Басты ақпаратРуханият

Қазақ келінінің келбеті



Киносы шыққаннан кейін 48 жыл өткенде қойы­лымы Астананың Музыкалық жас көрермен театрында алғаш сахналанған әйгілі «Гауһартас» туындысы талай таланттардың жұлдызын жақты. Көгілдір экран арқылы сұлу да тәрбиелі қазақ келінінің образын сомдаған танымал актриса Жанна Қуанышеваны да кезінде осы шығармадағы Салтанат рөлі атақ-даңққа бөледі. Ал повесть желісімен былтырғы премьерасынан бері 157 рет қойылған театрдағы спектаклінде дарынды актриса Инабат Ризабекова нағыз қазақ келінінің эталонын шынайы болмысымен бейнелеп, көрермен көзайымына айналды.

 «Umai-2023» ұлттық сыйлығын жеңіп алған музыкалық драманы өткен жылы 70 мыңнан астам көрермен тамашалапты. Көптің жүрегін жаулаған «Гау­һартасты» көруге еліміздің өзге аймақтарынан да келетін көрермендер аз емес. Спектакль соңында көзге жас үйіріліп, көңіл босайтыны сонша көрермен тамаша әдеби шығарманы сахна төрінде әуелеткен актерлер құрамының еңбегіне толассыз қошемет көрсетіп жатады. Премьерасынан бері қойылымның аншлагсыз өткен кезі жоқ, билеттер сатылымға шыққан күні-ақ  жылдам өтіп кетеді. Жалпы қойылымды сомдайтын актерлердің үш құрамы, яғни Салтанатты ойнайтын үш актриса бар. Солардың ішінде Инабат былтыр қойылымды бастапқыда бірінші құрамда жалғыз, кейіннен жаңадан қосылған екі құрамдағы әріптестерімен алмасып 100-ге жуық рет ойнаған. Актерлік шеберлігіне қоса әншілік өнерімен тамсандырған Инабат «Гауһартас» қойылымындағы (авторы – Д.Исабеков, режиссері – А.Маемиров) осы Салтанат рөлі үшін былтыр «Сыншылар жүлдесі – 2023» марапаттау кешінде «Жыл актрисасы – 2023» жүлдесіне ие болды.

Сахна адамы болса да, өмірде сабырлы, биязы мінездің иесі екені бірден байқалған Инабат Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында дүниеге келіпті. Актрисаға өнер нағашыларынан дарып, алғаш ән айту қабілеті әкесінің 50 жас мерейтойында байқалған. Содан бастап ата-анасы оны үнемі қолдап, мектепте талай байқауларға қатыстырған. 9-сыныптан кейін Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледжге эстрадалық вокал бойынша орын болмай, хор дирижері мамандығына грантқа оқуға түседі.  Одан әрі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында музыкалық театр әртісі мамандығы бойынша 2014-2018 жылдар аралығында жоғары білім, кейінгі тағы екі жылда магистрлік білім алады. Үшінші курстан бастап, оқуын дуальді жүйе бойынша жалғастырып, елордадағы «Astana Musical» театрында еңбек жолын бастайды. Сахнадағы бірінші дебюттік рөлін осы театрда 2017 жылы «Қыз Жібек» қойылымындағы басты рөлден бастады. 2020 жылы елорда төрінде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған Музыкалық жас көрермен театрында жұмысын жалғастырды.

– Бүгінде театрда 7 спектакльде рөлдерім бар. «Chanel №5» қойылымында – Дәмеш рөлі, «Шәмшіде» – Роза Бағланова, «Жылы орында» – Анна Павловна, «Махаббат бар ма?» қойылымында – Кәусар, «Гауһартаста» – Салтанат, «Қыз Жібекте» – Жібек, былтыр желтоқсанда сахналанған «Қоштасқым келмейді» спектаклінде Катя рөлдерін сомдаймын. Ал қазір дайындық жүргізіп, премьерасы бір айдан соң болатын «Мадемуазель Нитуш» қойылымында Нитуштың рөлін ойнаймын, – дейді актриса.

«Гауһартас» музыкалық драма ретінде қойылғандықтан оған актрисалар таңдағанда вокалдық жағынан даусының күші бар, диапазоны кең, ән айта алатын актрисаларға басымдық берілген. Себебі Бибігүл Төлегенова сияқты опера жұлдызы орындаған «Гауһартас» әнін «мен» деген әншілердің өзі жетеріне жеткізіп айта алмайды. Ал актрисаларға бұл тұрғыда өзіндік әншілік қабілет керек.

