Басты ақпаратМәдениет

ҚАЗАҚ-КОРЕЙ ДОСТЫҚ БАҒЫ



Есілдің сол жағалауындағы «Арай» саябағы аумағынан Қазақстан мен Корея достық бағы ашылды. Оған Астана әкімі Әсет Исекешев, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Де Сик және ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.

Салтанатты шарада елорда басшысы екі елдің достығы мен әріптестік қарым-қатынасына тоқталды.
– «Бақша – береке бастауы» дейді халқымыз. Бүгінгі ашылғалы отырған достық бағы Елбасының осыдан үш жыл бұрын Кореяға сапары барысында қол жеткізген әріптестік жобасы. Мемлекет басшысы елорданы жасыл қалаға айналдыруды үнемі айтады. Жаңа саябақ соған бағытталған. Қазақстан мен Кореяның барлық салада серіктестігі жоғары. Корея ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді қатысты. Сайып келгенде, Астананың төрінде ашылған бірегей орын екі ел достығының жарқын белгісін көрсетеді. Баршаңызды айтулы шарамен құттықтаймын, – деді Әсет Исекешев.
Одан кейін ҚР Ауыл ша­руа­шылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев достық бағына ізгі ті­ле­гін білдірді. Оң­түстік  Ко­рея­ның  Қазақстандағы  Төтенше  және  Өкілетті  Елшісі  Ким Де Сик мырза екі мемлекеттің әріптестігі  жа­йында  парасатты сөз қозғап, достықтың жаңа символы туралы өзі шы­ғарған өлеңін оқыды.Айта кетейік, екі мем­лекет­тің дос­тығына арналған саябақ – Елбасының 2014 жылы Корея Респуб­ликасына ресми сапармен барған кезінде келісілген ынтымақтастық жобасы. Корея үкіметі сая­бақтың құрылысын өзі көтерді. Оған 1,7 млн доллар қаржы жұмсаған.Достық саябағы корей елінің ұлттық үрдісімен салынған. Оның басты белгісі – «Дос­тық қоңырауы». Саябаққа  ке­лушілер айнадай тоған, гүлзар, корей халқының дәстүрлі сәулетін көре алады. Шара соңында Әсет Исе­кешев, Ким Де Сик пен Ерлан Нысанбаев дос­тық қоңырауын үш мәрте соғып, бақ аумағына кореяның ұлттық гүлі  гибискусты отырғызды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button