Білім

Қайырымды бастамаға үлес қос!



Байқоңыр ауданында «Мектепке жол» акциясы аясында «Балаларға мейірім сыйла» екі айлық қайырымдылық шарасы басталды. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев «АйМақ-Тау», «Жаннұр» сауда орталығы жанында «Мектепке жол-2022» брендтелген қайырымдылық үйшігіне оқу құралдары – сөмке, дәптер, қалам салып, акция­ны бастап берді.

– Қайырымдылық акциясының мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы нашар отбасы балаларына, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бармауын болдырмау. Қаланың әрбір тұрғыны шама-шарқы жеткенше арнайы жәшіктерге оқу құралы мен мектеп формасын салып, оқушылардың сапалы білім алуына үлес қоса алады. Былтыр Байқоңыр ауданында акция аясында 1000-ға жуық оқушы кеңсе тауарымен қамтылды, – деді Ерлан Жаулыбаев.

Биыл Байқоңыр ауданындағы 17 мектепке 2521 оқушы 1-сыныпқа қабылданады. Ал 11-сыныпты 1142 оқушы бітіреді. Елорданың ескі бөлігінде орналасқан ауданда көмекті керек ететін отбасылар аз емес. Оның үстіне, ауданда тұрақты мекенжайы жоқ тұрғындар бар.

2008 жылы басталған «Мектепке жол» республикалық акциясы қанша отбасының әлеуметтік және гуманитарлық көмек алуына жол ашты? Бұл туралы мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов айтып берді.

– Былтыр қайырымдылық акциясы аясында 546 ­миллион­ теңгеге елорданың 8000 оқушысы қолдау тапты. Биыл 8500 баланы қамту жоспарда бар. Бұл бағытта әріптестерім, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері атсалысып, сауапты бастамаға дем беретініне сенемін.

2022-2023 оқу жылы халықтың әлеуметтік осал тобына жататын балаларды мектеп формасы және оқу құралымен қамтамасыз етуге әр балаға 40000 теңге бөлініп, Астанада 13500 баланы құрады. 2023-2024 оқу жылы бір оқушыға 41000 теңгеге жетіп, 14500 оқушы қамтылады. Бұл бойынша бюджеттен тиісті қаржы бөлінді, – деді мәслихат төрағасы.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button