ЖаңалықтарМәдениет

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАШАН ТАБЫС ТАБАДЫ?



photo_54801-3-asli

Жуырда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен үкімет сағатында қазақ киносының мәселесі көтерілген болатын. Аталған жиында кино саласының майталмандары өз пікірін білдіріп, үлкен мәселе көтерді. Ал Премьер-министр болса, фильмнен пайда түспесе киноиндустрияның дамуы да екіталай екенін айтты. Десек те, елімізде түсірілген фильмдер пайда таппақ түгілі өзін-өзі ақтауы мұң болып тұр.

ҮКІМЕТ ҮМІТ СЫЙЛАП ОТЫР

Биыл қазақ киносын дамытуға арналған тұңғыш рет «Кине­матография туралы» заң қабыл­дануы мүмкін. Аталған заң жобасы наурыз айында Үкімет қарауына ұсынылып, мамырда Парламентте қаралады деп жоспарланып отыр. Демек, ал­дағы уақытта қазақ киносы­ның бойына қан жүгіріп, тамаша туындылар жарық көруі мүмкін. Өйткені бұл іске басқа емес, Үкімет басшысының өзі білек сыбана кірісіп отыр.
– Бүгінде еліміздің гео­гра­фиялық жағдайын ескерсек, бұрынғы кеңестер кезінде сияқты 7 мың елді мекеннің әрбіреуінде кинотеатр ұстау оңай емес. Дегенмен, аудан орталықтары бар. Бір қызығы, Талғарда неге кинозал жоқ? Бәлкім, бір қолдау жасап, биз­нестің жергілікті жерге баруына жағдай жасау қажет шығар? Моноқалалар мен шағын қала­ларға барса да болады. Бізде бар болғаны 29 моноқала және 41 шағын қала бар. Аудан орталықтарын да ұмытпау қажет. Жаңылмасам, 2012 жылда «Даму» қоры арқылы жергілікті жерде кинотеатр­ларды ашуға жеңілдетілген несиелер беру туралы ұсыныс болған. Оның қалайша іске асқанын білмеймін. Дегенмен, осы іспетті шараларды жинақтасақ, әжептәуір қолдау жасай аламыз. Көрермен қауым облыс орталығына бармай-ақ фильмдерді кинотеатрдан көре алады. Ал кинотеатрда көрген фильмнің әсері мүлдем өзгеше болады. Оны бәрі жақсы біледі, – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, отандық киноиндустрия саласына кәсіпкерлерді тартып, моноқа­лалар мен шағын қалаларда кинотеатрларды көптеп ашу қажет. Егер кәсіпкерлер аталған салаға қаржы салатын болса, одан өзі де, өзге де ұтылмас еді. Бірақ бұл жұмыстарды жүйелі іске асыру үшін заң жобасы өте сауатты жазылып, қабылдануы керек.

ФИЛЬМ ТАБЫС ТАБУ ҮШІН КӨБЕЮІМІЗ КЕРЕК

Соңғы жылдары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ауыз толтырып айтарлықтай туындыларды ұсына бастады. Мысалы «Құ­нанбай» мен «Аманат», «Анаға апарар жол» мен «Алмас қылыш» сынды фильмдер көпшіліктің көңілінен шыға білді. Бірақ бір өкініштісі, «Қазақфильм» киностудия­сы түсірген фильмдердің өзін-өзі ақтап немесе пайда тап­қан кезі аз. Кинодраматург Ерлан Төлеутай отандық туын­­дылардың табыс таппай отыр­ғандығының бірнеше себебі бар екенін айтады. Оның ең бірінші себебі кинотеатрға барушы халықтың саны аз болып отырғандығында болса керек.
Иә, кино өндірісі табыс табу үшін халықтың саны көп болуы керек. Мәселен, Үндістан киноиндустриясының дамуына олардың көп болуы себеп болып отыр. Өйткені жан саны бір миллиардтан асқан мемлекет үшін фильмнің табыс таппауы мүмкін емес. Алыстағы Үн­дістанды айтпағанда ір­геміздегі 30 миллион халқы бар Өзбекстан түсір­­ген фильмдердің өзі та­бысты болып отыр. Ал біз­дің санымыз небәрі 17 мил­лион. Өкінішке қарай, оның 1 мил­лионының ғана кино көріп, демалуына мүм­кін­дігі бар. Егер шет елдегі 5 миллионнан астам отан­­да­сымыздың 3 миллионын елге әкеле алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бәлкім, халқы­­мыздың саны 20 миллион­нан асқанда ғана отандық фильм­дердің бойына қан жү­гіретін шығар?

