Басты ақпаратҚоғам

Қалтарыстағы қазақ тілі



Кез келген қаланың бет-бейнесiн дәмхана, мейрамхана, шағын мекемелердiң атаулары ашады. Қызылды-жасылды жарнамалық баннерлердiң де бұл тұрғыдан салмақ-бәсi басым. Көп жағдайда қожайын – кәсiп иелерi елдiк құндылықтарды құнттамай жатады.

ҚР Тілдер туралы заңының 21-бабында жарнама алдымен мемлекеттік тілде, содан кейін орыс тілінде жазылады деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал көшеде ілінген көп жарнамалар қазақ тілінде жазылмайды. Мұны бiз арнайы рейд кезiнде анық байқадық.

Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана, өзінің негізгі мақсатын атқара алады деуге болады. Мемлекеттік тілді менсінбей тұрған мұндай атаулар қашанғы «жараның бетiн тырнай береді?». Бұл қазақтың Астанасы ма? Бас қаласы ма?

Қай елде жүрміз өзі?

Бұл кәсіп иелеріне ғана емес, сол кәсіптерін тіл туралы заңға бағынып бастауға рұқсатын беретін Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, Тілдерді дамыту басқармасының атына сын.

Маңдайшаларын қазақшалауды құнттамағандардың осылай жасауына жол берген арнаулы мамандардың да өз жұмыстарына салғырттығы бұл. Екiжақты енжарлықтан туған қателiктiң қашан жөнделерiн кiм бiлсiн?!

Төмендегі суреттер редакциямыздан шыққандағы жүз метр жерге дейін ғана жүргізілген репортаж болатын. Ары қарай қаламыздың жайын айтпаса да түсінікті. Дамыған елдерде «Сауданың тiлi ғана сол елдiң тiлi бола алады» деген пiкiр қалыптасқан. Бұл әлемдiк тәжiрибеде дәлелденген. Ал бiздiң сауданың тiлi қай тiлде жүредi? Түптеп айтқанда, елордамызда ана тіліміздің – мемлекеттік тілдің еңсесі көтерілмей-ақ қойды. …

Ұят болып тұр.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button