Мәдениет

ҚАЛЛЕКИЛІКТЕР ҚАЗАНҒА АТТАНАДЫ



Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 5-9 маусым күндері Қазан қаласында өтетін түркі халықтарының «Наурыз» атты XIII халықаралық театр фестиваліне А.Чеховтың «Шие бағы» туындысымен қатысады.

243a8168tsv

Якутияның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сергей Потапов былтыр қойған бұл классикалық драмамен қаллекиліктер бірқатар фестивальдерде жүлделерді иеленді. Атап айтсақ, Талдықорған қаласында өткен «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VI Орта Азия мемлекеттері театрларының халықаралық фестивалінде гран-при алып, Ақтөбедегі Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінде «Үздік спектакль» аталымында топ жарды. Челябі қаласында ұйымдастырылған «CHELoBEK ТЕАТРА» V Халықаралық театр фестивалі сарапшыларының жоғары бағасын алды.

«Наурыз» фестиваліне Қазақстан, Ресей, Эстония, Башқұртстан, Алтай, Қабардин-Балқар, Тыва, Хакасия, Якутия елдерінің 18 театры қойылымдарын ұсынады. Қаллеки театры К.Тинчурин атындағы Татар мемлекеттік драма және комедия театрында өнер көрсетеді.

Астананы да театрдың үлкен мерекесі күтіп тұр. 12-17 маусым аралығында Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 85 жыл толуына арналған «Сахнадан сәлем» V халықаралық театр фестивалі өтеді. Іле-шала 18-26 маусым күндері Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына орай «Астана» І дүниежүзілік театр фестивалі ұйымдастырылады.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button