Басты ақпарат

Қазақ неге ауа көшті?



ҚР Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес, қазір елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі 11 өңірлік комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, елімізде 100 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ аталған комиссия жұмысының нәтижесінде бұл цифр он мыңдап өсіп кетуі мүмкін. Басты мақсат – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Осы бағытта Ақмола өңірінде жұмыс істеп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтарды ақтап алу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» №506-241 қаулысына сәйкес өңірлік комиссия құрылған болатын. Нұр-Сұлтан қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы мемлекеттік комиссия жұмыс топтарының құрылымына сай нақты тақырыптық бағыттармен жұмыс істеуде.

[smartslider3 slider=2412]

Өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ үшін қасіретке толы кезең болды. Кәмпескеде малынан, орташалар мен кулактарды тәркілеуде жақсы мен жайсаңынан, отырықшыландыру мен күштеп ұжымдастыруда дәстүрлі өмір салтынан айырылып, асыранды балапандай өкіметтің қолына қарап қалған халықты ашаршылықтың алапаты күтіп тұрды. Осындай қиын да қысталаң сәтте қысым көрсеткен билеушіні тәрк етіп, төніп келген зұлматтан өзге аймаққа ауа көшіп кетіп құтылатын дәстүрлі қазақы психология өз дегенін істеді. Кәмпеске мен орташаларды тәркілеудің қарсаңынан бастап Сыр бойының тұрғындары ежелден қойы қоралас, ауылы аралас өзбек еліне көтеріле көше бастады. Жаңа қоғам орнатамын деп аласұрған большевиктік биліктің айдар таққан ауа көшуі осылай басталған еді.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша өңірлерде және Нұр-Сұлтан қаласында құрылған жұмыс топтары ауа көшушілердің тарихын іздетіп, архивтерде жұмыс жүргізіп келеді. Әйтсе де көп деректер өзге елдердің архивтерінде жатқаны белгілі еді. Ол деректер қолға түспей, тұтастай өңірлердегі тұрғындардың қасіреті мен қайғысына айналған «ауа көшушілер» туралы толымды пікір, кесімді сөз айта алмасымыз да белгілі. Ауа көшушілер жа­йында облыстық архивтердің қорларында деректер мүлдем аз кездеседі. Оның себебі – ауа көшушілердің іс-әрекеті ресми билік органдары тарапынан құжатталмағандығы. Арнайы архивтердегі құқық қорғау органдарының құпия хабарламаларының сараң деректері ауа көшушілердің болжамды санын, бағыттарын, көшбасшыларын анықтауға жеткіліксіз. Оның есесіне архивтік құжаттарда 1930-1934 жылдары Қарақалпақстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан қайта көшіп келгендер жөнінде деректер кездеседі. Оның өзі де толық емес.

Осы «архивтік үнсіздікті» жою мақсатында Өзбекстан архивтері қолжетімсіз болғандықтан, жұмыс тобы Тәжікстан Республикасына қазан айының 6-16 аралығында арнайы іссапармен барған едік. Жұмыс тобының мүшелері ТОМА директоры А.Исатаева, архивтің жоғары санатты маманы Халима Хайрулқызы, докторант Алғабек Қабыл болып, Тәжікстанның қазіргі заман тарихы архиві, Тәжікстан Республикасы орталық мемлекеттік архиві, Тәжікстан Республикасы кинофотофоноқұжаттар архивінде іздестіру жұмысын жүргіздік.

Ондағы архивтерде де біздегідей жағдай. Архивтік іздестіру барысында ақтаңдақ тақырып­қа сәуле түсіретін архивтік құжаттардың толық сақталмағандығына көз жеткіздік. Елде өткен ғасыр­дың 90-жылдарының соңында орын алған азамат соғысының зардабы архив ісінен де көрініс беріп отырды.

Тәжікстанға қоныстанған қазақтар бойынша деректер тым мардымсыз. Тәжікстанның шығыс аудандарының тұрғындары басмашылық қозғалысы кезінде Ауғанстан мен Иранға жаппай қоныс аударған екен. Тәжікстанның билігі осы босап қалған жерлерді ауыл шаруа­шылығына қатысты игеру үшін көршілес Өзбекстаннан, Тәжікстанның таулы аудандарынан артық жұмыс күшін тартуды мемлекеттік саясатқа айналдырған. Осы саясатқа байланысты 1928 жылы құрылған республикалық қоныстандыру комитеті жоспарлы түрде жаңа жерлерге көшуге үгіттеу (вербовка) жұмыстарын жүргізген, үкімет тарапынан осы жұмыстарға қомақты қаржы бөлінген.

Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд, Бұхара жерлерінде өз малымен көшіп-қонып, кіресін тартып ауа көшіп жүрген қазақтар іздегенге сұраған дегендей еді. Қазақтардың Тәжікстанға барып қоныстануының бір себебі осы. Әйтсе де архивтерде жаңа жерлерге көшіп барғандардың ұлты көрсетілмеген, оларды «Өзбекстаннан» деп жалпылай топтастырған. Тәжікстан жеріне қоныстанушылар құжатталғанмен, ұлты туралы мәліметтің айтылмауы (бәлкім, ол да мемлекеттік саясат болар) олардың арасындағы ауа көшкен қазақтардың нақты санын анықтауға мүмкіндік бермейді. Өз мал-мүлкімен Өзбекстан жеріне көшіп барған қазақтарды жаңа жерлерге көшіруді Тәжікстан үкіметі жоспарлы жүргізген. Мысалы, Наманган аудандық жер бөлімінің бастығы Дадабаевқа ТАКСР Халкомкеңесінің төрағасы Ходжибаевтың 8 наурыз 1931 жылы «Қазақтарды өз түйелерімен қоныстандыруға келісемін. Жолақысы қайтарымсыз біздің есебімізден, оның үстіне әр шаруашылыққа 50 рубльден кредит беріңіздер» деп жеделхат жолдаған екен. Осындай деректер ауа көшіп барғандардың малы мен жан саны туралы ілкімді хабар береді. Жергілікті билік жоғары органдарға жолдаған мәліметтерінде 807 адамнан құралған 178 қазақ отбасында 229 жылқы, 33 сиыр, 112 түйе, 191 есек болғандығы жөнінде дерек береді. Ол қазақтармен бірге көшіп барған 1215 адамдық 281 отбасын құраған ишан-қожаларды қазақтан бөлек тайпа етіп жазған. Өзбектер өз құрамындағы ишан-қожаларды бөліп көрсетпейтіндігін ескерер болсақ, бұл аталғандарды да ауа көшкен қазақтар деп қабылдаймыз. Қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған, Қазалы аудандарынан көшкен қожа тайпасы өкілдерінің Тәжікстан, одан әрі Ауғанстанға өткендері көп болған. 1993-94 жж. Иран, Түркиядан келген қандастардың арасында осы аталған қожалардың ұрпағы аз емес. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Түркістан қаласына шоғырланған.

Жалпы туған жерін тастап ауа көшушілер мен ашаршылық босқындарын шатастырмау керек. 1929-1930 жж. ауа көшкендер – кеңестік биліктің қыспағынан бас сауғалап, мал-мүлкімен көтеріле көшкендер. Ал 1931-1933 жж. ашаршылық салдарынан күнкөріс қамы үшін туған жерінен кеткендер ашаршылық босқындары деп аталады. Аталған екі категория да саяси қуғын-сүргіннің құрбаны

Ауа көшушілердің болжамды санын анықтаудың бір мысалы ретінде мына дерекке назар аударайық: Сырдария округі Жаңақорған ауданы бойынша 1929-1931 жж. туған жерін тас­тап, жат жерге қоныс аударған мәжбүрлі босқындардың болжамды саны 20 мың (1933-1935 жж. аупартком хатшысы Емберген Алтынбековтің ресми дерегі) шамасында екен. Олардың көш жолы Жызақ – Самарқанд – Қаршы – Қорғантөбе – Куляб – Ауғанстан болған. Осы санды жаппай ауа көшуге ұрынған аудандардың санына көбейтер болсақ, онда болжамды сан шығады. Осылайша әкімшілік тәртіппен сотталған және амалсыз босқындар санын болжам­дауға ғана болады. Сыр бойындағы аудандардың тұрғындары өзбек елімен дәстүрлі байланыстарын пайдаланып, кәмпеске науқанына дейін кірекештікті кәсіп еткен болса, кәмпескеден кейінгі қуғын-сүргінде осы байланыстарды пайдаланып, мал-мүлкімен ауа көшіп кеткен. Туған жерін мәжбүрлікпен тастап, ауа көшушілердің нақты тізімі де жоқ, олардың көшбасшыларының кім болғандығы да назардан тыс қалған.

Өзбекстан, Тәжікстанға соңынан қуып барып, ауа көшушілердің көшбасшыларын тұтқындап, елге әкеліп соттаған деректер ішінара кездеседі. Мысалы, бүкіл әулетін көшіріп әкеткен би Тұңғышбай Күнікеев­ті бауыры Бүріспен бірге Тәжікстанның Яван қыстағында тұтқындап, Шымкент қаласына әкеліп соттаған, Орал округіне жер аударған. Соңынан қуып барған қуғыншыларды (олардың арасында қып-қызыл белсендіге айналған өз туысы да бар) «аяқ-қолын байлап, Қызылсуға ағызып жіберейік» деп қолына қару алған інілеріне басу айт­қан Тұңғышбай би «баланың баласына кететін күнәні арқаламаңдар. Бұлардың діттегені мен ғой. Сендер қалыңдар, мені алып кете берсін» деген екен. Сү­йегі Оралда қалды. Қайда екені белгісіз. Жеті ұлынан жеті уыс топырақ бұйырмаған.

