Басты ақпаратҚұқық

Қауіпсіздіктің қырағы күзетінде



Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың ­басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күні бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсетіледі.

Астана қаласы Полиция департаментінің тарихы Қазақстанның жаңа астанасының дамуымен тығыз байланысты. 1997 жылы 10 желтоқсанда елорда Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Осыған байланысты 1997 жылдың 24 желтоқсанында Ішкі істер министр­лігі «ҚР ІІМ Ақмола қаласының Ішкі істер басқармасын (ІІБ) құру туралы» бұйрық шығарды. 1998 жылғы 6 мамырда Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандары құрылған соң, осы аудандардың ішкі істер басқармалары ашылды. 2009 жылдың қаңтарында сол жағалауда ІІМ шешімімен Есіл ауданының, 2018 жылдың шілде айында Байқоңыр ауданының полиция басқармасы құрылды. Жыл сайын елордалық полиция жұмысы нығайып, жаңа қызметтер құрылып, полиция қызметкерлері көбейіп келеді. Бүгінгі таңда 4 аудандық полиция басқармасы және 3 аудандық полиция бөлімі жұмыс істейді. Департаменттің қызметі 12 бағыт бойынша жүзеге асырылады, атап айтқанда, бұл бағыттарға әкімшілік полиция, криминалдық полиция, кадр саясаты, штаб қыз­меті, көші-қон қызметі, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, тергеу және анықтау, жергілікті полиция қызметі, күзет қызметі, экстремизмге қарсы іс-қимыл, жедел-криминалистік қызмет, ұйымдасқан қылмысқа қарсы қызмет түрлері жатады.

Елімізде құқық қорғау саласында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Полиция­ның қазақстандық сервистік моделі» жобасы іске асырылуда. Сервистік модель полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру, ең алдымен, полиция қызметкерлеріне деген сенімге, әріптестік қағидаттарына негізделеді. Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру, халықпен жұмыс істеудің сервистік тәсілдерін енгізу бойынша шаралар жолға қойылуда.

Бүгінгі таңда қалада 98 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Жыл сайын елордада камералар санының өсуімен байланысты анықталған және ашылған құқық бұзушылық пен қылмыстар саны да артып келеді. Биыл өткен 4 айда камералардың көмегімен 1026 қылмыс ашылып, 11214 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Полицейлер «Қорғау» жүйесінде жұмыс істеуге арналған мобильді планшеттермен жабдықталған. Елордалық департаменттің қызметі заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жолымен жұмыс процесін бюрократияландыру және оңтайландыру бойынша жетілдірілуде. Соңғы жылдары ақпараттық технологиялармен байланысты қылмыстар тонау және ұрлық сияқты дәстүрлі қылмыстарды ығыстырды.

– Қалалық әкімдік біздің полицейлерге әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен қолдау көрсетеді. Департамент қызметкерлері мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алатын арнайы бағдарламаларға қатысады. Елордалық полицияның даму жылдарында қалыптасқан полиция кадрларын іріктеу, оқыту, тәрбиелеу жүйесі мен қағидаттары елордалық Полиция департаментін одан әрі дамыту мен нығайтуда берік негіз қалады. Қай уақытта да елордалық полицейлерге еліміздің бас қаласында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ерекше жауапкершілік жүктелген. Ол үшін тәуелсіздік жылдары қалыптасқан қуатты мемлекеттік жүйе құрылды, – дейді департамент бастығы Марат Төлебаев.

Биыл төрт айда, қылмыстардың жалпы санының артуына қарамастан, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр түрде зиян келтіру, зорлау, бұзақылық, бопсалау, қалта ұрлығы, автокөлік ұрлау саны азайды. Қылмыстың барлық түрінің ашылуы жақсарды. Айта кету керек, соңғы 5 жылда халық санының тұрақты өсуімен қылмыстар саны 1,5 есе азайды. Егер 2018 жылы 24545 қылмыс тіркелген болса, 2022 жылы 16572 қылмыс анықталды.

Нашақорлық мәселесі ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіптің қатарына жатады. Есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіруге аса мән беріледі. Соңғы жылдары енгізілген нормалар, ең алдымен, синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің таралуын болдырмауға бағытталған. Олардың айналымына қатысты мемлекеттік бақылау жүйесі жаңғыртылды.

– Айта кету керек, біздің қыз­меткерлердің көпшілігі қауіпсіздікті, тыныштықты және азаматтарды қорғауды қамтамасыз ету бойынша өз міндетін адал орындайды. Көбіне олар қиын сәтте азаматтарға көмекке бірінші болып келеді, басқаларды құтқару үшін өз басын қатерге тігеді, – дейді департамент басшысы.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін елордада барлық полицейдің жұмыс схемасы мен режимі қайта қаралды, шет аймақта және іргелес жатқан саяжай алаптарында патрульдеу маршруты ұлғайтылды. Құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын құру бойынша жұмыс жалғасуда. Жыл басынан бері 232 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды.

Елорда полицейлерінің басты міндеті – құқық бұзушылықтың алдын алу. Осы мақсатта «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын іске асыру үшін учаскелік полиция пунктінің санын көбейту және модульдік посттарды орнату бойынша әкімдікпен бірлескен шаралар қабылданады. Астанада 2022 жылы 5 учаскелік пункт іске қосылды, модульдік үлгідегі 10 стационарлық бекет жұмыс істейді, биыл тағы 3 пункт салу жоспарланған. Мұның бәрі ашықтықты, айқындылықты қамтамасыз ету, адамдардың өтінішіне жедел ден қою үшін жасалады. Мұндай қарым-қатынас елорда тұрғындары мен полицейлер арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға, ұсақ құқық бұзушылықтардың және аса ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button