Басты ақпарат

ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ



G35A7254

Қазақстан чемпионы атанып, абыройы асқақтаған «Астана»  клубын құттықтауға арналған салтанатты рәсіммен биылғы футбол маусымы мәреге жетті.

Білікті бапкер Станимир Стойловтың баулыған шәкірттері ала доп аламанында шашаларына шаң жұқтырмады. Ел біріншілігінде екі мәрте ең жоғарғы орыннан көрінген астаналықтар УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңінде де айтарлықтай жетістікке қолжеткізіп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей сүйікті командасына жеңіс тілеген жанкүйерлерге қуанышты сәттер сыйлай білді. Сондықтан да жасыл алаңда жасындай жарқылдаған жігіттерімізге қандай құрмет көрсетсек те лайық.
Жеңімпаздарды марапаттау мерекесіне Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов, сондай-ақ, сан бәйгеде топжарған спорт саңлақтары, қоғам қайраткерлері және басқа да қадірлі қонақтар қатысты.
Елорда басшысы Әділбек Жақсыбеков «Астана» футболшыларын толайым табыстарымен құттықтай отырып, миллиондар көзайымына айналған осынау спорт түрінің Қазақстандағы даму қарқынына оң бағасын берді.
– Бұның бәрі – Елбасының жалпы спортқа, оның ішінде футболға деген
үлкен қамқорлығының арқасы, еліміз бойынша стадион, футбол алаңы секілді халыққа қажет нысандардың көптеп салынуының нәтижесі. Осындай орасан істер, әсіресе, бас шаһарда анық байқалады. Астана бүгінде республикамыздың спорт орталығы саналады. Бүкіл ел біздің ғажайып спорттық ғимараттарымызға таңдай қағып, қызыға қарайды, – деді ол.
Салтанатты шара барысында маусымның ең үздік ойыншылары анықталды. Атап айтқанда, Дмитрий Шомко үздік қорғаушы, Роджер Каньяс үздік жартылай қорғаушы, Таңат Нөсербаев үздік шабуылшы атанды. «Алтын гол» номинациясында «Ақтөбе» командасына қарсы матчта жеңіс добын соғып, «Астананы» чемпиондық тұғырға көтерген Джуниор Кабананганың мерейі үстем болды. «Ең сенімді ойыншы» аталымында қақпашы Ненад Эрич алдына жан салмады.
Жанкүйерлердің ең көп дауысын жинаған Фокси Кетевоама «Маусымның үздік ойыншысы» ретінде мойындалып, клуб демеушілері сыйлаған жаңа автомобильді мінді. Алайда, мәрт мінезді шабуылшы футболдың командалық ойын екенін алға тартып, өзіне берілген бағалы тартудан бас тартты.
Қазақстан чемпионы атанғанымен «Астана» футболшылары үшін жарыс әлі аяқталған жоқ. Олар ертең УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында өз алаңында Португалияның «Бенфика» командасымен сынға түседі. Ал, 9 желтоқсанда Стамбулда түріктің «Галатасарайымен» ойнайды.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button