– Кез келген режиссер белгілі бір рөлге актерді бекітер алдында оны шамасы келеді-ау деген адамға ұсынады. Негізі бұл орындалуы қиын ән, оның мәтіні жағынан бірнеше нұсқасы бар, әнді дайындауда дарынды әнші Света Айтбаева апайымыздың көмегіне көп жүгіндік. Екіншіден, Салтанат образына болмысы ұқсайтын актрисаларға назар аударылды. Өзім де үлкен бір әулеттің келінімін, осы жағынан да келін рөлін сомдауға бір құрамға мен таңдалдым. Бір жыл бұрын осындай драма қойылатыны айтыла бастағаннан дереу киносын қайталап көріп, Дулат атамыздың кітабын тағы терең зерделеп, оқып шықтым. Жалпы қойылымның өзін дайындауға 6 ай уақыт кетті. Сол аралықта біздің бүкіл актерлік құрам тек «Гауһартас» деп оянып, соны талқылап ұйқыға кетіп жүрді, расын айтқанда, бәріміз осы қойылыммен «ауырдық». Кітабын оқыған кезде көз алдыма елестетіп тұрып, тамсанып отырып оқыдым, өзімді сол рөлде «көрдім». Салтанатқа бірден ғашық болдым, образы мені бірден баурап алды. Басты кейіпкердің өзіммен ұқсас тұстарын және несімен ұқсамайтынын да анықтап, өз рөлімді толық зерттедім. Одан кейін вокалдық жағынан ұзақ дайындалдым. Бүкіл актерлік құрам таңнан кешке дейін дайындықты үзбедік, премьераға жақындағанда таңға дейін қалып дайындалатынбыз. Себебі осындай классикалық әдеби шығарманы сахнаға алғаш рет алып шығу үлкен жауапкершілік жүктеді. Оның үстіне премьерасына повесть авторы Дулат атамыз да келетін болды. Міне, сол күн-түн демей еткен еңбек ақталып жатыр, келген әрбір көрерменнің ыстық ықыласына бөлендік, халықтың батасын алдық. Сондықтан сахнаға шыққан сайын өзімді бақытты сезінемін. Тіпті сахнаға ауырып шықсам да сол сәтте бәрін ұмытып, тек Салтанат образына кіріп кетемін, – дейді Инабат.

Оның айтуынша, шығармада көтерілген мәселе содан бері жарты ғасыр өтсе де әлі де өзекті. Қазіргі дәуірмен ұқсастықтары өте көп. Бүгінгі таңдағы отбасындағы зорлық-зомбылық туралы күн сайын тарайтын ақпараттар – соның айғағы.

– Бұл қойылымда ене мен келіннің, қайнысы мен жеңешесінің арасындағы қарым-қатынас, келіннің атасына деген құрметі, ерлі-зайыптылар арасындағы түрлі сезім көрсетіледі. Әрине, ол кезде тәрбие басқа, қазақ қызының, келінінің болмысы сәл өзгеше болуы мүмкін. Тәртіп қатты. Дегенмен ақ-қараны театр қойылымдары арқылы сырттай бақылаумен ажыратқан көрерменге бұл көп ой салады. Біз ойнап тұрғанда залда тіпті кейбір ер адамдардың да жылап отырғанын байқаймыз. Қойылым біткен соң олар бізге келіп: «Сахнадан өзімді, әйелімді көргендей болдым» деп қойылым оларға қатты әсер еткенін айтады. Көрерменнің бұлай ақтарылуы, залда жылап отыруы біздің жүрегімізді одан сайын елжіретіп, сенімімізді арттырды, өзіміздің дұрыс бағытта екенімізді түсіндірді, – дейді ол.

Жалпы қойылымның көрер­мен жүрегін жаулап алуында режиссерлік жұмыстан бастап бүкіл актерлік құрамның, сахна сыртындағы басқа да қызметкерлердің қосар үлесі өте зор. Ең бірінші кезекте сахнадағы шынайылық үлкен рөл ойнайды. Сосын әрбір актердің қажырлы еңбегінің жемісі. Театр әртістерінің бәрі дерлік отыздың үстіндегі жастар болса да, қойылымдағы егде жастағы кейіпкерлерді шынайы сомдайды. Бүкіл құрам алты ай бойы образ жасауға әзірліктен бөлек, хор мен биге дайындалды. Бүгінде осы қойылымдағы «Құдаша», «Ләйлім шырақ» әндері мен билері жастар арасында трендке айналып, кеңінен таралып кетті. Қойы­лым арқылы халық әндері дәріптеліп, жаңаша леппен елге жеткізілді. «Гауһартас» гастрольдер кезінде айына 22, ал қалыпты уақытта айына 13-14 реттен қойылды.

Атыраудың келіні Инабаттың жұбайы Оразалы да – осы театрдың белді актері. Екеуін табыстырған театрда олар сияқты барлығы 14 жұп отбасы бар. Инабаттың актерлік өміріндегі ең жүрегіне ыстық қойылым «Қыз Жібекте» екеуі Жібек пен Төлегеннің рөлін сомдап жүріп, бір-біріне шынайы өмірде де ғашық болып қалады. Қойылымға дайындық барысын көрген марқұм Құман Тастанбеков басты рөлдегі екі актердің сезімін бірден байқап, жақында бір жаңа жұп пайда болатынын айтқан екен және жас театр ұжымына батасын беріп кеткен. Сөйтіп көп ұзамай бұл сезімнің соңы үйлену тойына жалғасып, екі жас дүниеге келген қызының есімін Жібек деп қояды. Ерін өзінен жоғары қоятын қазақ әйеліне тән қасиетпен Инабат та жұбайының бойындағы қабілетін биік бағалап, оның актерлік өнердегі тәжірибесі мол екенін, осындай жетістікке тек соның қолдауымен жетіп жүргенін ақтарыла баяндады. Болашақта қазіргіден басқаша тарихи тұлғаларды және жағымсыз кейіпкерлерді де сомдап, шығармашылығын шыңдай түсуді, театр деген ұлы өнердің шыңына жетуді армандайды. Жас та дарынды шығармашылық иелерін өнерде де, өмірде де тәрбиелеп отырған театр директоры әрі режиссері Асхат Маемировтің осы тұрғыда еңбегі орасан зор. Ұжымды шығармашылық жағынан үнемі дамытып, тәрбие мен адалдықты өсиет ететін басшыны Инабат та, театрдағы әрбір актер де өнердегі әкесі, өнегелі тәлімгері санайды.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button