Әлеумет

Қазақ тілін креативті оқытуда



Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап өз құндылықтарын дамытты. Сол ұлттық құндылықтарымыздың ішіндегі ең негізгісі – қазақ тілі. Ұлттық тіліміз мемлекеттік тіл болып жарияланғаннан бастап, еліміздің барлық азаматы қазақ тілін білуге міндетті деп танылды.

Сонымен қатар іс-қағаздар да мемлекеттік тілде жүргізіле бастады. Барлық мемлекеттік мекемелер мен білім беру ұйымдарында қазақ тілі кеңінен оқытыла бастады. Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда қазақ тілін дамытуға зор үлес қосып, төрінен орын беріп, тілге деген құрмет көрсетіп отыр­ған жоғары оқу орынның бірі – Maqsut Narikbayev University (KazGUU).

Maqsut Narikbayev University (KazGUU) жоғары гуманитарлық мектебі 2017 жылы қазақ тілінің маманы Күләш Шаймерденованың қолдауымен «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдістемесі» орталығын ашты. Орталық «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдістемесі» республикалық байқауын ұйымдастырып, жыл са­йынғы дәстүрлі іс-шараға айналдырды. Аталған іс-шараның мақсаты қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін анықтап, әдістемелік алаң қалыптастыру болған. Байқауға еліміздің барлық аймағынан қазақ тілі мұғалімдері мен оқытушылары қатысты. Қатысушылар белгілі бір талап пен бағалау өлшемшарттарына сәйкес анықталып отырды. Екі кезеңнен сүрінбей өткен жеңімпаздар жүлделі сыйлықтармен, сертификаттармен, алғысхаттармен марапатталып отырды.

Сонымен қатар осы іс-шараға демеушілік көрсетіп жүрген мекемелер де бар. Солардың бірі – «Водометр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мекеме директоры Әйгерім Ахметованың қолдауымен 2019 жылдың 17 қазанында «Қазақ тілін креативті оқыту орталығы» аудиториясы ресми түрде ашылды.

Аталған іс-шара жалғасын тауып, 27-28.03.2023 ж. Maqsut Narikbayev University (KazGUU) мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдістемесі» республикалық байқауын өткізді. Байқауға «Водометр» ЖШС компаниясының директоры Әйгерім Ахметова мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев демеушілік етіп, еліміздің Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Семей, Екібастұз, Көкшетау, Ақтөбе, ШҚО, Алтай қалалары мен өңірлерінен мектеп мұғалімдері және ЖОО оқытушылары қатысты. Бірінші кезең бойынша 200-дей өтінім жіберіліп, екінші кезеңге оннан астам педагог іріктелді. Бірінші кезең бойынша әр педагог маман білуі керек: ҚМЖ мен сабаққа қатысты рефлексия жіберу болса, екінші кезеңде іріктелгендер шағын сабақ үлгісі (20 минут) мен берілген кейс-жағдаятқа қатысты эссе жазды. Сабақтарға бейнетүсірілім жасалып, жұмыстар әділқазылар алқасына нөмірленіп берілді. Бұл қазіргі қоғамда адалдық пен әділдікті ұстанушы Maqsut Narikbayev University (KazGUU) оқу ордасының академиялық адалдық лигасының ұйыт­қысы бола отырып, әр өткізілген шарада ұстанатын ережесі екенін атап өткен дұрыс. Қатысушылар жүлделі сыйлықтармен, арнайы дипломдармен, сертификаттармен марапатталды. Бұл шара алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырмақ.

Осылайша, қазақ тілінің қолдану аясы мен дамуына үлес қосатын орталықтар көбірек ашылып, рес­публикалық, тіпті халық­аралық деңгейде өткізілетін іс-шаралар өз мәресіне жетіп жатса, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі арта түсетініне сенім мол.

Мира ҚАЙЫПБАЕВА,

аға оқытушы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button