеткен абзал.

Кеңестік тоталитарлық қоғам мен коммунистік идеологияны нығайтудың қатаң талаптары жағдайында партия мен кеңестік мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарған Сабыр Ниязбеков сынды азаматтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім-ғылым мен мәдениеттің өркендеуіне қосқан елеулі еңбегіне жан-жақты ғылыми талдау жасалып, объективті баға берілген.

Ғылыми зерттеулердегі тұлғатану жанрының күрделілігі – зерттеу объектісі ретінде алынған тұлғаның ғұмырбаянының барлық кезеңдерін «ізімен» жүріп зерделеуді қажет етеді.

Авторлар бұл зерттеуде Сабыр Ниязбековтың шыққан тегі мен өскен ортасынан бастап Қостанай, Қызылжар, Орал, Тың өлкесі мен Ақмола, Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі жетекшілік еңбегіне, Кеңестік парламент төрағасы ретіндегі қайраткерлігіне жан-жақты талдау жасап, толыққанды ғұмырбаяндық келбетін жасаған.

Дерексіз – тарих тұл деген қағидатты басшылыққа алсақ, бұл еңбектің басты құндылығы мұрағаттық деректік негізінде деп атап көрсеткен жөн. Сондай-ақ Сабыр Ниязбековтың Қазақстанның әр өңіріндегі сан қырлы қызметі күнделікті өмір тарихы, микротарих сияқты зерттеу ұстанымдары арқылы ашылған.

Бұл зерттеу еңбегінің тағы бір қыры – оның практикалық құндылығында. Авторлар Сабыр Ниязбековтың өңірлердегі және орталықтағы мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі арқылы елге қалтқысыз қызмет етудің, мемлекетшілдіктің үлгісін толыққанды ашып көрсеткен. Сол себепті бұл қазіргі ел тұтқасына ие болып отырған һәм мемлекеттік қызметтегі азаматтарға ой салатын, үлгі тұтарлық тұлға жайлы еңбек болып табылады.

Нұрбек ШАЯХМЕТ,

тарих ғылымдарының докторы, Astana IT University профессоры




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button