Мәдениет

«ҚАРАШ-ҚАРАШ» ДРАМАСЫ



IMG_6771

Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрында аса көрнекті суреткер Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» повесі бойынша дарынды қаламгер Қалихан Ысқақ сахналық нұсқасын жасаған драманың премьерасы өтті.

Ұлы Мұхаң аталған шығарманы 1927 жылы жазған. Көркем туындыға ардақты тұлға Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың басынан кешкен оқиғалары алынған. Ол жайында белгілі жазушы Шерхан Мұртаза «Тұрар» туралы эссесінде айтады.
Бала күнімде «Қараш-қараш» повесін жастанып оқыдым. Ондағы кейіпкерлердің барлығы әжем айтатын әңгімелерге қатты ұқсайтын. Ол сол кер замандағы қазақ қоғамына тән көрініс еді. Оны суреткердің жаны жылап отырып жазғаны сезіліп тұратын. 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясында қырғыздың талантты режиссері Болат Шәмшиев көркем шығарма желісімен «Асуда атылған оқ» атты фильм түсірді. Онда Бақтығұлдың рөлін Манас елінің әйгілі әртісі Сүйменқұл Чокморов жандырып ойнайды. Тартысты оқиғадан қазақтың болмысын, өрлігі мен отаршылдық сая­сат әкелген жағымсыз мінездерін айшықты көрсетеді. Соның барлығы кинода жіпке тізгендей өріледі. Бүгінде классикаға айналған сол көркем киноны қайта-қайта көре бергіміз де келеді.
Жаңа премьераның бас режиссері Әлімбек Оразбеков Әуезов әлеміне жиі ат шалдырған. Ол бұған дейін де «Абай», «Айман-Шолпан», «Қорғансыздың күні» секілді пьесаларды қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Ал, бүгінгі қойылымның мазмұны бөлек. Әрине, Мұхтар Әуезов повесті сол аласапыран уақыттың тынысын сезіне отырып жазғаны анық. Ал сахналық нұсқасын жасаған Қалихан ағамыз ұлы суреткердің азат ойын терең түсініп, дербес елдің танымымен жаңаша өрген. Тілі жатық, төгіліп тұр. Сахналық композияция да сәтті жасалған.
***
Қойылым Тектіғұлдың өлімінен басталады. Қаза үстіндегі Бақтығұлдың жан күйзелісі өте аянышты. Көзімізге кәдімгідей жас әкелді. Сәлмен байдың озбырлығы да опа бермейді. Оның шабарманы Әзбергеннің залымдығын көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Ақыры, Бақтығұл Жарасбайды келіп сағалайды. Спектакльде Жарасбай елдің қамын ойлайтын, сұңғыла тұлға санатында саналады. Расында, біз кеңестік дәуірде ауқатты адамдарды қаралап келдік. Анығында, олардың барлығы елге зәбірін тигізген қаскүнем емес, ұлтты ұйытып, шаршы топта сөз бастап, керек жерінде қол бастаған айтулы тұлғалар болды. Жарасбай да солардың сойынан. Қойылымда Жарасбай ойдың адамы, Бақтығұл істің адамы ретінде көрінеді. Екеуінің туған жерге деген перзенттік парызы мен ар алдындағы адалдықтары айқын аңғарылады. Жарасбай Бақтығұлға ел ішіндегі маңызды шаруаларды жүктейді. Ол не істесе де тындырымды атқарады. Орыс отаршылдарының алдындағы қазақтың мүшкіл халі, елім деген алып азаматтардың алтын бастарын қорлауы ашық көрсетіледі. Ел тізгінін ұстаған атқамінерлер арасындағы сатқындық та аяусыз бейнеленеді. Бақтығұлды билер ортаға алып, ауыр жазаны мойнына артқанда Жарасбай оны өз қолымен емес, шабарманы Қайранбай арқылы жазалаған шарасыздығы сәтті шешімін тапқан. Түйіп айтқанда, драманың астарынан бабадан қалған қасиетті жерді аман сақтап алу – әр қазақтың парызы деген ойды ұқтық. Жарасбай да отаршылдарға сатқан жері үшін, ар отына шыдамай, өзін құрбандыққа шалады.
***
Драмада басты кейіпкерлерді ойнаған актерларға дән риза болдық. Әсіресе, Бақтығұл образын танымал актер Қуандық Қыстықбаев әсерлі сомдай білді. Оның бойынан Бақтығұлдың бейнесін таныдық. Қазақы болмысты актердің шеберлігі көрерменді өзіне тарта білді. Жарасбайды ойнаған Нүркен Өтеуіловтің рөлі де көркем шықты. Оның бойынан бекзат болмысты дәулетті адамның сырбаздығы мен парасаттылығы қатар өріліп, психологиялық иірімдерге терең бара білді. Ойшылдығы да, жанының нәзіктігі анық көрінді. Әсіресе, маған зұлым Әзбергенді ойнаған Қасымхан Бұғыбайдың өнері де ұнады. Бір сөзбен айтқанда, барлық актерлар өз рөлдерін шынайы шығара білді.
– Қойылым маған ерекше ұнады. Қалихан ағамыз Мұхтар Әуезовтің сол кездегі идеологияға байланысты айта алмаған ойларын әдемі толықтырған. Режиссер оны сахнаға сәтті шығара білді. Мұндай пьеса театрды да, актерді де өсіреді. Жарасбайдың адами тұлғасы айшықты ашылды. Актерлар да жақсы таңдалған. Қойылым арасында диалогтар асығыс айтылған болды. Әуелі жауап беру үшін, айтылған сөзді тыңдап алу керек. Ал, басты рөлдерде ойнаған актерлар өнері тамаша шықты, – дейді белгілі театртанушы Аманкелді Мұқан.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button