Елорда тынысы

Қазақ жазуының қисыны



ХХ ғасырдың өзінде үш жазу реформасын бастан кешірген, бүгінгі тіл, ұлт болашағына қатысты шешуші қадам жасар алдында тұрған қазақ ұлты үшін төл тарихы өзіне сабақ. ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының жазу, әліпби, емлеге байланысты қағидаты бұл бағыттағы біздің басты ұстанымымыз болатыны сөзсіз.

Ахаң бастаған ұлт зиялылары өткен ғасыр басында ұлттық жазу мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, ұлттық мүдде тұрғысынан шешім қабылдау­ға қол жеткізсе, бүгінгі қазақ қоғамы да Ахаңның «Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» деген қағидасын басшылыққа алып, ұлттық тіл, ұлттық әліпби мәселесін ұлттық идеология­ға айналдырғанда ғана тіл болашағына қатысты тәуекел шаралар мен шешімдерге баратыны анық. Бұл жағдайда өзге тілдер тәжірибесімен, ең бастысы, ұлт ұстазының үлгісімен «қазақ сөзінің үндесім әуезін бұзбайтын жазылымға тұрақтасақ» (Ә.Жүнісбек), ол, сөз жоқ, қазіргі кезеңде қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы тарихи шешім қабылдап, емле ережелерімізді бекітер тұстағы тіл болашағы үшін жасалған нақты қадам болар еді. Тәуелсіз болу үшін де тәуекел қадамдар қажет.

Шынында да, тәуелсіз елміз деп қанша айтсақ та, сол тәуелсіздіктің басты белгісінің бірі ұлт тілін, қазақ жазуын өзге тілдің тіл бұзар ықпалынан босатуда жайбарақаттық танытып келгеніміз, әлі де тәуекел қадам жасай алмай отырғанымыз рас. Қазіргі қазақ тілінде «жат әріптер» ғана емес, тұтас жат тілдік айтылым, жазылым ережелер енгені және сол «тіл бұзар ережелердің» (Ә.Жүнісбек) тіл тазалығы мен тіл табиғатына орасан нұқсан келтіріп отырғанын мойындайтын, ұлттық әліпби туралы тиянақты әңгіме айтатын, нақты шешім қабылдайтын уақыт келді.

Жалпы қазақ жазуын реформалауда қандай ұстаным басым болуы керек? Ең алдымен, қандай жазу түрін алсақ та тілді өміршең ететін, тілді сақтайтын ұлттық әліпби мен емле ережелерін қалыптастыру басты міндет екені анық. Барлық тілдерде солай, өйткені ұлт үшін басты рухани құндылық – ұлт тілі. Ал қазіргі кирилл жазуына негізделген қазақ әліпбиі қазақ тілін жат тілдік ықпалдан қорғауға қауқарсыз екені, ұлттық әліпби ұғымына сай емес екені анық қой.

1940 жылдан бері тіліміздің жазу, айту жүйесінде қос тілдің нормалары қатар қолданылып келді, әлі де қолданылып отыр. Орыс тілінің әріптерін (жіңішкелік, айыру белгісімен қоса) түгел алған әліпби қалай ұлттық болады? «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы, негізінен, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деп қазақ емлесіне шегелеп жазып қойсақ, ол емле қазақ тіліне қорған бола ма? Әрине, қорған бола алмайды.

Сайып келгенде, бұл арада әңгіме ХХI ғасыр басындағы қазақ тіліне жазу реформасының қажеттілігінде, мәселенің пісіп-жетілгенінде. Бәсекеге қабілетті тіл болу үшін де қазақ жазуы жүйесіне (әліпби, емле) өзгерістер керек. Ең алдымен, тілдің табиғи заңына сүйенген ұлттық әліпби керек. Ал ұлттық әліпби ұғымына тоқталсақ, ол – жазудың сол тілдің төл заңдылығынан туындаған үлгісі. «Тіл болса, оның законы боларға керек» деп кезінде А.Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек. Мәселе жазудың түрі мен төркінінде емес, жазуда қолданылатын қағидат-ережеде. Бұған нақты мысалға А.Байтұрсынұлының төте жазуын алуға болады. Жазу мен емле тіл табиғатына сай келу керек екенін ескерген Ахаң теңдесі жоқ әліпби үлгісін жасады.

Тілтаным ғылымында бүгінде «Байтұрсынұлы қисыны» («Эффект Байтурсынова») дәйектемесі аян. «Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған».

