Басты ақпаратМәслихатЭкономика

ҚАЛА БЮДЖЕТІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ



ERA_8926

Астана қаласы мәслихатының қырық бірінші, кезектен тыс сессияcының жұмысына қала әкімінің орынбасары Е.Нағаспаев, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен елордалық мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бо­йынша Астана қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж.Нұрпейісов қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 13 желтоқсандағы «Астана қаласының 2014-2016 жылдарға арналған бюджеті туралы»  шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндады. Бюджет кодексінің 106-бабына сәйкес қалалық бюджет жергілікті атқарушы органның бастамасымен нақтыланатынын айта келе, ол елорда бюджетін нақтылау кезінде оның кіріс бөлігін 5 355 892 мың теңгеге ұлғайтып, осыған дейін республикалық бюджеттен бөлінген 91 434 мың теңге сомасында трансферттерді бекітуді ұсынды. Сондай-ақ, басқарма басшысы бюджет қаражатын игеру мониторингінің қорытындылары негізінде ішкі қайта бөлу жолымен жекелеген бюджеттік бағдарламалар бо­йынша жылдық жос­парлы тағайындаулар қайта қаралып, оларды әлеуметтік сала мен елорданы дамытудағы кезек күттірмейтін кейбір міндеттерді шешуге жолдау қажеттігін алға тартты.

Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында есепті кезең жоспары бойынша қала бюджеті жеке кірістер бөлігі 99,5 пайызға орындалып, 105 128 772,0 мың теңге түсті, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда түсім мөлшері 15 454 242,0 мың теңгеге ұлғайды, оның ішінде салық түсімдерінің жоспары осы кезеңде 99 пайызға орындалып, нақты түсім 92 812 336,0 мың теңгені құрады, бұл – өткен жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 15 410 717,0 мың теңгеге көп деген сөз. Салықтық емес түсімдер жоспары есепті кезеңде 1 379 709,0 мың теңгеге артық орындалып,  нақты түсім 4 464 639,0 мың теңгені құрады.

Сонымен бірге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру бағдарламасына жұмсалатын қаражат мөлшері ұлғайтылып, Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының шығыстарына қосымша қаржы қарастырылды. «Осылайша, енгізілген өзгерістердің есебімен Астана қаласының 2014 жылға нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 388 151 514,8 мың теңгені құрады немесе бекітілген бюджетке өсім – 50 942 906,8 мың теңге болды» деді Ж.Нұрпейісов.

Одан әрі Астана қаласы архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы В.Силецкий сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында Астана аумағында құрылыс салу қағидасы өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететінін ескере келе, қалалық мәслихаттың 2011 жылғы 3 наурыздағы «Астана қаласының аумағын салу жөніндегі ереже туралы» шешіміне өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, сессия барысында қалалық мәслихаттың «Астана қаласында тұрғын үй көмегiн көрсету ережесi туралы», «Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасы туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізіліп, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығында Астана қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек көрсету ережесі туралы» шешімінің күші жойылды.Сондай-ақ, мемлекет мұқтажы үшін алуға байланысты жер учаскелерін немесе жылжымайтын өзге мүліктерді сатып алу туралы шарттардың жобалары келісілді. Осыған орай қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Н.Мещеряков мемлекет қажеттілігі үшін алуға байланысты жер учаскелерін немесе басқа жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы баяндай отырып, қазіргі кезде меншік иелерімен 39 келісім жасалғанын, соның ішінде бұл учас­ке­лер кіші айналма жол, Байтұрсынов, Мирзоян және №42 кө­шелерінде жаңа мектеп салу үшін пайдаланылатынын айтты.

Халық қалаулылары сессияда қаралған барлық жобаны бірауыздан мақұлдады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button