Басты ақпарат

Қаңтар қасіреті: табанды шешімдер тығырықтан алып шықты



Кеше Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов, Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр және басқа да құзырлы құқық қорғау органдарының басшылары қаңтардағы трагедияға қатысты «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының және өзге де халық қалаулыларының сауалдарына жауап берді. Бас прокурор тергеудің қалай жүріп жатқаны, адамдар өлімінің мән-жайы, азаптауға қатысты тергеудің қаншалықты объективті жүріп жатқаны жайлы және көпшіліктің көкейіндегі өзге де сауалдарға толыққанды жауап қайтарды.

[smartslider3 slider=2409]

 230 адам қаза тапты

Мәжіліс отырысында депутат Снежана Имашева Бас прокурор Берік Асыловтан «Қаңтар оқиғалары кезінде қайтыс болғандардың тізімін қашан жариялайсыз?» деп сұрақ қойды. «Құрбан болғандардың тізімін біз ресми түрде жариялаған жоқпыз. Оны жариялаудың алдында құрбан болғандардың әке-шешелері мен туысқандарына қосымша қайғы әкелеміз деп ойлаймыз» деп түсіндірді Берік Асылов. Сондай-ақ ол оқиға кезінде мерт болғандардың қандай санатқа жататыны анықталатынын айтты.

«Ал енді 230 адам мерт болды деп айтып кеттік. Осылардың әрекеті бойынша көптеген істер қозғадық. Адам өлімі бойынша 94 факті, терроризм бойынша 46 қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезінде біз мән-жайдың бәрін тексеріп, қанша террорист, оның кім екенін, кімнің шабуыл жасау­шы, кімнің бейбіт тұрғын екенін тексеріс арқылы шешім қабылдап, өзіңізге баяндаймыз» деді құзырлы органның басшысы. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қайтыс болғандардың тізімін жариялауға тергеу амалдарының шектеулерінің әсері бар-жоғын сұрады. «Шектеулер бар. Кімнің кім екені тергеулер кезінде зерделенеді. Соның бәрі анықталғаннан кейін біз оны жариялай аламыз» деді Бас прокурор.

«Жабайы Арманның» 14 серіктесі ұсталды

Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғалары кезінде тергеліп жатқандар туралы статистикалық мәліметтерді жариялады. «Қамалғандардың саны 766 күдікті. Көбі – 30 жасқа дейінгі жұмыссыз, жоғары білімі жоқ жастар. Олардың ішінде 19-ы – деструктивті ағымдарды ұстанатындар, 27-і адам тыйым салынған экстремистік ұйымдарға жатады. 24-і – қылмыстық топ мүшелері, 113-і – қылмыс жасағандар. Қылмыс жасағандардың қатарында бұрын кісі өлтіріп, ұрлық жасағандар бар. Мәселен, ұсталғандардың бірі – ­Дикий Арман атанып кеткен Арман Жұмагелдиев. Оның тобындағы 14 адам ұсталды. Мұндай адамдар еш нәрсені жоғалтам деп қорықпаған да. Олар оп-оңай әртүрлі қылмыс­тарға барған. Дүкендерді тонап, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасаған» деп түсіндірді ол.

Түрмедегі азаптаудан 9 адам көз жұмған

Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғалары кезінде ұсталған 9 адам түрмеде азапталып, қайтыс болғанын мәлім етті. «Прокуратураға тергеудің рұқсат етілмеген әдістеріне байланысты барлығы 301 шағым түсті. Азаптау және билікті асыра пайдалану бойынша 243 қылмыстық іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 234 қылмыстық іс бар» деді құзырлы мекеме басшысы. Сондай-ақ бас прокурор уақытша ұстау абақтысында адамдардың қаза болғаны туралы тоғыз жағдайды арнайы прокурорлар тергеп жатқанын мәлімдеді. Бұл істер бойынша 9 лауазымды тұлға, оның ішінде 8 ҰҚКД қызметкері және бір полиция қызметкері ұсталған. Олардың барлығы соттың санкциясымен қамауға алынған.

«Олардың қатарында Алматы облысы полиция департаментінің ғимаратында үтік қолданып азаптауға күдікті полицей де бар. Алматы қаласында ҰҚКД-ның алты қызметкері азаптауды қолданды деген күдікке ілінді. Олар «Жабайы Арман» қылмыстық тобы ұрлап кеткен 24 азаматты азаптаған деген күдікке ілініп отыр. Осының салдарынан барлық жәбірленушілер дене жарақатын алып, бір адам қайтыс болған. Алматы облысы ҰҚКД-ның тағы екі қызметкері уақытша ұстау изоляторында ұсталған адамды ұрып-соқты (ол адам қайтыс болған) деген күдікке ілінді» деді бас прокурор.