Ауа көшушілердің көшбасшылары болған Алаш қайраткері Серіқұл Алдабергенов (жаңақорғандық) пен патша заманында болыс болған Жанәділ Исаев (созақтық) тұтқынға алынып, сотталған. Кейін ақталды. Сондай көшбасшылардың көпшілігінің тұтқындалып, жер аударылуы құжатталмаған. Содан да олар бұрынғы ақтау тізіміне ілікпеген. Олар кімдер, саны қанша? Осы сұрақтың жауабын көп болып іздеуіміз керек. Оны айтып отырғаным, жаппай ауа көшушілердің болжамды санын анықтауға болар, бірақ олардың нақты тізімін жасау мүмкін емес. Ал ауа көшуді ұйымдастырған көшбасшылардың тізімін нақтылау түйінді мәселеге біршама айқындық берер еді.

Ауа көшушілердің аштықтан, суықтан, жолдың азабынан зардап шеккендер, өлім-жітім ахуалы да құжатталмаған. Билік бұл мәселеге тіпті көңіл бөлмеген ғой. Ауа көшушілер ұрпақтарының естеліктерінде Тәжікстан арқылы Ауғанстанға ауа көшкендердің барған бетте ыстық желге («Бадының желі» деп айтады) ұрынып, жаппай қырылғандығы жөнінде ғана дерек кездесті.

Босқындар мен ОГПУ-НКВД-ның, милицияның және әскери бөлімдердің мемлекеттік шекарадан өту кезінде қақтығыстар орын алған. Әйтсе де құпиялығы алынбаған архив қорларындағы ауа көшкен қазақтардың шекара бұзып, Ауғанстанға өткендері жөнінде деректерге қол жеткізе алмадық.

Архивтерден жинақталған мардымсыз деректерге қосымша ауа көшушілердің ұрпақтарының естеліктері негізге алынбаса, олардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Мысал ретінде айтар болсақ, 1932 ж. Ауғанстанмен шекаралас Қорғантөбе облысы Пархар ауданындағы 40 колхоздың 12-сі қазақ колхозы болған. Осы ауданның Ленин колхозында 1960 жылы мен тудым. Содан да маған тәжік елі өте етене. Микоянабад, Молотовабад аудандарында да қазақ жиі қоныстанған. Жоғарыда атап айтқанымыздай, Наманган ауданының өзіне екі мыңның үстінде қазақ қоныстанған. Біздің болжам бойынша Тәжікстанға қоныстанған ауа көшушілердің алдын ала болжамды саны 50-60 мың шамасында. Алдағы зерттеулерде бұл сан нақтыланады.

Жалпы туған жерін тастап ауа көшушілер мен ашаршылық босқындарын шатастырмау керек. 1929-1930 жж. ауа көшкендер – кеңестік биліктің қыспағынан бас сауғалап, мал-мүлкімен көтеріле көшкендер. Ал 1931-1933 жж. ашаршылық салдарынан күнкөріс қамы үшін туған жерінен кеткендер ашаршылық босқындары деп аталады. Аталған екі категория да саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Ауа көшушілер мен босқындар ұрпақтарының осы кезге дейін елге жете алмай отырғандары бар. Солардың қатарында елге орала алмай отырған Ауғанстандағы қандастарымыздың қазіргі жағдайы ұлтым деген азаматтарды алаңдатады. Міне, 90 жыл – бұрынғы қасіреттің жаңғырығы. Әлі күнге жан сыз­датады.

Қазірге дейін тарих ғылымында 1929-1933 жж. ауа көшу үдерісі стихиялы болған еді деген тұжырым орнығып келген. Шындығында, ол жоғарыдан басқарылғандығын айғақтайтын деректер табылып отыр. Алматы қалалық Полиция департаменті арнайы мемлекеттік архивінде 1933-1934 жж. жүргізілген «Кеңес өкіметіне қарсы бірыңғай ұлтшылдық орталық басқарған контрреволюциялық ұйым» деп аталатын істе Қазақстанның оңтүстігіндегі ауа көшуді Қазақ орталық атқару комитетінің хатшысы Бегайдар Аралбаевтың ұйымдастырғанын дәлелдеген құжаттар табылып отыр. Сол «қылмысы» үшін 10 жыл мерзімге жер аударылған Б.Аралбаевтың 125 жылдығы ескерусіз қалды. Ауа көшу науқаны тұсында Ташкент қаласында ұзын арқан, кең тұсау қызметте жүрген Сұлтанбек Қожановтың да осы процеске ықпал жасағандығы жөнінде деректер кездесті.

Сөз соңында айтарымыз, Түркістан облысындағы мәжбүрлі босқындар тарихын қалпына келтіру мақсатында ұйымдас­тыру-іздестіру жұмыстары тек ғалымдардың ғана емес, қалың жұртшылықтың да еншісі. Ел ішіндегі ауа көшушілер ұрпақ­тарының естеліктері жинақталуы керек.

Хәзіретәлі ТҰРСЫН, ­тарих ғылымдарының докторы, профессор




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button