Тілдің табиғи заңдылығы үндесімге негізделген, төл дыбыстарды ғана таңбалайтын әріптерден құралған ұлттық әліпби туған тілді өзге тілдер ықпалынан қорғайтын қуатты қорған болатынын ескерген жөн. Емле ережелері де сөздік қордағы барлық сөздерге бірдей қатысты және тіл заңынан туындаған болса, қазіргідей қиыншылықтар мен түсініспеу­шіліктер, бетімен кетушілік болмас еді. Өкінішке қарай, әліпби туралы әңгімеде осы басты шарт көбіне назардан тыс қалып келді. Сондықтан да әліпби реформасын ұлттық тіл мүддесіне сай жүргіземіз десек, біз ұлттық жазуға қатысты ең негізгі деген осы мәселелерді бүгін шешіп алуымыз керек.

Қазақ тілінің дыбыстық құрамы тілдің төл болмысы мен табиғатын танытатын 9 дауыстыдан және 19 дауыссыздан тұратынына ешкім таласпайтын болуы керек. Тиісінше ұлттық әліпби құрамы да барлық өзге тілдердегі сияқты төл дыбыстарды таңбалайтын әріптерден ғана құралуы керек. Ал дыбыстардың таңбалануы, яғни әріппен берілуі туралы әңгіме басқа. Әр дыбысты жеке әріппен таңбалауға болады немесе Ахаңның жолымен қос дыбыстарды (жуан, жіңішке жұп дауыстыларды) бір әріппен таңбалауға да болады, сол сияқты әлемдік тәжірибе үлгісімен бір дыбысты бірнеше әріппен де беруге болады. Бұл – ақылдасып шешілетін мәселе. Ең бастысы, дыбыстық құрамға қатысты түрлі пікірдің болмауы, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін Word жүйесінде пайдалану мүмкіндігінің болуы.

Сонымен бірге жат (кірме) дыбыс, жат, кірме сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты да түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. Өйткені «тілдің заңына келмейтін жат сөздер көбейіп кетсе, тіл бұзылады, тілдің негізгі қасиеттері, тұрлаулы заңдары бұзылады». Тіліміздегі осы «тіл бұзар ережелерден» тек жазу әрпін ауыстыру арқылы ғана емес, тұтас жазу нормалары мен қағидаттарына деген қалыптас­қан көзқарастан арылу арқылы ғана құтыла алатынымыз анық. Тіл табиғи болмысын сақтау үшін өзге тілдің ықпалына түспей, өз заңымен өмір сүруі керек.

Ұлт ұстазының осы мәселеге қатысты қадап айтқан пікірі – «Жат сөздер қазақ тілінің дыбыс­тық заңдылықтарына бағынуы тиіс. Өзге тілден енген сөздерді өзіміздің сөзімізге айналдыру үшін бұл қажет нәрсе».

«Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зор зиян келтіреді».

Ұлттық әліпби жоқ жерде толық мағынасындағы ұлттық тіл де жоқ. Қоғам болып қолдай алсақ, Ахаң қағидаттары негізіндегі ұлттық әліпби тәуелсіз қазақ ұлтының ұлттық санасын да жаңа деңгейге көтеретіні, дүр сілкіндіретіні сөзсіз. Қазіргі қазақ қоғамына, әсіресе өзін қор, өзгені зор санайтын бодандық санадан ада жас ұрпағымызға «менің тілім ешбір тілден кем емес, әлемнің барлық тілдерінен қазақ тіліне қызмет етуге келген сөздерді мен өз тілімнің дыбыстарымен айта аламын және жаза аламын» деген сенім қажет. Біз осы тәуекел қадамды жасасақ, жат тілдің ықпалынан тынысы тарыла бастаған қазақ тіліне өз заңымен өмір сүруге мүмкіндік берер едік.

Мемлекет басшысы «Бұл мәселеде асығыстыққа жол берілмейді. Жаңа әліпбиді енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеру, жан-жақты талдау және пысықтау қажет» дегенді босқа айтып отырған жоқ. Ұлт тағдырына, тіл болашағына қатысты жалпыұлттық маңызы бар ұлттық жазу, оның емлесі туралы мәселеде бізге енді қателесуге болмайды. Ұлт ұстазы алдындағы басты парызымыз – ұлттық жазу жүйемізді Ахаңның қағидаттары негізінде қайта құру. Бүгін тарих ұлт пен ұлт тіліне даму, өркендеуге жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанда тіліміздің ата заңына өріс беру арқылы ғана біз тілімізді табиғи таза қалпында сақтап қала алатынымыз анық.

Басты рухани қазынамыз – ұлттық тілімізге толық ие боламыз десек, бұл бағытта бізге жартылай қадам, шала шешім емес, тіл тынысын ашатын тәуекелшіл қадам, нақты шешім қажет.

Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ ұйымдастыру және кадр бөлімі басшысы, тілші-маман

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button