Ерлан Төлеутай: – Қазіргі саясатпен қазақ фильмдері ешқандай табыс тап­пайды. Өйткені, фильм қа­ражат табуы үшін оны көретін көрермен болуы керек. Мысалы, фильмге кем дегенде 3 миллион АҚШ доллары кетеді екен. Ал енді «Анаға апарар жол» мен «Жау жүрек мың бала» сынды фильмдерге он шақты миллион АҚШ доллары кетті. Ал біздің елде 17 миллион халықтың небәрі 1 миллионы ғана кинотеатрға барып, фильм көреді. Бір миллион халықпен қалайша отандық фильмдерден табыс табуға болады? Сондықтан да үкімет бөлген қаржыны көрермен арқылы жинау мүмкін болмай отыр.

КИНОТЕАТРЛАР ҚАЗАҚ ФИЛЬМІНЕ ЖАУ МА?

Отандық фильмдердің өзін-өзі ақтап немесе табыс табуына кинотеатрлардың тү­­сініксіз саясаты кедергі болып отыр. Айталық, су жаңа туынды шықса, оны өзіңізге ыңғайлы уақытта көру мүмкін емес. Себебі, таңертеңгі сағат 10-11-ге қойылған фильмді көруге ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да жұртшылық жұмыстан кейінгі кешкі уақытта шет елдің киноларын көргенді қош көреді. Бұл аз десеңіз, кинотеатрлар отандық фильм­дерді орыс тілінде көрсетуге тым құштар болып алған.
– Қазіргі кинотеатрлар қазақ киносының өсіп-өркендеуіне жау болып отыр. Өйткені олар отандық фильмдерді көрсетпеу арқылы қазақ тілінің дамуы­на кедергі келтіріп жатыр. Мәселен, еліміздегі бір кинотеатр «Алмас қылыш» фильмін орыс тілінде ғана көресіздер» деп қазақ тілінде бар туындыны көрсетпей қойған. Осындай кері көзқарас еліміздегі көптеген кинотеатрларға тән болып отыр. Осыдан кейін қазақ киносы қалайша өзін- өзі ақтайды? Менің ойымша, әлемдік дең­гейдегі шедевр шығарсаң да, одан қазақ киносы табыс таппайды. Себебі кинотеатрлардың отандық фильмдерге салқын қарап отыр. Осы мәселені алда қабылданатын «Кинематография туралы» заң жобасында қарастырып, шешу керек. Әйтпесе, қазақ киносының өзін ақтап немесе табыс табуы қиял болып қала береді, – дейді Ерлан Төлеутай.
Кинодраматургтың айтуынша, кино бюджетін ақтайтын бір ғана жол бар. Ол үшін бүкіл кинотеатрлардың жүйесін құру керек. Мәселен, облыс орталығынан бастап аудан ор­талығы, тіпті, ауылдарға дейін бір-бір кинотеатр болса, нұр үстіне нұр болар еді.

ҚАЗАҚ КИНОСЫН ШЕТ ЕЛГЕ ШЫҒАРУ КЕРЕК

Жоғарыда фильм табыс табуы үшін үлкен нарық болуы керек екенін тектен тек жазған жоқпыз. Ал үлкен нарық керек болса, іргеміздегі Орта Азияға иек артқан жөн. Себебі, олар қазақтың тарихи киноларына немқұрайлы қарамайды. Егер алпауыт Қытай мен Жапонияға және де Оңтүстік Кореяға фильмдерімізді прокатқа шығара алсақ, екі жеп биге шығар едік. Әрине, ол үшін туын­дымыз әлемдік кино түсіру стандартына сәйкес сапалы болуы қажет. Бұл бір жағынан қаржы табу мүмкіндігі болса, екінші жағынан қазақ рухания­тын дәріптейтін таптырмас мүмкіндік болар еді. Өйткені «Құнанбай», «Аманат», «Анаға апарар жол», «Алмас қылыш» секілді туындылар – нағыз идеологиялық фильм­дер. Бұл туындыларды шет елдік көрермендерге ұялмай көрсетуге болады.
Қазақ фильмдерінің өзін-өзі ақтап, тіпті, табыс табуының түрлі тәсілдері бар. Бұл үшін қаладан бастап ауылға дейінгі көрермен жаңа шыққан туындыны көруге мүмкіндік алуы керек. Сондай-ақ, шет елдік нарыққа отандық туындыларымызды шығарсақ, мұртымызды балта шаппас еді.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button