Мәдениет

Қанмен, термен жазылған кітап



Жақында Ұлттық академиялық кітапханада Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Ермұханбет Қуандықтың «1 жыл, 11 ай, 3 күн» кітабының таныстырылымы өтті. Автор өмірбаяндық деректі кітабында өзі бел ортасында болған Желтоқсан оқиғаларын боямасыз, қоспасыз нақты дерек-дәйектер арқылы жүйелі, тартымды баяндап шыққан. Мұны таныстырылымға қатысқан астаналық зиялы қауым, белгілі ғалымдар өз сөздерінде атап өтті. 

– Кітаптың пафоссыз, ешқандай әсірелеусіз қарапайым тілмен, қарапайым жүйемен, қарапайым өмір-тіршілікті баяндап жазылуы неғұрлым табиғи шыққан деп ойлаймын, – деді белгілі ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.

Академик Дихан ­Қамзабекұлы шынайы оқиғаларға негізделгендіктен, кітап өте жеңіл оқылатынын атап өтті.

– Уақыт өтеді. Осы кітаптағы үш-төрт, бес деталь ғана тарихқа мықтап енуі мүмкін. Бір дерекпен тағдырыңыз болашақ дүниеге тамызық болса, сіз – бақыттысыз. Бауыржан Момышұлы ағамыз айтқандай, термен, қанмен, азаппен жазылған кітап екені көрініп тұр, – деді ғалым.

Автор 1986 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетінде оқи жүріп, студенттердің  құрылыс отряды құрамында Чернобыльде болып, белсенді  интернационалдық көмек көрсеткен. Желтоқсан көтерілісі кезінде жастардың алаңға шығуын ұйымдастырған адамдардың бірі ретінде және Алматы  алаңындағы қақтығыстар ортасында болғаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылып, Қарағандыдағы қатаң тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясына  айдалды.

Бастапқы үкім 2 жылға қысқартылып, 1989 жылдың 3 ақпаны күні мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Қапаста 1 жыл, 11 ай, 3 күн отырды. Кітапқа сондықтан осындай атау берілген. Оқуына қайта қабылданып, тарих және сая­саттану маманы дипломын алып шықты.

Ермұханбет Қуандық «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін тексеру жөніндегі Парламенттік Комиссияның» құрамында, оның жетекшісі Мұхтар Шаханов­тың қоғамдық көмекшісі бола жүріп, жазықсыз құрбандарды анықтауға үлес қосты.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button