ЖаңалықтарМәдениет

ҚАЛЛЕКИ ТЕАТРЫНЫҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ



SUL_9519

Таяуда ғана Өскемен қаласында өткен ХХІІІ Қазақстан драма театрларының фестиваліне «Тырау­лап ұшқан тырналар» лирикалық драмасымен қатысқан Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры олжалы оралды. Қойылым режиссері, аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов «Үздік режиссерлік шешім» аталымын жеңіп алды. Ақжолтай ақпарат театрдың ХХV маусымының ашылуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтылды.

Бұл жаңалықпен қоса журналистерге арналған жиында өнер ордасының мерейтойлық маусымда көрерменге жол тартар жаңа қойылымдары, гастрольдік сапарлары туралы ақпарат берілді. Тарқатып айтар болсақ, биыл театр сахнасында Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасы мен Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» хикаятының негізінде жазылған Қалихан Ысқақтың «Таңғы жаңғырық» туындысының премьерасы өтпек.
Жат ағымның шылауында кеткен бүтін бір отбасының трагедиясы туралы баяндайтын «Жан шырылы» Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музыкалық драма театрының репертуарынан берік орын алған. Енді, көрермен мұны елордалық театрдың сахнасынан да көре алады. Ал, «Қараш-қараш оқиғасы» повесінің «Таңғы жаңғырық» атауымен сахнаға бейімделген нұсқасы бұдан бұрын Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында қойылған. Қаллеки театрында мұны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналайды. Режиссердің айтуынша, елорда төрінде қойылатын бұл туындыда алдыңғы қатарға Бақтығұл емес, «елім, жерім» деп еңіреген өзге кейіпкерлер шығарылмақ. «Өйткені, аталмыш туынды бүгінгі заманмен де керемет үйлесіп тұр» дейді ол.
«Қазір талантты жас драматургтер мүлде жоқ. Басқасын айтпағанда, 35-40 жастың маңайындағы пьеса жазатын адамды күндіз қолына шам алып жүріп таба алмайсың. Мұның бір себебі – драматургтерге төленетін қаламақы өте аз. Әрі кетсе 2-3 мың доллардың маңайында ғана. Ал, клип түсіретіндердің дәурені жүріп тұр. Үш минуттық жұмысқа олар кем дегенде 5 мың доллар алады» деді Т. Теменов баспасөз мәслихаты барысында. Осы сөзімен бір қойылымды әр театрдың қайталап беруін түсіндіргендей болды.
Театр жанынан жас драматургтердің шеберханасын ашу туралы ұсынысқа Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірттерді тәрбиелеуді бастағанын, қазір сыныбына 22 студент жиналғанын, бір ұстаздың осыншама адамнан сапалы маман шығаруы қиын екенін айтып, театр мамандарын тәрбиелеген аты мойындалған тұлғаларды еске алды. Оның айтуынша, Эмиль Лотяну сынды мамандар жыл сайын өз шеберханасында 2-3 шәкіртті өнерге баулыды.
Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының алдағы гастрольдеріне келсек, елордалық ұжым жуырда Атырау қаласында өтетін жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев атындағы театр фестиваліне осы автордың «Нашақор новелласы» шығармасының желісімен режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналаған «Көлеңкесіз жолаушы» туындысымен қатысады. Бұдан үлкен сапар қараша айына жоспарланған. 30 қараша күні Мәскеудің Кеңес армиясы театрында қаллекиліктер халықаралық фестиваль аясында «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасын қояды. – Аталмыш фестивальге, әрине, жеңіс үшін барамыз. Алайда, басты мақсат ол емес. Сондай басқосуға жан-жақтан мүйізі қарағайдай мамандар жиналады. Еркін пікір алмасуға, шығармашылық қарым-қатынас орнатуға жол ашылады. Сол арқылы ұжымымызды дамыта аламыз, – деді бұл жөнінде Ә. Оразбеков.
Елордалық театр ұжымы шынымен өз жұмысын жаңа сапаға шығармақ. Өнер ордасы шетелдік театр мамандарымен тығыз байланыс орнатпақ. Бұл жөнінде: «Жылына екі рет әлемге аты шыққан режиссерлерді елордаға шақырып, олармен жұмыс істемекпіз. Келесі көктемде Грузиядан сондай маманды шақырғалы отырмыз» деді театр директоры Болат Ұзақов. Соның алғышарты жасалған да екен. Жуырда Астанаға Башқұртстаннан Айрат Әбушахман дейтін режиссер келіп, спектакль қоймақ.
«Мұның бәрі Қазақстанда театр режиссерлері түгесілді деген сөз емес. Шетелдік мамандарды шақыру – өнер ордасына жаңа леп, жаңа тыныс әкеледі. Сол арқылы шығармашылық тұрғыдан өсуді ойлап отырмыз» деді театрдың көркемдік жетекшісі.
Театрда да, кинода да табысы мол Талғат Теменов жиналғандарды елең еткізген тағы бір жаңалықты жеткізді. Ол елордаға тікелей қатысы бар «Үлкен шаһардың кішкентай ханзадасы» атты телехикаяның түсірілімін аяқтапты. Енді монтаж, дубляж жасау, музыкасын жазу сияқты жұмыстары ғана қалыпты. Атап өтер жайт, Т. Теменов мұның музыкасын жазуды белгілі композитор Төлеген Мұхамеджановқа тапсырыпты. Нәтижесін осы жыл аяғында немесе келесі жылдың басында «Қазақстан» ұлттық арнасынан көруге болады.
Баспасөз мәслихатынан соң жаңа маусым М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашылды. Соны тамашалап, спектакльде қарт Абайды сомдаған ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамов, жас Абайды ойнаған Нүркен Өтеуілов, сахнаға Оразбай бейнесін алып шыққан Болат Ыбыраев, Жиреншені сәтті көрсеткен Жанқалдыбек Төленбаев сынды актерлердің ойынына тәнті болдық. Оның алдында ұжым үшін бір мерейлі шақ орын алды. Меценат Бекзат Алтынбеков ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрланов атындағы арнаулы сыйақыны – Ержан Нұрымбетке, ал ҚР Халық әртісі Досжан Жанботаев атындағы арнаулы сыйақыны Қуандық Қыстықбаевқа тапсырды.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button