Оның айтуынша, қаңтардағы аласапыранда 20 адам кездейсоқ оққа ұшыпты. Олардың ішінде жолайрықта атылған оққа ілінгендер, тонаушылардың қолынан қаза тапқандар, сонымен қатар блок-бекетте әскерилердің талаптарын елемегендер бар.

3770 қылмыстық іс қозғалды

«Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасы себептерін егжей-тегжейлі тергеп, тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша барлығы 3770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі – Ішкі істер министрлігінің өндірісінде. Олар: адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық. бұзақылық, қару ұрлау» деп түсіндірді Бас прокурор. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдау фактілері бойынша 234 қылмыстық істі жүргізіп жатқанын айтты.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов және оның үш орынбасары сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы 2 басшысы, билікті асыра пайдалану күдігімен, қылмыстық жауапқа тартылды» деді Берік Асылов. Ол ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов, үш орынбасары мен бөлім басшысына қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтты. «Оның ішінде, мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билікті асыра пайдалану және пара алу бойынша қылмыстық істер бар. Бұрынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың әрекетіне құқықтық бағаны сот береді деп ойлаймын. Бірақ алдын ала айтатын болсақ, бұл қылмыстар үшін Қылмыстық кодекспен 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр» деді Берік Асылов.

Полицейлер неге қару қолдануға мәжбүр болды?

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қаңтар оқиғалары кезінде 19 қызметкер қаза тапқанын мәлімдеді. «Үш мыңнан астам полиция мен әскери қызметшілер жарақат алды. Көптеген қызметкерлер әлі де емделуде. Біразы денсаулықтарына байланысты болашақта қызметтерін жалғастыра алмайды. Сондықтан, қызметкерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды» деді Марат Ахметжанов Мәжіліс отырысында. Министр бұл ретте, қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 61-бабына сәйкес жүзеге асқанына тоқталды. «Атап айтқанда, қару азаматтарды қорғау, қызметкерлерге және күзетілетін нысандарға жасалған шабуылға тойтарыс беру, қару мен арнайы көліктерді басып алуға жол бермеу және қарулы адамдарды ұстау мақсатында қолданылды» деді ол.

Үтікпен азаптаған жедел уәкіл ұсталды

Қаңтардағы оқиғалардан кейін құқық қорғау органдарына күштік құрылымдардың қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты арыздар келіп түсе бастағаны мәлім. Осындай арыздар бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурадан (48) және ІІМ (77) 125 қылмыстық іс келіп түскен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік төрағасы Олжас Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 234 (249 эпизод) қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын айтты (азаптау – 220, билікті асыра пайдалану – 14). «11 арызданушының оларды жоғары температураны қолдана отырып, азаптау фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс шеңберінде барлық кешенді жедел-тергеу іс-шаралары уақтылы өткізілді. Нәтижесінде, арызданушылар оларға қатысты тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған полиция қызметкерін таныды. Барлық дәлелдемелер бекітілгеннен кейін, аталған қылмыстық іс арнайы прокурорларға берілді. Анықтама ретінде: 18.02.2022 жылы Алматы облысы бойынша СЖҚІАД – 11 арызданушыға қатысты үтікпен азаптау фактісімен тіркелген қылмыстық істі арнайы прокурорға жолдап, 23.02.2022 жылы, яғни 5 күннен кейін уәкіл А.Кенжебаев ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды» деді О.Бектенов. Сондай-ақ арнайы прокурорларға адам өлімі фактісімен тіркелген 8 қылмыстық іс берілген. (ШҚО – 3, Алматы обл. – 3, Алматы қ. – 2).

Қанша адам сотталды?

Сондай-ақ министр қаңтардағы оқиғалардан кейін 72 адам сотталғанын хабарлады. «Қазір полицияның тергеуінде 2 919 қылмыстық іс бар. 1 мыңнан астам күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Мемлекет басшысы жазаны жеңілдететін жағдайларды ескеруді тапсырды. Сондықтан осы 400-ден аса күдіктінің ішінен 219-ы қамаудан босатылды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда отыр» деді Марат Ахметжанов. Министр тергеу барысында 12 мыңнан астам азаматтан жауап алынып, 2 мыңдай сараптама тағайындалғанын жария етті. «Ұрланған мүліктің көп бөлігі. Бүгінгі таңда 229 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде 72 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары басқа жазаға тартылды» деп түсіндірді деді Марат Ахметжанов.

