Қоғам

Қандас ағайындар Астанада қауышты



Кеше елордада Дүниежүзі қазақтарының «Отандастар форумы» өтті.

Салтанатты шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізген құттықтау хатта «Отандастар форумы – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «кеңеспен пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашан да елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда, шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор» делінген.

Сондай-ақ Президент азаматтардың қай мемлекетте мекен еткеніне қарамастан, бір ғана тарихи отаны бар екенін айырықша атап өтті. «Қазақстан азаматтығын және «қандас» мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі жиынға әлемнің әр түкпірінен арнайы келген қандастарымыз бен мәртебелі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Басқосуда алыстағы ағайынмен байланысты нығайтуға септігін тигізетін салиқалы ой, салмақты пікір айтылады деп сенемін» деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Шетелдегі этникалық қазақтармен қарым-қатынасты дамыту және оларды еліміздің тұрақты дамуына үлесін қосуға жол ашу мақсатында өткен бұл форумға шетелдегі 200-ден астам қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың өкілдері қатысты.

– Форумға 40-қа жуық мемлекеттен 200-ге жуық делегат келді. Бұл форум екінші рет өтіп отыр. Бұған дейін 2019 жылы өткен. Форумның басты ерекшелігі – ауқымдылығы, делегаттар санының көптігі, – деді «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы.

 

 

 

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button