Ұсталғандар арасында шетелдіктер бар ма?

Мәжіліс депутат Асқарбек ­Дүйсембаев Бас прокурорға қойған сауалында шет мемлекеттерден қаңтар оқиғалары кезінде қанша азамат ұсталғанын сұрады. Бұл сауалға жауап берген Бас прокуратураның өкілі Серік Шалабаев ұсталғандардың көбі Өзбекстан азаматтары екенін айтты. «Бүгінгі күні бізде қылмыстық өндіріс бойынша 19 шетелдік азаматы бар. Соның 11-і – Өзбекстан азаматтары, төртеуі – ресейліктер. Екеуі – Қырғызстаннан. Бір-бір адамнан – Қытайдан және Тәжікстаннан. Бұл азаматтардың іс-әрекеттері жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны және ұрлық, басқа да қылмыстармен дәлелденген. Бұл мәліметтер, әрине, түпкілікті емес» деді Серік Шалабаев. Ал жиыннан соң Берік Асылов жаппай тәртіпсіздіктерге 20 мың шетелдік террорист қатысты деген ақпаратты жоққа шығарды.

Күштік құрылымдардың 9 қызметкері тұтқындалған

Жалпы отырыста депутаттар азаптауға қатысты 243 іс тіркелгенімен, күштік құрылымдардың 9 қызметкері ғана тұтқындалғаны жөнінде дерек келтірді. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов Атырауда спорт залда болған жағдайлар, дәрі-дәрмектің берілмеуі, тағы да азаптаулар мен өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 243 қылмыстық іс тіркелгенін айта келе, Бас прокурордан осы 243 қылмыстық іс қаралған кезде қанша лауазымды қызметкер жұмысынан шеттетілгенін білгісі келді.

«Ұсталған азаматтармен кездесу кезінде іздеушісі жоқ жетім балалар бар деген әңгіме бар. Олар шынында да бар ма? Олар шынында да қиналып жатыр ма?» деген екінші сауалын депутат Адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға қойды. Бас прокурор алғашқы сауалға ашық жауап беріп, абақтыда жасөспірім балалардың жоқтығын айтты. «Облыс прокурорларымен кездесіп, бұл мәселенің бәрін тағы да өзім зерделеп, баяндаймын. Қазір 243 іс тергеліп жатыр. 9 адам қамауға алынды. Ұлттық қауіпсіздік органдарынан – 8, ал 1-еуі – полиция қызметкері. Бұл істің бәрі сотқа жолданған жоқ. Шешім қабылданған жоқ» деді ол. Депутаттың сұрағына өз тарапынан жауап берген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов полицияның бір қызметкері қамауға алынғанын мәлім етті. Атап айтқанда, оқиға болған Алматы облысындағы бүкіл департамент басшысымен бірге жұмыстан босатылған.

Ал Эльвира Әзімова жетім балалар туралы айтқан кезде, кәмелетке толмаған емес, 29-30 жастағы кісілер түрмеде қиналып жатқанын растады. «Негізгі өтініштердің бірі – адвокаттық көмек. Себебі көбінде қаражат жоқ. Бұл жағынан келген өтініштер бойынша көмек беру үшін Қаңтар деген қорға және қоғамдық комиссияға жүгінеміз» деді ол.

Келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңгеден асады!

Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 облысында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты зардап шекті. Бұл – Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының қалалары. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Мұндай ақпаратты Мәжілістегі басқосуда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр жариялады. Ол бәрінен көбірек зардап шеккен Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары биыл қазан айында аяқталатынын жеткізді.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде 1630 шағын орта бизнес субъектісіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келтірілген. Мемлекет басшысының кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды өтеу тапсырмасын орындау шеңберінде, тәртіпсіздіктер салдарынан туындаған зардаптарды жою жөніндегі комиссия құрылды. Бұл ретте жеңілдетілген тәртіпте фискалдық деректерге сүйене отырып, кәсіпкерлер 10 млн теңгеге дейін ала алады. Төлемдер Үкімет резервінен, сондай-ақ жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. «2022 жылдың 11 наурызындағы жағдай бойынша, өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1630 өтініштің 1192 мақұлдады. Қалған 438 кәсіпкер бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін өтемақы алады» деп түсіндірді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button